Елбасы мақаласы – ел дамуына ерекше серпін

Елбасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласы еліміз дамуының жаңа сатыға көтерілуіне, тарихымыздың тереңдеуіне, ұрпақ тәрбиесінің ұлағатына бастар маңызды, тарихи дүние. Тарихымыздың, шежіреміздің, ұлттық ой-санамыз бен болмысымыздың күрделі кезеңдерінің жеті ғана қыры алға шығарылғанмен, бұл мақалада көтерілген мәселе көп. Киелі жеті санға жиылған түйіндер – осыған дейінгі Ұлы даланың әр қиырында ашылған сенсациялық жаңалықтар, жылдар бойғы зерттеулер көрсеткен нәтижелер, ұлт санасында ұялаған ұлағаттар, ата-бабаларымыз қастерлеген берекелі ұғымдар, біз басып жүрген жерде туып, әлемге озық ойларын олжа еткен ұлыларды атаған бұл ғылыми еңбек еліміздің қадір-қасиетін артқан ерек тұжырым. Президент: «Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы» – деп түйіндесе, осыншама нәтижеге жеткен, осыншама тектілік танытқан жұрттың ұрпағының да арқалар жүгі, жауапкершілігі жеңіл болмаса керек. Иә, біз әл-Фараби, Яссауи, Күлтегін, Бейбарыс, Абылай мен Кенесары, Исатай мен Махамбеттің ұрпағымыз, Бауыржан мен Талғаттың, Мәлік пен Рахымжанның жалғасымыз! Ендеше, біз қалай осал болмақпыз?!

Ұлтымыздың бойына біткен бір ғажайып қасиет оның кішіпейілділігі, өнегелілігі, ізеттілігі болса, өзгелердей өзеуремей, біз осы ғаламаттарымызды желбіретіп жалаулатпай, әбден жеріне жеткізіп зерттеп, салмақты саралағанша күткендей екенбіз. Енді, міне, Елбасы айна-қатесіз дәлелденген табыстарымызды атап көрсетіп, тұжырымдап-түгендеп, оларды терең түсініп, білуге, жан-жақты көрсетіп, жас ұрпақты тәрбиелеуге шақырып отыр.

Әлем абдырап дағдарған небір қилы кезеңдерде, тұйыққа тірелген дағдарыстардан елін қашанда асқаралы биіктерге батыл бастаған Елбасы дамуымыздың осы бір кезеңінде халқын дүр сілкініп, рухын жаңғыртуға, жаңа белестерді алуға шақырып отыр. Ой-сана көкжиегін кеңейтер, жас ұрпаққа түбегейлі тәрбие берер, әлемге Қазақ елінің ғаламатын паш етер керемет дүниелер қолға алынбақ! Олардың қатарында «Архив-2025» жеті жылдық бағдарламасы, «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашу, «Ұлы дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік серияларды шығару, «Ұлы дала» атты ежелгі өнер және технологиялар музейін ашу, «Ұлы даланың ұлы өркениеттері» атты жалпыұлттық тарихи реконструкциялар клубын құру, «Дала фольклорының антологиясын» жасау сияқты тамаша жоспарлар бар. Ұлы дала қанатын қомдап, ұлы серпіліс алдында тұрғандай! Алып самұрық құс алыс армандарды алмаққа қанат қаққалы тұрғандай! Көңілде үлкен тебіреніс! Өрелі ойлы, биік мақсұтты, ер жүректі халықтың ұрпағы болу, күллі түркі жұртына бесік болған Ұлы далада – қасиетті қара шаңырақта туып-өсу, оны «Отаным!» деу мақтаныш емес пе?! Ел сенген, ұлы даланың ұлағаты мен
аманатын арқалаған Елбасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сайын далаға осындай бір салтанатты сый етті! Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған жұртымыздың осынау серпінді бастамаға бір кісідей атсалысарына да сенім мол. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деп бүтіндікті, бірлікті ту еткен халқымыз ел үшін, ұрпақ үшін атқарылар бұл істің басы-қасынан табылып, өрелі бастамаға сүбелі үлес қосары сөзсіз.

Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий