Елім деп соққан жүрегі…

Күні кеше ғана Көкшенің төл перзенті, көрнекті қоғам қайраткері Чапай Мүтәлләпұлының салиқалы өмір жолына, қажымас қайраты мен қажырлы еңбегіне арналған естелік кітап жарық көрді. Облыс әкімі Сергей Кулагиннің арнау сөзімен ашылған бұл жинағында асыл ағамыздың есімін ардақтайтын, еңбегін бағалайтын қоғам қайраткерлерінің, Парламент депутаттарының, соғыс және еңбек ардагерлерінің, замандастарының, шәкірттерінің естеліктері, тарихи фотосуреттер жинақталған. Жинақтың құрастырылып, жарыққа шығуына облыстық «Арқа ажары» газетінің ұжымы елеулі еңбек етті.

Жер жаннаты сұлу Көкшенің экономикасын өркендетуге, халқының әл-ауқат, тұрмыс-жағдайын жақсартуға өзінің бар күш-жігерін, білімін, өмірлік бай тәжірибесін арнаған қоғам қайраткері Чапай Мүтәлләпұлы Әбутәліпов 1939 жылдың 4 желтоқсанында Көкшетау ауданының Қызылсая ауылында туған. Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік ауылшаруашылығы институтын тәмамдап келгеннен кейін, «Целинсельхозтехника» облыстық бірлестігінде, «Молодежный» кеңшарында аға инженер, механик, бас инженер қызметтерін абыроймен атқарды. Оның бойындағы алғырлық пен іскерлігін бағалай білген ел ағалары сол кездің өзінде-ақ жас маманға үлкен үміт артып, Сәкен Сейфуллин атындағы кеңшарға директорлық қызметке тағайындайды. Алдына айқын мақсат қоя білген жас директор өзіне тапсырылған жауапты жұмысты шебер ұйымдастырып, аз уақыттың ішінде аталған кеңшарды Көкшетау ауданындағы миллионер шаруашылықтардың біріне айналдырды.

Ел игілігі жолындағы азды-көпті істері лайықты бағаланып, Көкшетау аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Азнабай Әбілмәжіновтың қолдауымен Чапай Мүттәләпұлы көп кешікпей аудандық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы қызметіне жоғарылатылды. Осылай ел сеніміне ие болған іскер азамат облыстық ауыл- шаруашылығы басқармасы басшысының бірінші орынбасары болып істеп жүргенінде обкомның бірінші хатшысы Оразбек Қуанышевтың сенімінен шығып, Еңбекшілдер ауданына басшылық қызметке жіберілді. Жыр дүлдүлі Біржан сал елінің азаматтары, коммунистері оған қолдау көрсетіп, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы етіп сайлады. Осы ауданды басқарған екі жыл ішінде елдің шаруашылығын түзетуге бағытталған бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылды. Үнемі алға ұмтылу Чапай Мүтәлләпұлының өмірлік кредосы болғандықтан, ол Целиноград обкомының хатшысы болып қызмет істеген үш жыл ішінде үлкен өмір мектебінен өтті. Жер жағдайы бір, көршілес облыс болса да мұнда ауыл- шаруашылық өндірісін ғылыми негізде жүргізуде, озық технологияны қолдануда көптеген жаңалықтарды үйренді.
Қазақ елінде демократияның лебі есе басталып, обком хатшылары да партия конференцияларында баламалы негізде сайланатын болды. Нар тәуекелге бел буған Чапай Әбутәліпов 1990 жылы жерлестерінің бірауызды қолдауымен облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне сайлану бақытына ие болды. Ол жылдары Көкшенің кең-байтақ даласында бітік егін жайқалып, жайлауы төрт түлік малға сыңсып тұрушы еді. Елдің бағына қарай 1991 жылы егін бітік шығып, 4,5 миллион тонна астық жиналды. Нәтижесінде ауылшаруашылығын интенсивті өркендету үшін совхоздардың материалдық-техникалық базасын жақсартуға, өндіріске озық технология-ны көбірек енгізуге шұғыл бетбұрыс жасалды. Тағы бір жаңалық Беларусиямен тікелей келісім-шарт жасалып, облысқа бір мың трактор, 25 «БелАЗ» жүк машинасы, 50 мал азығын жинайтын техника, 10 мың телевизор, 5 мыңдай тоңазытқыш әкелінді. Ал, Белларусь жағы біздерден астық өнімдерін алды. Қысқа мерзім ішінде шалғайдағы Ленинград және Уәлиханов аудандарының шаруашылықтарына жол тартылды. Маңғыстау мен Атыраудан арнайы екі асфальт заводы алдырылды. Көкшетау қаласында және облыстың барлық шаруашылықтарында «Тұрғын үй-91» бағдарламасы сәтті жүзеге асырылды. Соның арқасында Көкшетау қаласының мұғалімдері мен дәрігерлері жайлы пәтерлерге қол жеткізді. Облыс орталығында ауылшаруашылық институты мен қазақ педагогикалық училищесі ашылды.
Кешегі тоталитарлық режим кезінде хандарымыздың, халқымыздың болашағы үшін құрбан болған асылдарымыздың мерейтойларын атап өтпек түгіл, аттарын атаудың өзі арман болатын. Ал, облыстың со кездегі бірінші басшысы Чапай Әбутәліпов орталықтың күш көрсетуіне қарамастан хан Абылайдың 280 жылдығын дүркірете өткізді. «Карасев» совхозына үкілі Ыбырайдың, Фрунзе совхозына Абылай хан есімі беріліп, Ақан серінің 150 жылдық то-йына орай жаңа ауылдың іргесі қаланып, Сырымбеттегі Айғаным усадьбасы қайта қалпына келтірілді. Мұның бәрі көптің көмегімен істелген шаруа болғанымен оның бастаушысы да, қолдаушысы да Чапай Мүтәлләпұлы болғанын қалайша мақтанышпен айтпасқа. Ел өміріндегі айтулы бұл оқиғаларды егжей-тегжейлі айтып отырғандығым, ардақты ағаның тәлім-тәрбиесін көрген інісі ретінде оған қолғанат болғанымды мақтан етемін. Біздің арамызда қимастық мықты қарым-қатынас болды. Оның басты себебі әкелеріміз Мүттәләп пен Шарап кешегі қан майданға бірге аттанды. Әкесі Украина жерінде шәйіт болып, менің әкем елге жаралы болып оралғанда оған туған әкесіндей шексіз ілтипат білдірді. Асыл ағамыздан көз жазып қалғанымызға міне, бір жылдың жүзі де болды. Оның елге жасаған жақсылықтарын, адамгершілік асыл қасиеттерін әрдайым еске алып жүрсек те арамызға қайтып оралмайтындығы ақиқат. Бір жылдық дұғасына орай оған иман байлығын тілей отырып, асыл жары Раиса Тасжанқызы, інісі Абайға, ұл-қыздары Алма, Гүлнар, Шынар, Абылай мен Жанарға сабырлық тілейміз. Көкшенің абыройына, мәртебесіне айналған асыл азаматты бәріміз де ардақтайық, ағайын!

Шияп Әлиев,

Көкшетау қалалық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс