Елбасы қоры талантты жастарды қолдайды

Ақмола облысының әкiмi Мәлiк Мырзалин өңiрiмiзге арнайы iссапармен келген Тұңғыш Президент Қоры өкiлдерiмен екiжақты әрiптестiк туралы меморандумға қол қойды. Шара барысында қордың атқарушы директоры №1 облыстық арнайы коррекциялық мектепке «Монтессори кабинетi» кешенiн сатып алуға сертификат тапсырды. Өңір басшысы сал-серілер мекені атанған қасиетті өңірде талантты жастардың қанаттануына қолдау көрсетiп келе жатқан Тұңғыш Президент Қорының атқарып отырған жұмыстарына ризашылығын бiлдiре отырып, табыс тiледi. Сондай-ақ, Елбасы қорының өкілдері Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ұжымымен кездесті. Қор ғылым мен өндіріс, шаруашылық байланысына бағытталған жобаларға басымдық береді. Бұл саладағы тың жаңалықтар Көкшетау мемлекеттік университетінде де аз емес. Кездесу барысында қор өкілдері жас ғалымдардың жобаларын қолдауға әрқашан әзір екендігін жеткізді.

2000 жылын құрылған Тұңғыш Президент Қоры әу бастан-ақ мемлекеттілік пен қазақстандық патриотизмді насихаттап, мәдениетті дамыту арқылы қоғам өмірінің руханиятын нығайтуды, ғылыми ізденіс-
тер мен жастардың жақсы бастамаларын қолдауды көздеген ұйым жолынан жаңылмай, нәтижелі жұмыс жүргізіп келеді. Кездесуде қордың атқарушы директоры Қанат Жұмабаев iссапардың мақсаты жайлы айтып бердi. – Мемлекет басшысының Жолдауда көрсеткен басымдықтарының бiрi – адами капиталды дамыту. Осы орайдағы қордың миссиясы – жастардың барынша бәсекеге қабiлеттi азаматтар болып қалыптасуына ықпал ету, олардың бойындағы көшбасшылық қабiлеттерiн танытуға жағдай жасау. Бiздiң студенттерге арналған бірнеше гранттық бағдарламамыз бар. Сол гранттарды өңірдің талантты жастары жеңiп алғанын қалаймыз, – дедi ол. Маңызды әлеуметтік жобалар арқылы талай жастың қанатын қатайтып, белін буғаны да жасырын емес. Елбасы қорының студенттік стипендиясы арқасында жас ізденушілер оқуын ақсатпай, академиялық үлгерімін үздік ұстауды айнымас әдетке айналдырып жүргені де белгілі. Ғылым, мәдениет мәселелерімен қатар, Тұңғыш Президент Қоры әлеуметтік жобаларды да үнемі бірге алып жүреді. Олардың ішіне қарттарға, әлеуметтік жағдайы төмен, ата-ана қамқорлығынсыз қалған, көпбалалы отбасынан шыққан балаларға көмек көрсету, мүгедектерді әлеуметтік бейімдеу бағдарламаларын орындауға атсалысу, ұлттар арасындағы татулықты нығайтуға арналған жобаларды жүзеге асыру жатады. Қордың атқарушы директоры Қанат Жұмабаев өз кезегiнде облыстағы жоғары және арнаулы орта бiлiм беретiн оқу орындарында болып, кездесулер өткiзгендiгiн, талантты жастардың көптiгiн айтып, қордың қаржылық мүмкiндiктерi шеңберiнде қолдау көрсететiндiктерiн тiлге тиек еттi. Қор отандық ғылым және ақпарат технологияларын дамытуға өз үлестерiн қосқысы келетiн талантты жастарға арналған «Smart Zholy», «Science Slam», «Ғылым» фестивалi» жобаларын жүзеге асыруда. Биылғы жылдың өзiнде қор сексеннен астам iс-шараны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Қазақстан Республикасы Тұң-ғыш Президенті Қорының лауреаты Досжан Табылды Ақан сері атындағы Көкшетау мәдениет колледжінің студенттерімен кездесіп, шеберлік сабақтарын өткізді. Колледж студенттері халықаралық сайыс-
тарда топ жарып жүр. Әйтсе де мұндай кездесулер болашақ мамандардың тәжірибе жинақтап, шығармашылығын шыңдауға мол септігін тигізбек. Кездесу барысында студент жастар көкейде жүрген сауалдарын қойып, тұшымды жауап алды. Досжан Табылды аталмыш колледж студенттерінің жетістігіне жоғары баға берді.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс