Елі алдында – Елбасы!..

Батыл бастамалар. Көреген келісімдер. Ширақ шешімдер. Талмаған табанды қызмет. Бел шешпеген алыс-алыс сапарлар… Ел тарихын, Елбасының іскерлігі мен қайраткерлігі туралы мәлімет-деректерді оқып отырсаң оның шын мәнісіндегі тарихи тұлға, бітімі дара жан екеніне көзің жетеді. Қарапайым қызметкер, қандай биік лауазым иесі болсын ондайда қашаннан қалыптасқан қағидаларды, жылдар бойы жымдасқан жұмыс жасау жүйесін, ойлау өрісін, атқарылар шаруа жай-жапсарын өзгертпес еді. Алдындағылар салып кеткен, сары тап болған «сара жолмен» жүре берер еді. Ол оңай. Өзгеге де, өзіне де түсінікті. Сүрінер тұсы да таныс, азын-шоғын шығар биігі де белгілі. Сүрінсе ешкім кемітпейді, сәл-пәл алға басса, оған да алқынбайды. Қай қатесі, қай жетістігі болмасын солай болуға тиістей көрінеді. Қоғамның, мүмкін, тіпті өмірдің өзінің қалыпты ағымы сияқты қабылдауға болар-ды бұл үрдісті.

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің жолына қарасаңыз сол қағида, қасаң қалыптың бәрі кейінде қалып, оның тыңнан жол салып, соны соқпақпен елін алға бастағанын көресіз. Иә, оның иығына артылған жүк жеңіл емес еді… Ғасырлар бойы он мыңдап, жүз мыңдап сарбаз шығарып, жүздеген жылдар бойы ат үстінен түспей айқасып, сыртқы жаудан елін-жерін қорғаған халық аңсаған арманына қол жеткізді. Тәуелсіздігін алды. Сол жұрттың жаңа кезеңге алғашқы қадамын бастар, бағытын анықтар Тұңғыш Президент! Қазақ елінің ұстанымын, талап-тілегін, мақсат-мүддесін жария етер, әлемге таныстырар Тұңғыш Президент! Жас мемлекеттің шекарасын сызып, қазығын қағып, беделін бекем етер Тұңғыш Президент! Ел эконо-микасын жүйелеп, жөнге қояр, халықтың әл-ауқатын арттырып, ұл-қызының сауатын жетілдіріп, әлемдік деңгейге көтеретін Тұңғыш Президент! Бұрын болмаған қа-рым-қатынастар, жаңа көзқарас тұрғысында құрылған келіссөздер мен келісімшарттар, жаңа саясат, жаңа экономика, жаңа құрылымдар, жаңа қоғам… Сала-сала, жүйе-жүйе жұмыстар, халықаралық дәрежедегі әңгімелер, бұрын-соңды болмаған, бұрын сырын ішіне бүккен небір елдермен қатынастар… Осының бәрін жолға қою, уақытпен бірге қадам басып, алға аттау … осынау ұшы-қиырсыз қызмет, қателесуге болмайтын шешімдер қабылдау сияқты жауапты әрекеттердің бәрі бір адамның мойнында. Көп салмақ па, әлде аз ба? Ойлап кетсеңіз салмағын сезініп, жүрегіңіздің шайлығары кәміл.
Міне, тарих сағаты сынға қойған осы міндеттердің барлығын тәуелсіз Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атқарып шық-
ты, әлі де атқарып келеді. Тіпті, Жаратқан Иеміз осынша қабілет-қарым берген Елбасы, Ұлт Көшбасшысы тек біздің еліміздің ғана бірегей саяси-тарихи тұлғасы ғана емес, әлемдік деңгейде зор беделге ие саясаткер ретінде мойындалды. Оның озық бастамалары тек біздің еліміз ғана емес, әлем елдері елең етіп, қызу қуаттар бастамаларына айналды. Оның қатарында ядролық қарудан өз еркімен бас тарту, әлемдегі дәстүрлі діндер өкілдері пікірлерін бір арнада тоғыстыру, көпұлтты тұрғындар тілегін ұштастырған Ассамлея құру, тағы басқа ғаламат шешімдер бар. Бәрі де тек біздің елімізде ғана емес, адамзат баласы мекен еткен жұмыр Жердің бетінде соғыс болмауы, тұрғындардың өзара тату болуы, халықтың әл-ауқатын жақсарта түсуді көздеген ауқымды шаралар.
Оның тарау-тарау бағыттардағы батыл бастамаларының бірі, бүгінде өзінің жеке қолтаңбасындай, еккен талындай саналатын ел ордасы Астананың салынуы, Алматыдан Сарыарқа төсіне көшірілуі еді. Ешкім Қазақстанға басқа астана керек деп ойламаған. Талай жылдар орталық болған Алатаудың бөктеріндегі Алматы расында да әркімнің биік арманы, ізгі қиялына айналған ару қала болатын. Сөйт-
сек, жас мемлекеттің, жаңа қоғам-ның серпінді істерге серпіле кірісуі үшін жаңа астана керек екен ғой!.. Иә, дәл сол экономика аяғына жаңа тұрып, жаңа завод-фабрикалар, кәсіпорындар енді ғана етек-жеңін жиып жатқанда керек екен ғой! Бұған қарсылар болды ма? Болғанда қандай! Одан гөрі «Бұл идеяны қолдаушылар болды ма?» деп сұраған жөн болар еді. Сөйтіп, жас мемлекеттің, тәуелсіздігін алған жұрттың жаңа үмітіндей үздігіп Астана тұсауын кесті! Елбасының батыл шешімі, ерекше тегеуріні арқасында Арқа төсінде Қазақтан халқының бірауызды-лығының, болашаққа нық сенімінің, үздіксіз алға басып, өсе берерінің айғағындай ертегідей Елорда өсіп шықты. Биыл он сегіз жыл! Таңдай қақтырып, қанатын кеңге жайып, күннен-күнге келбеттеніп, дамып келеді. Келер жылы есік ашар «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі оның келбетін бұрынғыдан да жасандырып, танымалдылығын арттырып, айбарын асыра түспек.
Елі алдында, ел бастаған ерек ойлы Елбасы, Астанадай айшықты елордасы бар қазақ елінің әлі талай асуларды аларына әрбір қазақстандық қалтқысыз сенеді. Ал, сенім бар жерде табыс пен жеңіс бар. Ендеше, берекелі еліміздің болашағы зор, жетістіктері баянды болғай!

Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс