Дін – нәзік тақырып

Ақмола облысының дін істері басқармасы жанындағы конфессияаралық қатынастарды дамыту және талдау орталығы аймақтағы БАҚ өкілдерімен дін тақырыбын баспасөзде жариялау мәселелеріне қатысты семинар өткізді. Семинарды Ақмола облысының дін істері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Болат Қасенов жүргізіп отырды. Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі дін істері комитеті ақпараттық жұмыс және БАҚ мониторинг бөлімінің жетекшісі Диана Есенова дін саласындағы материалдарды ақпараттандырудағы БАҚ рөлі тақырыбына баяндама жасады.

Дін – нәзік тақырып. Сондықтан, кей ретте арнайы мамандардың тақырыптық жазбаларының оқырманға түсінікті тілмен жеткізілуі журналист шеберлігіне байланысты. Аймақтарда дін тақырыбында қалам тербейтін журналистерді арнайы даярлау керектігін айта келе: «Бізде БАҚ пен діни зерттеу орталықтары арасында тығыз қарым-қатынас жоқ. Сол себепті әр тілші мақалаға өз эмоциясын қосып, пікір алуандығын тудырады. Ал, дінде мұндай алуандыққа жол бермеу керек. Еліміздегі БАҚ өз ішінен дін мәселесін жазатын арнайы тілшіні бекітіп, діни басқосуларға әрдайым соны жіберіп тұруы керек. Егер осы тәжірибені тұрақты енгізсек, тілшінің дін саласына мамандануына жол ашылады. Сол кезде осы сала бойынша журналистік пул жасақтауға да мүмкіндік туар еді», – деді дінтанушы Диана Есенова.
Жиында сөз болған тағы бір өзекті мәселе, кейінгі кездері тек шетелде емес, өз ішімізде де терроризм мен исламшыл сөзін қатар қолданатын тілшілер кездеседі. Тіпті, уақыт өткен сайын бұл үрдіс кең өріс алуда. Осы мәселені тілге тиек еткен Диана Есенова исламшыл мен терроризмнің үш қайнаса сорпасы қосылмайтынын, сенім сынды нәзік салаға асқан қырағылықпен қараған абзал екенін журналист қауымның қаперіне салды. Ол өз сөзінде кейбір сайттарда, әлеуметтік желілерде қисынсыз, дәлел-дәйексіз мәліметтер, қоғамда үрей тудыратын жалған хабарлар қылаң беріп қалатынын атап өтті. Оның айтуынша, еліміздегі дін саласындағы келеңсіз көріністер негізінен діни сауатсыздықтан туындауда. Шараға қатысушылар осы тақырыпты мейлінше ашуға тырысты. Дін – нәзік те терең тақырып. Оны терең түсініп жазу журналистерге үлкен жауапкершілік жүктейді. Ең алдымен, тақырып туралы жазып отырған журналист осы мәселе жайлы егжей-тегжейлі түсініп алғаны жөн. «Рас, дін секілді нәзік мәселеге қатысты қалам тербеу үшін журналистер қауымы көп оқып, ізденіп, үйренуі керек. Ол өзінің айтатын тақырыбын жетік білгені жөн. Ең бастысы, кейбір журналистер таза дін саласына бейімделуі керек. Сонда ғана оның қаламынан діннің нәзік мәселелерін, ішкі иірімдерін дөп басатын дүниелер шығарына сенім мол,–дейді Ақмола облысының дін істері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Болат Қасенов.
Сарапшылардың пікірінше, соңғы жылдары Таяу Шығыста белең алған лаңкестік әрекеттермен танылған ағымдардың жастарды арбау әрекеттері осы ғаламтор ресурстары арқылы, соның ішінде әлеуметтік желілерде жүзеге асырылуда. Олар ғаламтор кеңістігін тиімді пайдалана отырып, жалған ұрандарымен дінді бұрмалап, жастарға ықпал етудің түрлі жолдарын жасайды. Радикалды ағымдар жастарды арбауда көбінесе «Facebook», «Вконтакте», «Одноклассники», т.б. осы тектес желілерді қолданады. Экстремистер әлеуметтік желілерде күндіз-түні жастарды аңдып, олардың өмірлік көзқарастары мен дүниетанымдарын зерттей келе, өз айла-тәсілдерімен саналарын сан түрлі жолмен арбауға тырысып бағады. Дегенмен, әлеуметтік желілердегі жат ағымдардың айласымен таныс болған соң, әрбір ата-ананың ойына келетіні – мұндай келеңсіздіктерге тосқауыл қоюға қамдану. Кез-келген күдік туғызған сұрақтарды «Фатуа.кz», «Е-ислам, «Муфтият.кz» ресми сайттарына жолдап немесе 114 қауырт желісіне қоңырау шалып, анық жауабына көз жеткізген дұрыс. Діни экстремизммен күрес шаралары күшейген сайын сотталушылардың қатарында жасөспірімдердің пайда бола бастағаны байқалады. Өскеменде 14 жасар қыз бала теріс бағытты насихаттағаны үшін 6 жылға сотталыпты. Сотталғандар интернеттегі түрлі сайттардан «қарулы жиһадқа» және мұсылмандарды Сириядағы соғысқа шақыратын видеоларды көшіріп, қараған. Осы видеоларды олар мобильді телефондарына орнатып алып, құрбы-құрдастарына көрсетіп, қосылуға шақырған. Балалар ғой, бірін-бірі желіктіріп, арғы жағы не болатынын білмейді, неге соқтыратынын ойламайды. Жастарға түсіндіруден жалықпау керек. Олардың экстремалдық дүниелерге, тыйым салынған заттарға қызығатыны белгілі. Біз қазір жастармен жұмыс істеуді доғардық. Ата-аналар да қазір ақша табу қамымен жұмысбасты болып кетті, бала тәрбиесі екінші орында тұр.
Құқықтық медиа орталығының директоры, журналист Диана Окремова дін тақырыбын жариялауда кездесетін кемшіліктерді нақты мысалдар арқылы көрсетіп, оларды болдырмаудың жолдарын да түсіндірді. Дін тақырыбында түрлі мәселелерді көтеру кезінде діни терминдерді орынды қолдану тәжірибесімен бөлісті. Журналистерге «ақпараттың бұрмалануына жол бермей, уағыздық, даулы мақалалардан аулақ болу, мәселенің ақ-қарасын біліп, анығына жетіп барып жариялаған жөн» деген талап, тілектер айтылды. Семинар-тренинг соӊында аймақтық БАҚ журналистеріне сертификаттар тапсырылып, облыстың дін істері басқармасы тарапынан қатысушыларға әдістемелік кітапшалар таратылды.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс