Ел бірлігін, татулығын жырлаймыз

Облыстық халық шығармашылық және мәдени демалыс орталығы жанынан ашылған «Талант» жас ақындар клубы мен жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған студенттер арасында «Жас ақын» сайысы өткізілді. Жастар саясаты мәселелері басқармасы ғимаратында бас қосқан жырсүйер қауым өлеңнен өрнек түзген жас ақындардың жалынды жырларын тыңдады. Байқау екі аталым бойынша өтті. Алдымен студенттер өзінің сүйікті ақынының бір өлеңін мәнерлеп, жатқа оқып, содан кейін тәуелсіздік тақырыбына жазған өзінің өлеңін назарға ұсынды. Қара сөздің қадірін түсініп, қара өлеңнен қуат алып, әдемі тіркестер тудыра білген жастар жүлделі орындарға ие болды. Оларға қазылық жасаған да жыр әлемін зерттеп жүрген орта буын өкілдері.

«Жас ақын» сайысына қатысқандардың дені – Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің филология факультетінің студенттері. Жастар Сұлтанмахмұт Торайғыровтың, Әбу Сәрсенбаевтың, Серік Қалиевтің, Қалқаман Сариннің өлеңдерін жатқа оқыды. Ал, тәуелсіздік тақырыбына өз өлеңін арнаған жас ақындарымыз былай толғанады. Мысалы, жас ақын Абзал Жұмабек өзінің «Азаттықтың ақ туы» атты өлеңінде: « 91-дің таңы әйтеуір бір шықты, Көк байрақтың ортасына күн шықты» десе, Күләш Нысанбек «Айналдым сенен азаттық!» атты жырында: «Тұрғанда енді егемендігім, мұңаяды екем неге мен бүгін?» дей келе, «Ант етем саған азаттық, қоймаспын сені мазақ қып» деп ойын түйіндейді. Ұлықпан Бақталант болса: «Мәңгілік елге айнала бер, менің Қазақстаным, мәңгілік елге айнала бер, менің Ғажапстаным!» – деп толғанады. Сол сияқты Жақсылық Гүлғайша «Тәуелсіздік гүлін еккен бабасына тағзым ететінін» айтса, Ақмарал Әміржан, Абылайхан Әшімхан, Серғазы Қайырұлы еңселі елдің егемендігіне арналған жырларын оқып берді. «Жас ақын» сайысын мүшәйра десе де болады. Жалынды жастар әр өлеңнің мазмұнына мән бере, көрерменге жеткізе жырлауға тырысты. Арасында тақырыптан ауытқып кеткендер де болды. Қазылар алқасының шешімімен сүйікті ақынының өлеңін мәнерлеп оқу бойынша 3-ші орынға Ақмарал Беспаева, 2-ші орынға Гүлжайна Амангелді, 1-ші орынға Жәнібек Махамбет ие болды. Ал «Мен ақынмын» кезеңінде тәуелсіздік тақырыбына арналған өлеңін оқығаны үшін 3-ші орынға Абзал Жұмабек, 2-ші орынға Абылайхан Әшімхан, 1-ші орынға Күләш Нысанбек лайық деп табылды. Жүлдегерлерге сыйлықтар табыс етілді.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс