Елін қорғау – ерге серт, асыл мұрат

Отан қорғаушы күні – мән-маңызы ерекше мереке. Әлемдік қауымдастықта сарабдал саясаты, мығым экономикасымен өз орнын алған Қазақ елі әскери әлеуетінің мықтылығымен де ерекшеленіп отыр. Жас мемлекеттің тәуелсіздігін нығайтуда Қазақстан Қарулы күштерінің рөлі айрықша. Бұл күні Абылай хан алаңында әскери бөлімшелер мен қарулы күштер құрылымдарының сардарлары мен сарбаздары сап түзеді.

Салтанатты шараны ашқан облыс әкімі Сергей Кулагин құттықтау сөз сөйлеп, тәуелсіздік жылдарында Елбасының қолдауы арқасында армияның қауіпсіздік кепіліне және мемлекеттің алып күші мен қуатының кемелді көрінісіне айналғандығына тоқталды. Сондай-ақ, ол еліміздің Қарулы күштері бүгінде мемлекетіміздің шын мәніндегі сенімді тірегі болып саналатындығын атап көрсетті. Жыл өткен сайын елімізде жастарға патриоттық тәрбие беру ісі қанатын кеңге жая бастағанын, әскери қызметкердің мәртебесі жоғарылап келе жатқанын айтты. «Отан қорғаушылар күні еліміздегі барлық буын өкілдерінің басын біріктіретін мейрам. Біз Отанымыздың тарихындағы ерлікке толы кезеңдерді әрдайым қастер тұтып, батыр әкелеріміз бен қаһарман аталарымыздың жанқиярлық ерліктерін мәңгілік есте сақтайтын боламыз. Сонымен қатар, бүгінде Отан сақшысы болып, елдегі бейбіт өмір мен тыныштықтың күзетінде тұрған арыс азаматтарымызға құрметіміз шексіз», – деді облыс әкімі құттықтау сөзінде. Ел айбынын асқақтатқан әскерилер орталық алаңда салтанатты сап түзеді. Мерекелік думанды көруге келген халықтың қарасы қалың болды. Әскери әуендерді әуелеткен оркестрлер өз өнерін паш етіп, көпшілікті бір марқайтып тастады. Қазақ елінің айбынын асқақтатып, мемлекеттік қауіпсіздікті нығайтуға зор үлес қосып жүрген отан қорғаушылар төл мереке күні мінсіз қызметтері үшін марапатталып, бірқатар әскери қызметкерлер әскери шендерге ие болды. Әскери антын адал орындап, ел тыныштығы үшін қалтқысыз қызмет еткен сарбаздар мен сардарларға облыс әкімінің алғыс хаты табыс етілді. Бұл күні жұртшылық №5510 әскери бөлімшесі, Көкшетау техникалық институты мен «Арлан» мамандандырылған бөлімшесі сарбаздарының әскери өнерін тамашалады. Әскери бөлімдер БТР, минометтер, зеңбірек пен басқа да техникаларды келушілер назарына ұсынды. Төл мерекеде әскери дайындығы мен жауынгерлік рухымен жиналған жұртшылықты тәнті еткен әскери қызметкерлер Отан үшін, ел тәуелсіздігі үшін қалтқысыз қызмет етуге әркез дайын екендіктерін көрсетті. Отан қорғаушы күні жергілікті көркемөнерпаздар сахнадан ел рухын асқақтатар патриоттық әндер шырқап, жұртшылыққа мерекелік көңіл күй сыйлады. Салтанатты шараға Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев қатысты.

Әсем ҰЛАНҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс