Дәрігер еңбегі құрметке лайықты

Қала әкімі Ермек Маржықпаев облыс орталығындағы емдеу мекемелерінің жетекшілерін медицина қызметкерлерінің күнімен құттықтады. Шаһар басшысы олармен емен-жарқын әңгімелесіп, көкейтесті мәселелерін тыңдады. Жоспарларын сұрап білді. Емдеу мекемелерінің жетекшілері өздеріне көрсетілген құрметке алғыстарын білдіріп, қаламызда жасалып жатқан игі шаралар ең алдымен жақсы ұйымдастырылған жұмыстардың нәтижесі екенін айтты.

Қалалық әкімдіктің кіші мәжіліс залы бұл күні мейрамға сай болып тұрды. Дастарханда себет толы жеміс-жидектер медицина қызметкерлеріне арнап жасалыпты. Олардың қатарында білікті де тәжірибелі дәрігерлер, емдеу мекемесіне талай жыл жетекшілік етіп, өзін жауапты басшы ретінде танытқан жандар бар. Өңірдің медицина саласының өркендеуіне сүбелі үлес қосқан Болат Жанәділов, Серік Аяғанов, Серік Кәкенов қандай құрметке болса да лайық. Сондай-ақ, дәрігерлер әулетін жалғастырушылар да осы жерден табылды. Мысалы, Сүлей Жеңісұлы сондай әулеттен тараған. Оқу бітіре салысымен өзінің туған жеріне оралып, еңбегін сіңіріп жатқан мамандар қатарында жүргендерге де ықылас ерекше. Олар аудандық емдеу мекемелерінен қызметін бастап, ауыл-аймақ тұрғындарына көмектесе жүріп, тәжірибе жинақтап, кейін облыс орталығына қоныс аударған. Осы күнге дейін адам жанының арашашысы болып келеді.
Медицина саласының ардагері Болат Жанәділов халықпен жұмыс істеу оңай емес екенін алға тартты. Өйткені, дәрігерлердің жұмысына баға беретін қарапайым халық. Бәрінің көңілінен шығу мүмкін емес. Қазір міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру шараларына дайындық басталды. Бұл да ауқымды шаруа. Украинаға қоныс аударған бір маман өзі бұрын қызмет еткен емдеу мекемесіне арнайы келіпті. Ол шетелде болып жатқан қақтығыстар, өлім-жітім жайлы айтып, Қазақстандағы бейбітшіліктің бағасы қаншалықты жоғары екенін ортаға салыпты. Ал, қалалық аурухананың бас дәрігері Серік Кәкенов күнде ертемен жаяу жүргенде облыс орталығының көркейіп келе жатқанын көріп, қуанатынын жасырмады. Медицина экономиканың, тіпті саясаттың да бір бөлшегі екенін айтты. Сондай-ақ, шетелдік дәрігерлердің көрші елдерге барып қосымша жұмыс істеуі тәжірибе жинақтаудың бір көзі екеніне және мамандардың біліктілігін үнемі арттырып отыруға басымдық берілу керектігіне тоқталды. Қала әкімі Ермек Маржықпаев медициналық оқу орындарын тәмамдаған жастарды осы жерде қалдырудың жолдарын қарастыра беру керек деді. Әсіресе, осы саланы таңдаған әулеттердің қатарын жоғалтпауға ұмтылған ләзім. Қазір Көкшетау қаласында 35 дәрігер жетіспейді. Серік Қабдөшұлының айтуынша, өзі жетекшілік ететін мекемеде 52 дәрігердің 12-сі зейнет жасында отыр. Оларды құрметті демалысқа шығарып салса, білікті мамандардың қатары одан да сирейді.
Красный Яр селосындағы №2 аурухана мен емханаға күрделі жөндеу жұмыстары қажеттігін алға тартқан емдеу мекемесінің жетекшісі Сағынтай Гельманов тозығы жеткен палаталар мен бөлмелерді жаңарту үшін 380 миллион теңгенің жобалық-сметалық құжаттары дайындалғандығын айтты. Тек қаржы бөлінсе, жұмысты бірден бастап кетуге болады. Ермек Боранбайұлы Көкшетау қаласы аумағындағы бұл емдеу мекемесі үнемі бақылауда екенін және бұл мәселені назарға алатынын жеткізді. Ал, Көкшетау қалалық емханасының бас дәрігері Ғалия Сабатаева облыс орталығының әр аумағында учаскелік дәрігерлер отыратын пункттер ашылуын қалайды. Қазір қалалық емхана 82 мың тұрғынға қызмет көрсетеді. Көкшетаулықтар өздері үйренген осы емдеу мекемесіне келгенді жөн санайды. Дегенмен, әр мөлтек ауданда учаскелік дәрігерлердің бөлмесі ашылса, жұмыс жеңілдеп, кезек қатары да сирейді. Тағы бір айтқан мәселе, медицина қызметкерлеріне бөлінетін пәтерлер жастарға емес, осы салаға ұзақ жылын арнаған мамандарға берілуі керек. Бір немесе екі жыл ғана жұмыс істеп, Астанаға қоныс аударатын жас мамандарға жатақханадан орын берілсе де жетіп жатыр. Осылайша емен-жарқын әңгіме барысында көп мәселе ортаға тасталды. Жергілікті емдеу мекемесінің басшыларына қала әкімі «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне 2 билеттен ұсынып, Елордадағы маңызды шараны көріп қайтуға кеңес берді. Сондай-ақ, себет толы жеміс-жидек тарту етіп, медицина мамандарын төл мерекесімен құттықтап, табыс тіледі.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс