Елінің мерейін өсірген азамат

Өзінің кемеңгерлігімен, іскерлігімен Көкше елінің абырой-даңқын асырған аяулы да ардақты перзенттеріміздің бірі Төлеу Сүлейменов биыл 90 жасқа толды. Ауылшаруашылығы өндірісінің әр саласында лауазымдық қызметтер атқарған білікті маманның туған жерде қалдырған қолтаңбалары да айшықты. Соның бірі Көкшетау қаласындағы бүгінгі «Достар» мәдениет сарайы. Көкшетау облыстық астық өнімдері өндірістік басқармасына жетекшілік еткен кезде Төлеу аға осы мәдениет ошағының іргесін өз бастамасымен қалап, көкшетаулықтарға «Ақбидай» атауымен тарту еткен болатын. Елінің сүйікті азаматының сіңірген еңбегі жоғары бағаланып, осы әсем ғимарат орналасқан бұрынғы Правда газеті атындағы көше бүгінгі таңда ұлы перзенттің есімімен аталады.

IMG_4505

Көкшетау қалалық ақпараттық кітапхана жүйесі «Достар» мәдениет сарайының көпфункционалды залында «Замана заңғары» тақырыбында 27 жасында СССР Жоғарғы Советінің депутаты болған көрнекті қоғам қайраткері Төлеу Сүлейменовтың туғанына 90 жыл толуына орай мәдени кеш өткізді. Кештің шымылдығын ашқан Көкшетау қаласының құрметті азаматы Болат Сүлейменұлы Жанәділов туған бауырының ғибрат аларлық өмір жолдары, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлестері, адами қасиеттері жайлы тебірене әңгімеледі. Кезінде «Қамсақты» машина-трактор станциясының, «Лавров», «Айыртау» совхоздарының директоры, облыстық ауылшаруашылығы басқармасы бастығының бірінші орынбасары қызметтерін атқарған кезде Төлеу ағаның еліне жасаған жақсылықтарын замандастары, шәкірттері бүгінгі күнге дейін сүйсіне жыр қылып айтады. Облыстық астық өнімдері өндірістік басқармасының басшысы болған кезде ол Көкшетау қаласын сәулеттендіруге елеулі үлес қосты. Элеватор маңында бірнеше тұрғын үйлер, №8 мектепке қосымша ғимарат, балабақша салғызды. Соның ішінде елеулісі жоғарыда айтып кеткеніміздей кешегі «Ақбидай», бүгінгі «Достар» мәдениет сарайы.
«Көзден кетсе де, көңілден кетпейтін» ардақты азамат жайлы соғыс ардагері, замандасы Асылбек Дәулетов, ел ағасы Сансызбай Мұхитанов, шәкірті Бауыржан Рамазанов, зайыбы Шанзали Нақыпқызы, қызы Ләззат Төлеуқызы, немересі Әбілмансұр, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев, журналист Балталы Сәрсенбаев ұлы тұлғаның есімін қастерлеуге байланысты бірқатар ұсыныстар айтты. Сүлейменов көшесінің бойында үлкен билборд орнатып, оған ардақты ағамыздың фотосы, қысқаша өмірбаяндық деректері жазылса, «Достар» мәдениет сарайының алдында бюсті орнатылса, қала тарихы музейінде Төлеу ағамыздай еліне кіршіксіз еңбек еткен ардагерлердің өмірі жайлы жеке бөлім ашылса… Бұл ұсыныстар кездесуге қатысқан азаматтардың тарапынан бірауызды қолдау тапты. Кездесу соңында қалалық ақпараттық кітапхана жүйесінің директоры Айгүл Әбішева Төлеу Сүлейменов жайлы жазылған естеліктер, фотосуреттері бар арнайы дискіні туған-туысқандарына тарту етті. Жиынды қорытындылай келе, Көкшетау қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жетекшісі Айгүл Сәбитова жиналғандарға шынайы ризашылығын білдірді.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс