Діни сауаттылықты арттыру – заман талабы

Ақмола облысы әкімдігінің жанындағы терроризмге қарсы күрес комиссиясының кезекті отырысы өтті. Жиын барысында облыстағы терроризмге қарсы күрес комиссиясының әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу бойынша жүргізіп жатқан жұмыстары мен аудандардағы діни жағдай барысы және осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды. Ақмола облысы әкімдігінің жанындағы терроризмге қарсы күрес комиссиясының мүшелері, қалалар мен аудандар әкімдіктерінің жанындағы терроризмге қарсы күрес комиссияларының төрағалары, мемлекеттік мекемелер мен үкіметтік емес ұжымдардың басшылары, облыс әкімі аппаратының жауапты қызметкерлері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша Ақмола облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Нүркенов баяндама жасады. Оның айтуынша, облыс аумағында 121 мешіт жұмыс істейді, оларда бүгінгі күні 77 имам еңбек етуде. Әйт-се де облыс әлі де болса діни білімі бар мамандарға зәру. Өңірдегі 17 мешітте арнайы білімі бар имамдар жоқ. Әсіресе, түкпірдегі елді мекендерде діни насихат қай бағытта жүргізіліп жатқаны белгісіз. Осы себептен ауылдық жерлердің 6 имамы бірнеше мешіттерде өз қызметтерін жүзеге асыруға мәжбүр. Бүгінгі күні облыс орыс тілді имамдар мен әйел жамағатпен жұмыс істейтін нәзік жанды діни қызметкерлерге зәру. Бұл мәселелер Нұр-Мүбәрак Египет ислам мәдениеті университетінің студенттерімен келісілген үш жақты меморандумдар аясында шешілуде. Бүгінгі күні аталмыш оқу орнының 14 түлегі біздің өңірде еңбек етіп жүр. Оларға мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдау көрсету мәселесі басты назарда. Нұр-Мүбәрак Египет ислам мәдениеті университетінің үш студенті Ақмола облысы әкімінің атаулы стипендия иегерлері екендігін атап өткен жөн. Облыс әкімінің атынан өңірге қажет теолог-мамандарды оқытуға арнайы стипендия тағайындалуда. Бүгінгі таңда 3 азамат Астанадағы «Нұр-Мүбәрак» университетінде білім алуда. Діни экстремизмнің алдын алуда дөңгелек үстелдер өткізіліп, бейнероликтер көрсетіліп келеді. Білім мекемелерінің ресми сайтында ақпараттық таным парақшалары орналастырылған. «Жастардың біразы әлі де адасып жүр. Жанымызда жүріп, өзімізге жат болып жүр. Елде алаңдаушылық туындады, біраз шаралар қолға алынды, жиындар өтті, өтіп те жатыр. Бірақ, батпандап кірген аурудан құлан-таза айығып кеттік деп айта алмаймыз. Әлі де айтуымызда, түсіндіруімізде кемшін тұстар бар. Басқасын былай қойғанда имамдарымыз айтатын уағыздардың жүйесін, құрылымын нығайта түсу керек, – дей келе, облыс әкімінің орынбасары жұмыссыздықты жою, ақпараттық-түсіндіру топтары мүшелерінің білімін көтеру, оларды қажетті діни әдебиеттермен қамтамасыз ету, аудандарда діни жат ағымдардан жапа шеккендерге көмек көрсету үшін қоғамдық ұйымдар ашу және оның жұмысына дін мамандарын тарту керектігін атап көрсетті.
Өңірде діни көзқарастағы 18 бала мектепке барудан бас тартқан. Білім ордасына хиджаппен келудің 26, екпе егуден бас тартудың 510 фактісі анықталған. Сарапшылардың зерттеуі бойынша жат ағымның жетегінде кеткендердің дені жұмыссыз, оның ішінде басым бөлігі жастар. Жұмыссыздық халықтың кейбір топтарын кедейленуге ғана емес, сонымен қатар рухани құлдырауға алып келуде. Жастардың дәстүрлі емес діни ағым идеяларына еріп кетуінің басты себебі – діни сауатсыздық пен түсіндіру жұмыстарының жетіспеушілігі. Қазіргі уақытта облыс әкімінің қолдауымен өңірде арнайы білімі бар 14 теолог-маман еңбек етуде. Бұл мамандар діни радикализмнің алдын алу бағытында оқу орындарында, мешіттерде, мәдениет үйлерінде, түзеу мекемелерінде және басқа да жерлерде түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Сондай-ақ, басқосу барысында аудандардағы діни жағдай туралы жиналғандарға Степногорск қаласы және Целиноград ауданының әкімдері баяндап берді. Комиссия отырысының қорытындысы бойынша облыс әкімі тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған шаралар мен насихат жұмыстарын тұрақты жүргізіп отыруды әрі қарай жалғастыру қажеттігін тапсырды.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс