Еліне сіңірген еңбегі елеулі азамат

Халқы үдере көшіп, туған түтінін өшіріп, басқа жаққа қоныс аударып, жұрты ғана қалған ауылдар қаншама! Оның болашағына алаңдап, кезінде сақтап қалуға ұмтылған азаматтар бар ма арамызда? Шындасақ, табуға болады. Ол – менің бүгінгі кейіпкерім, сексеннің сеңгіріне шығып отырған, жылымдылық азамат, өрт сөндіру саласының құрметті ардагері Нұрпейіс Әкпарұлы. Кіндік қаны тамған жеріне жаны ашып, қамқорлық таныту – атаның бойында бар асыл қасиет. Ұядай Жылымды ауылының жылылығын жоғалтпай, халқын тұрақтандырып, балаларын жан-жаққа шашыратпай, елде қалдыру басты мақсаты болғаны – әңгімеміздің басты арқауы.

Өрт сөндіру қыз-метінің құрметті ардагері, ел ағасы Нұрпейіс Әкпарұлының қамқорлығымен Жылымды ауылында мектеп пен имандылық үйі – мешіт салынды. Туған ауылының бірлігін сақтау жолында перзенттік борышын адал атқарған азаматтың есімін мектепке берсе деген ұсыныс бар.

Бірде ауылда берілген асқа келген Нұрпейіс ағаға жерлестері қолқа салыпты. Сондағы айтқандары, Жылымдыны аман сақтап қаламыз десек, мектеп мәселесін шешу қажет. Әйтпесе, туған үйінің түтінін өшіріп, баласының болашағын ойлаған жастар қалаға қоныс аударады. Одан кейін қарияларды алып кетеді. Ауылдың күйрегені деген осы. Жерлестерінің айтқанын ойына түйген қария бірден Көкше топырағынан Сенат депутаттығына сайланған Светлана Жалмағамбетоваға жолықты. Сөзі нық, іске бекем, айтқанынан қайтпайтын, кесімді де шешімді пікірімен белгілі болған сенатор ханым ел ағасын жақсы қарсы алып, айтқандарына құлақ асты. Халықтың өзі сайлаған жан халықтың сенімін ақтады. Жоғарыға ұсыныс айтып, елді-мекенді сақтап қалудың қажеттігін дәлелдеп шықты. Осылайша бұрынғы жатаған, төбесі құлағалы тұрған ескі мектептің жанынан қос қабатты зәулім ғимарат бой көтерді. Жылымдылықтардың жүзі жадырады, балалар шаттанды. Бүгінде қызыл кірпіштен салынған білім ошағына қызықпайтын жан жоқ. Жолай өткен жолаушылар да тамсанбай қоймайды. Ал, ішіне кірсеңіз, самаладай жарық бөлмелер өзіне еріксіз тарта жөнеледі. Қажеттінің бәрі бар. Ауыл балалары спортзалында шынығып, асханасында тамақтанып, шеберханасында шеберлігін шыңдайды. Бөбектер мектеп жанындағы шағын орталықта тәрбиеленеді. Ауыл келіншектеріне де жұмыс табылды. Бірі тәрбиеші, бірі аспаз, бірі еден жуушы болып іске кірісіп кетті.
Жылымды мектебі өз түлектерін жылда қабырғасына жинап, кездесу ұйымдастыруды дәстүрге айналдырды. Кіндік қаны тамып, балалық шағы өткендер туған топырағында қауышып, мәре-сәре болысады. Олар осы сәулетті мектепте бас қосады. Өздеріне ондай білім ошағында оқу бақыты бұйырмаса да, іні-қарындастарына сондай мүмкіндік туғанына қуанады. Ал, мектеп оқушылары болса, аға-әпкелеріне ән шырқап, би билеп, тақпақ айтады. Олардың қандай талантты, дарынды екеніне көзіміз жетіп, біз де қуанып қаламыз. Осының бәрі жаңа мектептің шарапаты ма дейсің. Жылымдылықтардың жүзін жадыратқан Нұрпейіс Әкпарұлының есімі өзі салдырған осы мектепке берілсе артықтық етпейді. Бұл жерлестерімізге айтылған наз. Бұл бір мәселе. Жерлестерін иманға шақырып, басын сәждеге тигізіп, аузына «Алласын» салдырған да осы Нұрпейіс ата. Мектеп мәселесі шешілгеннен кейін енді ауыл адамдары құлшылық етіп, өмірден озғандарға құран бағыштайтын үйі болуы тиіс деген мәселе қозғады. Осылайша осы ауылдың есті азаматтарының басын қосып, мешіт салдыруға кірісіп кетті. Қажетті қаржының басым бөлігін өзі бөліп, қалғанын шетте жүрген Жылымды жігіттері жинап берді. Сонымен бір жылдың көлемінде ауылда күмбезі жарқыраған мешіт бой көтерді. Ауылда тұратын азаматтар кірпішін қаласып, келіншектері іші-сыртын сылап, жайнатып қойды. Мешіттің ашылу салтанатына арнайы келген Нұрпейіс атаны құрметпен қарсы алған жерлестері имандылық үйінде ел ардақтысына алғыстарын айтты. Бұл жақсылығының еселеп қайтуына тілектерін білдірді. Жыл сайын қасиетті Рамазан айында ораза тұтатындар қатары өсіп келе жатқаны да көңілге қонымды. Сондықтан қадірлі жанды «Жылымдының құрметті азаматы» атандырса деген тілек бар. Нұрпейіс Әкпарұлы туған ауылын үнемі сағынып тұрады. Астанада тұратын ата жылына бірнеше рет туған топырағына барып қайтады. Балалық шағына қайта бір оралады. Ата-анасын еске алып, аруағына құран бағыштайды.
Өзі де тектінің ұрпағы. Әкесі Әкпар Шөкенов ел басқарған, аузы дуалы азамат болған. 1946-1948 жылдары «Қарағай» колхозы төрағасының жұмысын көзімен көруге Мирзоянның өзі келіп, іскер басшының ісін бағалап, арқасынан қағыпты. Әкесі осы кездесуді еш ұмытпай, үнемі айтып жүріпті. Ал, анасы Жаңыл Сағынбайқызының жарқын жүзді, қонақжай, дастарханы дәмнен кетпеген, дархан жан болғанын жерлестері аңыз ғып айтады екен. Алайда, анасынан ерте айрылған бала әкесінің тәрбиесінде болып, ержетті. Ақылды да парасатты, салмақты да сабырлы қалыптан таймай, әр қадамына есеп беруді үйренді. Білім алды. Жоғары лауазымды қызметтерде жүрсе де, адамгершілік қасиетін жоймады. Адал жүрді. Адал тұрды. Балаларын да сол жолмен жүргізді. Өрт сөндіру саласына саналы ғұмырын арнаған жан өз қарамағындағы жастардың арасынан Талдықорған, Көкшетау, Торғай облыстарында қызмет еткен жылдары он екі полковник тәрбиелеп шығарғанын мақтан тұтады. Олардың қатарында Сапар Асылбеков, Ерік Бақов, Николай Те, Амангелді Ахметов, Жанат Қартбаев бар. Келешек жастардың қолында деп есептейтін жан өзінің өмір жолында кездескен замандастарын да естен шығармайды. Қызмет бабында жолдас таңдай білудің өзі бір ғанибет емес пе! Ондайда ойлы, өрісті, еңбексүйгіш Әбділда Байжұмов деген азаматтың есімі бірден аузына оралады. Ол Қызылту өңірінде, кейін Щучьеде өрт сөндіру инспекциясының басшысы болған. Сол кісінің тәрбиесін көп көргенін еске алды. Ардагер ата «Тілсіз жаумен бетпе-бет» және «Аманат» атты қос кітабында өзінің өмір жолын баяндап, естеліктерін ортаға салады. Ғұмыры мәнді, мазмұнды өткен жан жайлы оқыған сайын көңілің толып, марқайып қаласың. Өйткені, елін, жерін сүйетін азаматтар туралы әңгіме таусылмайды.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс