«Ел болам десең, бесігіңді түзе»

18 сәуірде Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің салтанат залында «Айғаным» қыздар клубының ұйымдастыруымен «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» атты әдеби-танымдық кеш өтті. Аталған шараның мақсаты – оқу ордасында білім алып жүрген қыздарды ұлттық дәстүрлер мен дүниетаным аясында тәрбиелеу.

Білім ордасында жастарға халқымыздың салт–дәстүрлеріне тереңірек үңіліп, ұлттық асыл қасиеттерді бойға сіңіру мақсатында ашылған «Айғаным» қыздар клубы өз жемісін беріп келеді. 2016 жылдың қаңтар айынан бастап қазақтың тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлихановтың әжесінің атын иеленді. Аға буын мен кейінгі жас буынның кездесіп, пікір алмасатын сұхбат алаңына айналған бұл клуб бүгінгі күні облыс, қала көлемінде өткізіліп жүрген «Ана тілі аруы», «Шоқан аруы», «Ақмола жұлдыздары», «Тәуелсіздік аруы» сынды бірқатар тәрбиелік мәні зор байқауларға белсене қатысып, өз жетістіктерімен танылуда. Сондай-ақ, білім ордасында аталмыш клуб құрылғаннан бері әр факультетте «Қыз тәрбиесі – ұлт мәртебесі», «Қыз қылығымен» атты дөңгелек үстелдер мен пікірталастар да ұдайы өткізіліп, жастарға тәлімді тәрбие беруде.
Ақмола Ассамблеясы жанындағы аналар кеңесінің төрайымы Зере Еспайқызы Қиықова, университеттің ардагерлер кеңесінің төрайымы Тыныштық Мұқатқызы Ахметова, Таңсық Жұрынқызы, Жұпар Қалиқызы, Мәдина Кәрімқызы сынды ардагер ұстаздар және т.б. клуб мүшелері осы клуб жұмысына белсене араласып, оның нәтижелі қызмет атқаруына бағыт-бағдар беріп, өздерінің кеңестерімен жас ұрпақ тәрбиелеу саласында аянбай еңбек етіп келеді. Бүгінгі мәдени шараға Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры Ә.Әбжаппаров, университет проректорлары, факультет декандары, оқытушылар мен студенттер және БАҚ өкілдері қатысты. Ректор Әбдімүтәліп Әбжаппарұлы танымдық кештің шымылдығын өзінің құттықтау сөзімен ашып, аталмыш клубтың бүгінгі жастар үшін маңызы зор екендігіне тоқталып, университет көлемінде одан да басқа үйірмелердің жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Шара барысында Ақмола Ассамблеясы жанындағы аналар кеңесінің төрайымы Зере Еспайқызы «Гендерлік саясат: проблемалар мен ұсыныстар» тақырыбындағы баяндама жасады. Сондай-ақ, университеттің ардагер ұстазы Таңсық Жұрынқызы «Қыз бала тәрбиесі – қоғамның келелі мәселесі», психология пәнінің оқытушысы, академиялық доцент Жұпар Қалиқызы «Отбасы – тәрбие басы» туралы әңгімеледі. Сонымен бірге «Айғаным» қыздар клубы мен «Жауқазын» студенттер театры мүшелерінің орындауларында театрландырылған қойылым көрсетілді. Университеттің студенттері шағын концерттік бағдарлама беріп, бейнелеу өнері, сызу және дизайн кафедрасы жаңа үлгідегі ұлттық киім үлгілерімен таныстырды. Елбасының жақында «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңару» мақаласында атап көрсетілгеніндей, Мәңгілік Ел болу мақсатында ата-бабаларымыздан бүгінге дейін қастерлеп сақтаған мол мұрасын, яғни халқымыздың ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан ұлттық салт-дәстүрлерін дәріптейік. Халқымыздың асыл қазынасы – ана тілімізді ардақтап, сол арқылы өзіміздің ұлттық ерекшелігімізді ұлықтау –ұрпақ тәрбиесіндегі басты құндылық болмақ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс