Елдігіміздің мызғымас тұғыры

Көкшетауда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздерінің 26 жылдығына арналған патриоттық акция болып өтті. Жастардың рухын көтеретін бұл бастамаға облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова және облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева қатысты. Еліміздің Мемлекеттік рәміздері 1992 жылдың 4 маусымында қабылданды.

Отандастарымыз Қазақстан Туын әлемдік жарыс-тар мен олимпиадалардың жеңісті жолдарымен төрт мың рет ұстап, жүріп өтті. Оны ғаламшардың жолы ең қиын түрлі жерлеріне, ең биік тау шыңдарына тікті. Тіпті, еліміздің көк байрағы ғарышты да бағындырды. Шарада құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова: – Көк байрағымыз ата-бабаларымыздың, батыр да дана бабаларымыздың әр уақытта осы байрақтың астында бірігіп, ерлікпен елді, жерді қорғап, Отанды аман сақтау жолында қолынан түскен емес. Осыдан жиырма алты жыл бұрын біз сол дәстүрді қайта жандандырып, көк байрақты желбіретіп, дүниежүзіне паш еттік. Қазақстанды әлем сыйлайтын ел еттік. Сондықтан біздің Мемлекеттік рәміздеріміз Туымыз, Елтаңбамыз, Әнұранымыз қазақтың болашағының, елдігінің рәсімі болып табылады. Бұл рәсімдерді сыйлау, құрметтеу елдің патриоттық парызы болуы қажет, – деді.  Акция барысында мемлекетіміздің дамуына үлес қосып жүрген жастар Ақмола облысы әкімінің және облыс әкімі орынбасарының Алғыс хаттарымен марапатталды. Олардың ішінде жастар мен студенттер еңбек жасақтарының облыстық штабының атқарушы директоры Жания Мұқашева да бар. Ол экология және табиғатты пайдалану бойынша халықаралық конференциялардың қатысушысы, ғылыми-зерттеу мақалаларының авторы. ЭКСПО көрмесінің волонтері, «Жаңа толқын» жастар бірлестігінің төрайымы Жайнагүл Ғаббасова және тағы басқаларын да мақтанышпен атауға болады. Шара барысында бір топ жастар «Жас Ұлан» ұйымының қатарына қабылданды. Патриоттық акцияда облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімоваға студенттік құрылыс және «Жасыл ел» еңбек жасақтарының сарбазы Егізбай Нұрасыл 2017 жылы «Жасыл ел» жалпы ұлттық бастамасының аясында атқарылған жұмыстарды баяндап берді. Мәселен, былтыр облыстың 55 ұйымында 983 сарбаз жұмысқа орналастырылған. Биылғы жылы да жастар еңбек жасақтарының сарбаздары жаңа маусымға сақадай-сай. Аталған шара одан әрі дәстүрлі автошерумен жалғасын тапты. Шеруде 10 автокөлік Көкшетау қаласының көшелері бойымен мемлекеттік туды алып жүрді. «Жасыл ел» еңбек ұжымдарының өкілдері, «Серпін» бағдарламасы мен облыстық жастар ұйымдарының қатысушылары атсалысқан шара «Жастар жаңғыруы» экологиялық жастар акциясымен өз мәресіне жетті. Мұндай бірқатар іс-шаралар сол күні аудандарда да жалғасын тапты.

Азаттықтың алтын арқауы, елдігіміздің мызғымас тұғырына айналған Мемлекеттік рәміздер күні Көкшетауда міне, осылай аталып өтті. Ұлттық сана, халық рухын біріктіруші күшке ие мемлекеттік рәміздерімізді көздің қарашығындай сақтау – баршаға ортақ міндет. Көк аспанда көк туымыз мәңгі желбіреп, Әнұранымыз қалықтай берсін!

Ә.ҰЛАНҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий