Елдігіміздің белгісіндей

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздерінің 25 жылдығына арналған салтанатты шара Тәуелсіздік алаңына көкшеліктерді және қала қонақтарын жинады. Елдің айбыны мен егемендігінің нышандарына деген құрмет ерекше. Өйткені, Көк туымыз желбіреп, Елтаңбамыз айшықталып, Әнұранымыз асқақтаған сәтті асыға күткенбіз. Ақ түйенің қарны жарылған күнде бөркімізді аспанға ата қуанғанбыз. Міне, осы үш нышанның маңыздылығын жыл сайын арттырып, атап өтіп келеміз. Алаңға Мемлекеттік ту мен Елтаңба салтанатты түрде әкелінгенде халықтың жүрегін мақтаныш сезімі кернеді. Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалғанда рухтанды.

Алаңға өңір және қала басшылығы беттеді. Көпшілікті облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нүркенов құттықтады. Ол өз сөзінде Мемлекеттік рәміздер елдігіміздің, ерлігіміздің белгісі, болашаққа нық қадам басқан еркіндігіміздің нышаны деді. Сондықтан осы үш белгіге деген құрмет ерекше болуы тиіс. Осыдан 25 жыл бұрын, яғни 1992 жылдың 4 маусымында тәуелсіз Қазақстан өзінің Мемлекеттік рәміздерін қабылдады. Бұл – біздің ата-бабаларымыз аңсаған Тәуелсіздіктің нышаны еді. Олар біздің Отанымыздың қасиетті тұтастығын білдіреді. Одан асқан бақыт бар ма! Салтанатты шараға қала әкімі Ермек Маржықпаев, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері қатысты. Біздің өңір көптеген ержүрек ұл мен қызды тәрбиелеп келеді. Жүрегі елім деп соққан азаматтар өз жетістіктерімен, халқына, еліне адал істерімен танылып, Көк байрағымызды әлемге танытты. Салтанатты шара барысында отансүйгіштік қабілетімен өзгелерге үлгі бола білген 11 адам Ақмола облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Олардың қатарында Щучье қаласындағы құтқарушылар отрядының аға өрт сөндіруші-құтқарушысы Рус-там Белхороев, облыстық қан орталығының бас дәрігері Сәкен Қалымжанов, «КВН жастар лигасы» бірлестігінің төрағасы Андрей Буров,
қоян-қолтық ұрыс бойынша халықаралық дәрежедегі спорт шебері Роза Искаренова, қолма-қол айқас түрінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Рахметолла Сатыбалдиев, №3 облыстық мамандандырылған мектеп-
интернатының ұстазы Қуанышбек Қажығалиев, облыстық мәдениет басқармасының мәдени мұраны сақтау бөлімінің бас маманы Дулат Ахметов, әдебиет және өнер музейінің ғылыми қызметкері Бекмұрат Бақытбек, тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының ескерткіштер, археология және қалақұрылысы бөлімінің меңгерушісі Серік Ысқақов, республикалық, облыстық, аймақтық мүшәйралардың жеңімпазы, ақын Қуаныш Оспан, полиция аға лейтенанты Қайрат Базарбаев бар. Бұл күні сонымен қатар «Жас Ұлан» республикалық біртұтас балалар мен жасөспірімдер ұйымы қатарына озат, тәртіпті, қоғамдық іс-шаралардың белсенділері қабылданды. Ең үздік деген 5 оқушының мойнына аспан түстес галстуктар тағылды. Олар: №5 «Таңдау» көпсалалы гимназиясының 5 сынып оқушысы Дінмұхаммед Молдайыров, №21 мектептің 6 сынып оқушысы Наиль Юмакулов, №2 орта мектептің 5 сынып оқушысы Дошан Есмағанбетов, №13 «ЭКОС» мектебінің 5 сынып оқушысы Алина Двоянова мен Римма Уросова. Сондай-ақ, Мемлекеттік рәміздер күні «Жасыл ел» студенттік құрылыс және еңбек жасақтарының еңбек маусымын салтанатты түрде ашу дәстүрге айналған. Өңірді көгалдандырумен айналысатын ұйымның мүшелері биыл да жасыл өскін мен гүл көшеттерін отырғызу жұмыстарымен айналыспақ. Сахнаға студенттік құрылыс және «Жасыл ел» жасақтарының сарбазы Әнуарбек Бекжан көтеріліп, оған облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нүркенов маусымның ашылу белгісі ретінде ағаш мүсіншені табыс етті. Салтанатты шара Тәуелсіздік алаңынан басталатын автошерудің бас-
тамасы ретінде әуесқой автомобильшілер ассоциациясының өкілі Қанат Тұрсықбайұлына Мемлекеттік ту табыс етілумен түйінделді. Барлығы он көлік Көк байрақты желбіретіп, Көкшетаудың көшелері бойымен алып жүрді. Көпшілік ұзақ қол шапалақтаумен автошеру өкілдерін шығарып салды.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс