Егін бітік, гүл биік!..

Көкшетаулықтардың көңілді демалыс орнына айналған Даңқ аллеясы, Тәуелсіздік алаңы, ауғандық жауынгерлерге арналған аллея абаттандырылып, Чернобыль атом-электр станциясындағы апатты жоюшыларға монумент орнатылды. Қалалық паркте газондар жаңартылып, жаңадан шөп отырғызылды, кіші сәулет мүсіндер пайда болды.

Сонымен, аптап ыстыққа ұрындырып, шаршатып-шалдықтырмаған жаңбырлы жаз артта қалып, мәре-сәре егін орып, нәпақа терер күз қызығы да келіп жетті. Жаз жаңбырлы болса, ел көңілді. Ылғалды топыраққа оқта-текте жарқырап күн шуағы төгілсе, диқан қабағы да жадырай түседі. Егіннің еркін көтерілуіне тиісті барлық агротехникалық шараларды тынымсыз атқара жүріп олар, күн райының қолайлы болғанын қалайды. Төккен тер өз алдына, табиғат ыңғай беріп, қолдау көрсетсе ырыс-несібе де арта түспек. Айтқандай-ақ болды. Биылғы егін бітік. Астықты өңірге қыркүйектің орта тұсында ат басын бұрған Елбасы, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та жайқалған жарасымды егінді көзімен көріп, көңілі толғандай болды. Диқандар еңбегін жоғары бағалап, жиын-терімдей жауапты науқанды бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ұйымшылдықпен өткізуді жүктеді. Биыл еліміз бойынша 20 миллион тоннадан астам астық жинау жоспарланып отырса, оның ішінде ақмолалықтардың да қомақты үлесі болмақ. Сөйтіп, егін бітік, көңіл көтеріңкі!.. Ал, көктен жауған нұрдың қала бағбандарына да «қолдау» көрсеткені шындық. Бұрын ешқашан көшет отырғызылмаған жол жиектері, көше бойлары, алаңқайларға қайың, шырша, қарағай егіліп, ескі ағаштар алынып тасталып, қайта отырғызылды. Әрине, алғашқыда жас көшеттердің тамыр тартып, бой түзеп кетуіне көп көңіл бөлінді. Тек қаланың осы шаруа тиесілі мекемелері ғана емес, кәсіпкерлер, қалаға жанашырлық білдіріп, өздері тал еккен басқа ұжымдар да өскіндерді қараусыз қалдырмай, қамқорлыққа алды. Артынша, молынан жауын жауып, жер ылғалдан айырылған жоқ. Соның нәтижесінде қалада қаншама ағаш орнығып, бекіп, көтеріліп кетті!.. Биыл аңғарылған тағы бір ахуал – көшелерге егілген гүлдердің де жылдағыдан гөрі биіктеу де бітік өсіп, ерекше жайқалғаны. Бар көркін ашып, бояуы қанық, қарағанның көзін тойғызып, көңілін қуантып тұрды. Алдағы егін орағының олжасын, ел ырыздығының молдығын жадырай хабарлағандай!.. Бір-бірлеп егілген гүлдердің әр түбі осынау келісті жарасымдылыққа үлес қосуға ұмтылғандай. Ал, қала әкімінің үнемі қадағалауы мен нақты тапсырмалары нәтижесінде осындай гүл оранған қаланың тазалығы да таңдай қақтырып, тұрғындар еркін сейілдеп, серуендеушілер, денешынықтыру, спортпен шұғылданушылар, салауатты өмір салтын ұстанушылар саны арта түсті. Бұл – еңбектің жанғаны. …Жаздың жаңбырлы болғаны тек биыл ғана емес қой. Сонда да, жаңбыр тиылмас, күн шықпас, жер апшысын қуырмас кез болмайды. Тас төбеден төнген жаз күні екі-үш күнде-ақ көшет біткеннің нәзік жапырағын күйдіріп, семдіріп жіберетіні бар. Бірі көтеріліп, бірі шөгіп қалатыны содан емес пе? Биыл ондай қолайсыз күндерде қапы қалу болған жоқ. Ондайда адам күші де, техника да дайын тұрды. Жұмыс қауырт, ұқыпты жүргізіліп тұрды. Құлшыныс күшті. Оқта-текте емес, үнемі. Таза, көрікті, гүл көмкерген, тал жайқалған қалада тұру оның тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй, денсаулық сыйлайды. Жанына жігер құяды. Көңілі толғанның, дені саудың ісі өнікті. Биылғы биік өскен гүлдестелер осындай жадыраңқы ойға жетеледі. Сол әр талды, әр тал гүлді көздің қарашығындай сақтауға әрқайсымыз атсалысуымыз, балалар мен жастарды соған тәрбиелеуіміз, еңбекті сыйлауға үйретуіміз керек. Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?..

Серік Жетпісқалиев.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс