Елорда күніне — елеулі оқиғалар

Домбыра күні мерекесіне орай Көкшетауда қазақтың қасиетті аспабы Домбыраға стелла-кешені ашылды. Ш.Құсайынов атындағы қазақ драма театры алдындағы алаң, орталық қала бағының шетінен орын тепкен жаңа ескерткіштің ашылу салтанатына облыс әкімі Ермек Маржықпаев пен қала әкімі Амангелді Смайылов қатысты.

– Ару қаламыз Көкшетау бүгін жаңа бір ескерткішпен толығып отыр. Домбыра халқымыздың асыл мұрасы. Бұл аспаптың ЮНЕСКО тізіміне еніп, қорғалуы оның халқымыз тарихындағы ерекше орнын айғақтайды. Біздің кешегі өткен Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай сияқты әнші-
композиторларымыздың әсем әндері осы домбыра арқылы өмірге келіп, бізге жеткен. Ал, жергілікті мүсінші Манарбек Бұрмағанов жасаған мына ескерткіш елімізде домбыраға арналып қойылған ескерткіштердің ішіндегі ең үлкені. Биіктігі он метр. Сал-серілерімізге арналып, Көкшетау мен Нұр-Сұлтан арасындағы күрежолдың бойына бес ескерткіштің қойылуы да осы мерекелерге арналған тарту, – деді өңір басшысы.
Көкшетау қаласының Құрметті азаматы Болат Жанәділов жиналған жұртшылықты Домбыра күні мерекесімен құттықтап, халқымыздың өміріндегі домбыраның алар орны туралы айта келіп, «Енді кешкілік осы домбыра ескерткіші жанында күй әуені төгіліп, естіліп тұрса» деген пікірін ортаға салды. Одан әрі мемлекет және қоғам қайраткері, «Тіршілік» ЖШС-нің директоры Жабал Ерғалиев құттықтау сөз сөйлеп, ақын Алмас Темірбай бүгінгі оқиғаға орай, жаңа жазылған өлеңін оқып, жырдан шашу шашты. Ат үстінде, ұлттық киім киіп ортаға шыққан жігіттер сонау бір сал-серілер дәуренін көз алдымызға келтірген-ді. Сәнді ескерткіштің пердесі ашылып, құттықтау сөздер аяқталысымен сол жерде облыстық филармония жанындағы ұлт-аспаптар оркестрі бастаған бес жүз адамнан құралған оркестр Құрманғазы күйлерін күмбірлете жөнелді. Ән мен күйді ардақтаған Көкше жұрты қала төрінен Домбыра ескерткіші ашылғанына жадырай қуанса, филармония әншілері Мереке Бекмағамбетов, Ғазиза Жұмекенова, Бисара Мәкенова, Сәрсенбай Хасеновтер орындаған әндер, мереке көрігін қыздыра түсті.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий