«Екі жұлдыз» сәуле төгіп…

   Журналистер өнер саласында да үздіктер қатарынан көрініп, көрермендердің ыстық ілтипатына бөленді

Қай мамандық иесі болмасын өзінің кәсіби мерекесіне үлкен тебіреніспен қарайды. Өйтпегенде!.. Жасынан армандап, жалына жармасып, жанына серік еткен мамандығының қадірін өзгеден бұрын өзі біліңкірері хақ. «Өзіңді өзің сыйласаң, жат жанынан түңілер» демекші, өз мамандығыңды өзің мадақтап, қыр-сырын ашпасаң, оның ішкі сырын, бүге-шігесін кім біліп жатыр?

Содан да, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі (жетекшісі Айгүл Сәбитова) «Екі жұлдыз» шоу- бағдарламасын өткізу туралы ұсыныс түсіргенде, «Көкше-Media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты «Көкшетау» және «Степной маяк» газеттерінің редакцияларында жауапкершілік салмағын түсірген қарбаластың басталып кеткені рас-ты. Иә, ақпараттың баспа бағытындағы қызметкерлері көбіне тек басылымдағы сөзі арқылы ғана көрінеді. Оқырманына сапалы, мәдениетті, ұстамды да салиқалы мақаласын ұсынады. Ал, «Екі жұлдызда» сахнаға шығып, кәсіби әншіге қосылып, ән шырқау керек. Сахнада жүріп тұру, салтанатты киіну, түр-келбетін келістіру, ән шырқау, жаңылыспау… Осының бәріне дайындалу қажет, әрине, өзіңнің негізгі қызметіңнен қол үзбей жүріп үлгеруге тиіссің. Шоу-бағдарламада оза шапқанға орын беріледі. Демек, бәсекелес-
тік болмақ. Ешкімнің шаң қауып, көш соңында қалғысы жоқ.

DSC_МаринаОсындай көңіл толқытар, тебіреністі жарысқа «Көкше-Media» өзінің екі газетінен үш қызметкерін қосқан-ды… Сонымен 23 маусымда «Достар» мәдениет сарайының сахнасында аптықтырған айтулы кеш басталып кетті. Айта кету керек, ұйымдастыру, жоспарлау, оны жүзеге асыру бәрі ойдағыдай болды. Шашу шыққан, іске аспаған дүние жоқ. Әуелі қатысушылар туралы бейнебаян көрсетіліп, содан кейін олар түрленіп, сахна төріне көтеріледі. Ән орындалып болған соң, сахна сыртында оларды тағы бір жүргізуші қарсы алып, әсерлерін әңгімелетіп, ол көрерменге экраннан көрсетіледі. Залдағы екі жүргізуші әр орындаушыны қыбын тауып, қисынды хабарлап, төрдегі қазылар алқасын ара-тұра әңгімеге тартып, «Кім озар екен?» деген ынтызарлық көрігін қыздыра түседі. «Орындаушылардың ішінде осығалайы жоқ. Ең қиыны – арасынан ең мықтыны табу болатын сыңайлы», – деп ағынан жарылды қазылар алқасының төрағасы, қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Андрей Подгурский.
Жарыс болған соң біреу ілгері, біреу кейін болатыны тағы белгілі. Қорытынды бойынша «Степной маяк» газетінің тілшісі Марина Пушкарева мен Вадим Белый бас жүлдеге, «Хабар» агенттігінің облыстағы меншікті тілшісі Дамир Шайдаров пен Ләззат Ыдырысова бірінші, «Мобильная» газетінің қызметкері Кристина Грозина мен Қайрат Кенжетаев екінші, «Любимый город» газетінің тілшісі Айя Калягина мен Азамат Жүнісов үшінші орындарға ие болды. Орындау-
шылық шеберліктері үшін «Көкшетау газетінің» қызметкерлері Әсем Жүніс пен Гәкку Бәйішева да марапатталды. Сөйтіп, тынымсыз жұмыс, мазасыз мамандық машақатын бір сәт серпіп тас-тап сахнаға көтерілген журналистер өздерінің тамаша өнерпаздар екенін паш етіп, көрерменіне қуаныш сыйлады. «Екі жұлдыз» жарығы әр көңілге күміс сәулесін құйып, көңіл жадыратты.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс