«Евразия даму» банкі су құбырларын зерттей бастады

Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев тұрғындармен өткізген есепті кездесулерінде облыс орталығын ауыз сумен қамтитын желілерге тексерістер жасалатындығын айтқан еді. Сол себепті «Евразия даму» банкісінің сарапшылары жақында Көкшетауға келіп, қаланың су желілеріне және оның басты ақауларының себептеріне бақылау жүргізді. Атқарылған жұмыс көңілдегідей нәтиже көрсетсе, бірқатар түйінді мәселелер оңтайлы шешім табары сөзсіз.

Халықаралық қаржы институтының біздің өңірмен ынтымақтастық байланысты жалғастыруы құптарлық жаңалық. Бұған дейін облыс әкімі Сергей Кулагин Астана қаласында «Евразия даму» банкі өкілдерімен кездесіп, Көкшетау қаласын сумен жабдықтау жұмысын жақсарту туралы келісімге қол қойған болатын. Қаржыгерлердің бұл жолғы келісі соның заңды жалғасындай. Қала басшысы Ермек Маржықпаев банк өкілдерімен кездесу кезінде сарапшы топтың қазіргі айналысып жатқан шаруасын сұрап білді. Сумен жабдықтау жүйесін қайта құру бойынша техникалық-экономикалық негіздеме жобасының менеджері Николя Лонгоның айтуынша, «Көкшетау Су Арнасында» техникалық сараптама жүргізіліп жатса керек. Аталған өкілмен бірге кәсіпорынға 11 маман келген. Олар желі, есептеу құралдары, абоненттік бөлім және басқа да бағыттар бойынша тиісті зерттеу шараларын жүргізуде. Николя Лонго аталған ұзақмерзімді жобаны қаржыландырудың қаншалықты тиімді болатынына да назар аударуда. Сондықтан бәрі егжей-тегжейлі сараланады. Көкшетаудың су желілерін зерттейтін сарапшылардың қатарында қазақстандық мамандар да бар. «Қазақстан Су Арнасы» ассоциациясының президенті Валерий Сүйіндіков облыс орталығындағы су желілеріне қатысты талаптарды орындауда инвесторлардың ұсыныстары назарға алынатындығын айтты. Қала әкімі өз тарапынан техникалық-экономикалық негіздемені және техникалық қорытындыны дайындауға жергілікті мамандар да бір кісідей жұмылатындығын жеткізді. Қаржы институтының сарапшылары болса аз уақыттың ішінде «Көкшетау Су Арнасының» жұмысына толық тексеріс жүргізуге тиіс.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс