Дәрігерлер қошеметі шексіз

Ұлы Отан соғысының майдангерлері мен мүгедектеріне арналған емхана ұжымы жыл сайын Қарттарды қолдау айлығында дастархан жайып, зейнеткер медицина қызметкерлерімен бірге осында әлі де жұмыс істеп жүрген ардагерлерге қошемет білдіруді дәстүрге айналдырған. Меймандардың арасында алды 90 жасқа жеткен «Алтын жас» клубының белсенді мүшелері де бар екен. Олар жастары ұлғайса да салауатты өмір салтын серік етіп, спортпен шұғылданады. Емханадағы жаттығу залына жиналып, дене шынықтырады.

Бүгінгі бас қосудың демеушісі Науан Хазірет атындағы орталық мешіттің «Әйел-қыздар секторы» және «Зекет» қайырымдылық қоры ас әзірлеп қана қоймай, концерттік бағдарлама да дайындапты. Емхананың бас дәрігері Бағила Закрина әріптестері атынан меймандарды риясыз көңілмен құттықтап, демеушілерге ризашылығын білдірді. 

Аталған емханадан зейнетке шыққан зертхана қызметкері Галина Яковлеваның жасы сексенде. Жас әріптестері ардагер еңбегін лайықты бағалап, үнемі құрмет көрсетіп отырады. Қария да өзіне көңіл бөлгені үшін ризашылығын білдіреді. Алла Головачева осы емханада 32 жыл медбике ретінде кардиолог және терапевтпен жұмыс істепті. Осы мерзім ішінде қаншама майдангер, тыл еңбеккері мен чернобылдық мейірімді жанның қолынан ем алып, денсаулығын түзетті десеңізші. Суфия Багапова болса, мұнда киім ілуші және санитар болып жұмыс істеді. Дәрігерлердің бөлмесін жинау, тазарту тікелей оның міндеті саналатын. Көпшілікпен жақсы тіл табысып, науқастардың да ілтипатына бөленіпті. Сексеннің сеңгіріне шыққан әжей дастарханнан дәм татып, әдемі әндерді тыңдап, ақ алғысын білдірді. Айжан Мұқанова осы емханада учаскелік дәрігер терапевт болып 25 жыл қызмет етіпті. Сондай-ақ, кәсіподақ комитетінің төрайымы міндетін де жауапкершілікпен атқарған. Сый-құрметке лайық жан шын көңілмен жасалған шақыртуды қабыл алыпты. Ұлы Отан соғысы майдангерлері мен мүгедектеріне арналған емхананың бас дәрігері Бағила Закринаның айтуынша, бүгінгі мерекелік шараға ұйым есебіндегі 40 зейнеткердің жетеуі денсаулығына байланыс-ты келе алмапты. Оларға сыйлықтары үйлеріне жеткізілді. Тыл ардагері Екатерина Терентьевна биыл 90 жасқа, ал Суфия Багапова 80 жасқа, Алла Головачева 75 жасқа және Фатима Тэн 60 жасқа толыпты. Мерейтой иелеріне шара барысында сый-сыяпат жасалды. Дас-тархан басына жайғасқан қариялар ән тыңдап, құ-шақтарын гүлге толтырып, бір-бірімен қауқылдасып, бір жасап қалды.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс