Елбасы Жолдауын талқылады

 

 Қазақстан халқы Ассамблеясы Елбасының биылғы халыққа арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын талқылаудың республикалық Бірыңғай күнінде Көкшетаудағы «Қоғамдық келісім» мекемесінің мәжіліс залында бас қосты. Дөңгелек үстел басына жайғасқан Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, қоғамдық құрылымдар мен кеңестер, ғылыми-сараптамалық топ, халықтық сәндік-қолданбалы өнер шеберлері қауымдастығының өкілдері еліміздің өркендеуінің жаңа он бағыты белгіленген маңызды құжатқа тоқталып, ой бөлісті.

     Дөңгелек үстел модераторы «Видергебурт» неміс ұлттық қоғамының төрайымы Светлана Корнеева алдымен Көкшетаудағы өзбек ұлттық-мәдени орталығының төрайымы Тажибуви Медетоваға 60 жылдық мерейтойына орай облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің құттықтау хатын табыс етті.

Елбасының Қазақстан халқына арнайтын жыл сайынғы Жолдауы даму үстіндегі еліміздің болашағын айқындай түсетіні ақиқат. Сол құжатта көрсетілген басым бағыттарды тек жаттап алып, қайталап айтып шыққаннан гөрі, нақты іске көшіп, оны жүзеге асыру жолдарын іздеу керек деген ұсыныстар шара барысында айтылды. Жөн сөз.

«Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Қиықов біздің аймақ аграрлы болғандықтан, машина жасау бағытын дамыту қажеттігі алға тартылғаны дұрыс деді. Әсіресе, адами капиталды дамыту, оның ішінде балалардың ойыншықтарынан бастап, жаңа технологияға көшу керектігі айтылғаны орынды. Біз өзге елден алушы емес, өзімізде өндіруші болуымыз керек. Ал ғылымды дамыту үшін ғалымдардың басын біріктіретін Академияны қайта қалыпқа келтіру қажеттігі өздігінен туындайды.

Көкшетаудағы гуманитарлық –техникалық лицейдің директоры Наталья Дементьева Жолдаудың жетінші бағытына тоқталды. Өйткені онда білім саласы жан-жақты қамтылған. Елбасының қатысуымен желтоқсан айының басында өткен форумда жаңа инновациялық технологияны пайдаланып, кәсібін жүргізіп отырған жастар сөз алған. Осының өзі жаңа Жолдаудың бастамасы іспетті еді. Маңызды құжатта мұғалімдердің беделін көтеру, оқушылардың жүктемесін жеңілдету мәселесі қозғалды. Мұны да ұстаздар қауымы қызу қолдап отыр.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл терминологияға қатысты айтылған тұстарына тоқталды. Халықаралық қолданыстағы терминдерді тым қазақшалап, ешкімге түсініксіз етіп аударудың қажетсіздігі күн тәртібіне шықты. Енді тек оны бір ретке келтіру керек. Абай Мырзахметов атындағы университеттің оқытушысы Ардақ Қапышев те ғылым мен білімге қатысты даму бағыттарын саралады. Ал кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы Марат Жұмабеков маңызды құжатпен әрбіріміз танысып, болашаққа бағдар ретінде ұстауымыз керек деді.

Дөңгелек үстел басына жиналғандар осы және тағы басқа мәселелерді талқылады.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ 

 

 

 

     

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий