Ел жеңісіне қандастар да қуанышты

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев дүние жүзіне тарыдай шашылып кеткен қандастарымыздың басын Астанада биыл бесінші рет қосты. Жан-жақтан ата-бабасының кіндік қаны тамып, иткөйлегі жуылған топыраққа асыға жеткен ағайындар «Бісмілләсін» айтып, қайта бір басты. Толқымаған жүрек, тебіренбеген жан қалмады. Әлемнің әр қиырында еңбек етіп жүрген олардың бірі ғалым, бірі оқытушы, бірі саясаткер, енді бірі өнер жұлдызы. Қатарларында жастар да көп. Олар қазақ еліндегі өз тұстастарымен байланыс орнатуды қалайды. Көздері ашық, көкірегі ояу, ең басты ерекшеліктері – қазақ тілінде таза сөйлеуі. Мейлі ол Қытайдың қырында жүрсін, мейлі ол тұманды Альбионның асқарына шықсын, мейлі ол Мюнхеннің марқасқалары қатарында болсын, ана сүтімен берілген ана тілін ұмытпайды, ұрпағына да ұмыттырмайды. Қасиет деп осыны айт. Құрылтайға жиналған қандастарымызға қарап жергілікті жұрт осылай ой түйді. Олардың қатарында ақмолалық ғалым, аудармашы Ғосман Төлеғұл да бар. Жерлесіміз ұлы жиыннан ойға түйгенін ортаға салды.

«Көкшетау» газеті: Ғосман Төлеғұлұлы, биылғы Дүниежүзі қазақтары Құрылтайының бұрынғы басқосудан қандай ерекшелігі болды?
Ғосман Төлеғұл: Иә, мен бұдан бұрын да өткен осындай екі жиынға қатысқан едім. Біздің облыстан бес адам делегат болып бардық. Олардың қатарында ғалым Нұртас Ахат, тарихшы Қадыржан Әбуев, еңбек ардагері Мейрамбек Қиықов, дәрігер Болат Шайзада және мен бармын. Бұл жолғы құрылтай «ЭКСПО-2017»
халықаралық көрмесіне орайлас-тыра ұйымдастырылғанымен де маңызды. Дәл осындай әлемдік жиындардың қатарында Медиа-форум мен Шанхай ынтымақтастық ұйымының отырысын да қоса айта кеткен жөн. Бұл өз кезегінде әлемнің әр түкпірінде тұратын қазақтардың басын біріктірудің тағы бір жолы деу керек. Бүгінгі таңда дүние жүзі бойынша 5 миллионға жуық қазақ шетелде тұрады. 39 елден 350-ге жуық делегат келді. Алматы, Астана және облыстардан 75-ке жуық адам шақырылды. Дүние-
жүзі қазақтары қауымдастығының Төралқа төрағасы, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мазмұнды баяндама жасады. Мәртебелі жиында нақтылық болды. Алға қойған мақсаттар айқындалды. Шетелдегі қазақтармен қоғамдық, гуманитарлық, ғылыми, біліми байланысты нығайта түсу жайлы айтылды. Сонымен қатар Елбасының ұлттық рухани жаңғыруға бастайтын мақаласымен қарулану қажеттігі де баса айтылды. Олар шетелде тұрса да, осыған орай өз көзқарасын білдіріп, тіпті ықпал етуге құқылы.
«Көкшетау» газеті: Құрыл-тайда қандай ғалымдармен танысып, білісуге мүмкіндік туды? Өзіңіз құрылтайдан не түйдіңіз?
Ғосман Төлеғұл: Бұл жолы, әрине, уақыт өлшеулі, бәрі жоспар бойынша жүрді. Әрі «ЭКСПО-2017»
халықаралық көрмесін тамашалау қажет болғандықтан, көп әңгіме-дүкен құруға мүмкіндік бола қойған жоқ. Бірақ жиында сөз сөйлеген қандастарымыздың, әсіресе, жастардың қазақ тілінде жеткізген ойлары көкейге қонды. Айта кету керек, биылғы Құрылтайда Нұрсұлтан Әбішұлының көтерген басты тақырыптары мыналар болды: Латын әліпбиіне көшу бірлігімізді нығайтады. Әлемдегі танымал қазақтардың электронды базасы жасалмақ. «Отандастар» қоры құрылады. Шетелдегі қазақ балаларына арналған стипендия тағайындалады. Осындай келелі жиыннан кейін көрме павильондарын аралап, үлкен әсер алдық. Шеттен келген қандастарымыз да риза болды.
Құрылтайда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Төралқа төрағасы мен төрағаның бірінші орынбасарын сайлау мәселесі талқыға түсті. Өзбекстандағы қазақ ұлттық-мәдени орталығының директоры Серікбай Үсеновтің «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Төралқа төрағасы міндетін жалғастыра беруді өтінген» пікірі ескеріліп, бұл ұсыныс өкілдер талқысына салынып, Мемлекет басшысының кандидатурасы бірауыздан қолдау тапты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев құрылтай қатысушыларының тілегін қабыл алып, өзіне жүктелген сенімді атқаруға дайын екенін айтты. Осы алқалы жиын барысында Н.Назарбаев Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Төралқа төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарып келген Талғат Мамашевқа рахметін айтып, бұл міндетке елшіл азаматтардың бірі Зауытбек Тұрысбековтың кандидатурасын ұсынды. Бұл мекемеге кезінде Көші-қон және демография агенттігінің тұңғыш төрағасы қызметін атқарған, мемлекеттік қызмет істері саласында тәжірибесі мол, сондай-ақ, қазақ диаспорасы ең көп қоныстанған Ресей және Өзбекстан елдерінде Төтенше және өкілетті елші болған Зауытбек Қауысбекұлы бекер таңдалмағанын айтты. Сөйтіп, көпшіліктің бірауыздан қолдауымен Зауытбек Тұрысбеков Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқа төрағасының бірінші орынбасары болып сайланды. Мемлекет басшысы мәртебелі басқосудың қорытынды сөзі ретінде бұдан былай қауымдастықтың мәртебесі артатынын айтты. Болашақта шеттегі әр қазақ өз тағдырын Қазақстанмен байланыстырып өмір сүруге құқылы екендігін, сол үшін атқарушы билік органдарымен және сырттағы елшіліктермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасау қажет дегенді алға тартты. Құрылтай қонақтары арқылы маңызды басқосуға келе алмаған алыстағы ағайынға ақ тілегін жолдады.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс