Елеусіз қалған ерлер

1995 жылдың 7 сәуірінде Қазақстан Ішкі әскерінің құрама ротасы Тәжікстанның Пшихавр шатқалында моджахедтер тарапынан шабуылға ұшырады. Жаудың күші басым болған ұрыста қазақстандық 17 әскери қызметші оққа ұшып, 38-і ауыр жарақат алған болатын. Осы қарулы қақтығыстарға қатысқан азаматтар өзін соғыс ардагерлеріне теңестірсе екен деген ниетте. Көкшетау қаласындағы Тәуелсіздік алаңында өткен салтанатты сап түзеу мен митинг барысында сөз алған әскерилер жастарды Отанын сүюге, оның шекарасын қырағы күзетуге шақырды.

DSC_7174

Тәжік-ауған шекарасындағы жауынгерлік қимылдарға және әскери қақтығыстарға қатысушылардың республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұрат Мұхамеджанов осы айтулы қақтығысқа елімізден 1992 жылдан бастап, 17 батальон аттанғанын айтты. Соғыс ресми түрде 1998 жылы аяқталғанымен, қазақ жауынгерлері 2001 жылға дейін шекара күзетінде тұрды. Осы сарбаздардың қатарында ақмолалық 250 жауынгер де бар. Олардың жарақат алғандары, мүгедек болып қалғандары жетерлік. Алайда, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне осы жауынгерлерді де теңестіріп, мемлекет тарапынан жәрдем жасалса деген өтініш-тілек әлі ескерусіз қалып отыр. 1993 жылғы 11 сәуірде Қазақстан Республикасы Президентінің өкімімен жеке атқыштар құрамасының батальоны құрылған еді. Ол батальонға десанттар, атқыштар, шекара күзетіндегі сарбаздар және ішкі әскер құрамындағы жауынгерлер тартылды, – дейді тәжік-ауған қақтығысына қатысушы Ахмет Балмашев. – Біз «Харок» отрядында өзіміздің міндетімізді атқардық. Негізі Тәжік-ауған шекарасы – Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінің сыртқы шекарасы саналады. 1989 жылы Ауғанстан соғысы аяқталып, осы жерден Кеңес әскерлері шығарылды. Кеңес Одағы ыдыраған сәтте Тәжікстанның жағдайы нашарлап, шекара ашық қалды, үлкен партиядағы есірткі алып өтушілер көбейді. Сөйтіп, 1993 жылы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің шекарасын қорғап, тәртіпті күшейтуге Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінің жауынгерлері, біздің елден Қазақстан атқыштар батальоны көмектесті. Сондықтан бізге өз шекарамызды қырағы күзету міндеті қойылды. 1994 жылдың сәуір айынан тамыз айына дейін десанттардың құрама ротасында командирдің орынбасары қызметінде өзімнің міндетімді атқардым. Пшихавр шатқалында моджахедтерге қарсы күрескен көкшетаулық Серік Ысқақов, Сайран Тәженов, Жасұлан Бекішев «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталған. 2013 жылы Көкшетаудағы №5510 әскери бөлімшесінде осы қақтығыстарда ерлікпен қаза тапқан 17 жауынгерге монумент орнатылды. Ендігі мақсат – облыс орталығында ескерткіш қоюға қол жеткізу. Тәжік-ауған қақтығысына қатысушының анасы Айнамкөз Шегенова: «Менің ұлым Жанат Шегенов 1992 жылы Көкшетау әскери комиссариатынан әскер қатарына алынған еді. Бір жылдан кейін оларды тәжік-ауған шекарасына алып кетіпті. Сонда болып, жарақат алған екен. Мерзімінен бұрын үйге қайтып келді. Денсаулығы жылдан-жылға нашарлап, бүгінде мүгедек болып менің қолыма қарап отыр. Жасы 40-тан асты. Ұлым еш жерде тіркеуде тұрмайды», – дейді. Дәл осындай кінәратпен дәрі-дәрмекке қарап қалған жігіттер өте көп. Олар өзінің күшімен денсаулығын түзеуге тырысады. Осы мәселелер митинг барысында айтылды. Тәуелсіздік алаңына жиналған әскерилер сап түзеп, әскери әндерді шырқады. Көк туымызды желбіретіп, ұрандатқан олардың рухы жастардың бойына дарып жатты.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс