Елордамен бірге жасаймыз!

Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин 5 шілдеде Астана құрдастарымен және Елорда сәулетіне үлес қосқан құрылысшылармен кездесті.

Астананың құрдастары осы күні дүниеге келгендерін мақтаныш санайтынын айтты. Елордамен бірге ержеткен жастар еліміздің қалыптасу кезеңінің куәсі ретінде, өткеніміз бен бүгініміз туралы тебіреніспен ерекше сезімдерімен бөлісті. Ел бірлігінің және Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында қол жеткізген бүгінгі жетістіктеріміз – бұл барша елге ортақ мақтаныш, ортақ бақыт, ортақ мәртебелі мереке екенін ортаға салды шараның қатысушылары. Мазмұнды шараға қатысқан жастар бұл кездесуде өздерін барынша еркін ұстап, облыс әкіміне ұсыныс-тілектерін де жеткізе білді. Облыс әкімі кездесуге шақырған жалынды жастарға алғысын білдіріп, мұндай ашық пікір алмасу алаңдарының пайдасы мол болатынын айтып, өзекті мәселелерге қатысты жауап қатуға әзір екенін атап өтті.

«19 жылдың ішінде Елордада көптеген білім, денсаулық сақтау және мәдени нысандар бой көтерді. Елордалық жастар халықаралық және республикалық олимпиа-даларда, ғылыми жобалар конкурстарында жоғары жетістіктерге қол жеткізуде. Еліміздің бас қаласы төрткүл дүниеден жиналған қонақтарды құшақ жая қарсы алады. Астанада әлемдік деңгейдегі түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады – Халықаралық музыкалық фестивальдар, құрлықтық және әлемдік спорттық чемпионаттар, ЕҚЫҰ саммиті, VII қысқы Азия ойындары, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі, жыл сайынғы Астана экономикалық форумы – Елорданың даму жолында осы және басқа да ауқымды іс-шаралар өтті. «ЭКСПО-2017»
халықаралық мамандандырылған көрмесінің де Елорда төрінде өтуі еліміз үшін үлкен абырой»,–деді облыс әкімі. Елордамызбен құрдас, күннен-күнге Астанамен бірге өсіп келе жатқан жастардың бірі – Мәнсия Есекеева. Ол – Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің 4 курс студенті. Болашақта Астананың дамуына үлесін қосуға дайын. Кездесуге қатысқан жастар Астанадағы «Ханшатыр» ойын-сауық орталығы, «Бәйтерек»
монументі, «Думан» мұхит аралы, Нұр Астана мешіті, Президенттік Мәдени орталық, «Шабыт» шығармашылық сарайы, Ақорда, Қазақ елі монументі, Конгресс-Хол, Мәдениет сарайлары ару қаланың көркін одан сайын аша түсетіндігін жеткізді.
«ЭКСПО-2017» көрмесінде еріктілер қатарында жүрген Индира Кенжебекова көрмеден алған әсерімен бөлісіп, осында алған тәжірибелерін әрі қарай жалғастыру мақсатында еріктілер бірлестігі құрылса деген тілегін жеткізді. Кездесуде жастар өздерін толғандырған сауалдар төңірегіндегі ойларын бүкпесіз жеткізді. Олардың сауалының бір шоғыры мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы, шәкіртақы, туризм, медицина тақырыптары туралы болды. Өмірлік тәжірибе туралы айта келе, облыс әкімі Мәлік Мырзалин бүгінгі жастардан негізінен білім мен еңбек талап етілетінін, кәсіби, білікті мамандарға әрқашан сұраныс болып отыратынын жеткізді. «Біреуге сенетін заман емес. Сондықтан жастарға айтар тілегім кәсіби, білікті маман болуға, көп оқып, ізденуге тырысыңыздар. Еріншектік жастарға жат болу керек. Сонда ғана белгілі бір мақсатқа жетесіздер», – деді ол өз сөзінде. Кездесу соңында барлық қатысушыларға естелік сыйлықтар табыс етілді.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс