Елеулі өзгерістер күтіп тұр

 Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Иван Юрченко сала басшыларымен Красный Яр селосында болып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.

И.Юрченко алдымен Красный Яр селосы мен Чайкино поселкесiн байланыстыратын көпiрде жүргiзiлетiн құрылыс жұмыстарының барысын талқылады. Коммуналдық шаруашылық мекемелерi мамандарының айтуынша, көктемде мөлшерден тыс ағын суы жiберiлгендiктен, көпiрдiң жанындағы бос топырақты шайып кеткен. Тиісті қаражат бөлініп, көпiр салынатын жер жан-жақты зерттеліп, жобалық-сметалық құжаттамасы жасалып, құрылыс жұмыстары басталған. И.Юрченко құрылысқа пайдаланылатын материалдардың сапалы болуына баса назар аудару қажеттiгiн тапсырды. Мердігер мекеме өкілі көпір салуға қажетті материалдың толық дайын екендігін жеткізді.  «Көпір құрылысы – өте жауапты іс. Өз міндетімізге алғасын, оның сапалы әрі нық тұруына кепілдік береміз.  Бұған дейінгі құрылыстардың ешбіреуінен ақау табылған жоқ. Әрине, мұны  мекемедегі мамандар мен жедел техникалық қызметкерлердің жоғары біліктілігінің арқасы деп білемін», – дейді «Рамазанов» жеке кәсіпкерлігінің өкілі Аслан Нұрбайұлы. Өз кезегінде мердігерлерге көпір құрылысын уақытылы аяқтап, жұмыс сапасын бақылауда ұстау тапсырылды. Қазіргі күні Чайкинода 1,5 мың адам тұрып жатыр. 200-ге жуық бала мектепке барады. Келер жылы поселкедегі мектепке апарар жолды асфальттап, жаяу жүргінші жолын жасау жоспарда бар. Сондай-ақ, жарықтандыру жұмысы қоса жүргізілетін болады. Бұдан соң сала басшылары селодағы электрмен жабдықтау желісі құрылысының барысымен танысты. Аталған мақсатқа 76 миллион теңге қаражат бөлінген. Электр бағандарын орнату жұмыстарымен «Көкше электр монтаж» ЖШС айналысуда. Нәтижесінде 220 үй жарықпен қамтылады деп күтілуде. Серіктестік мамандарының айтуынша, құрылысқа пайдаланылатын электр бағандары жергілікті кәсіпорында өндірілсе, шамдар Ресейден жеткізілуде. Жарықтандыру жұмыстары биылғы жылдың желтоқсанына дейін толық аяқталмақ. Мердігер ұйым өкілдеріне бөлінген қаражатты тиімді пайдаланып, жұмысты мерзімінен кешіктірмеу тапсырылды.

Сала басшылары атбасын бұрған Красный Яр селосындағы жел электр станциясын  «Ветер Инвест Кокшетау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салуда. Жаңа жоба селоны толықтай электр қуатымен қамтамасыз етуге қауқарлы екенін айтады мамандар. Тағы бір маңызды жоба – Красный Ярда «Жобалау құрылыс компаниясы» ЖШС қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында қоқысты сұрыптау желісін іске қосуда. Желді күндері ашық аспан астында жан-жаққа ұшып, қоршаған ортаға зиян келтіретіндіктен, алдағы уақытта қоқысты жабық алаңда сұрыптау көзделуде. Ал, қоқыс өңдеу зауытының құрылысы алдағы жылдардың еншісінде.

Ә.ҚҰЛЖАНОВА.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий