Ел игілігі жолындағы еңбек ескеріледі

Мемлекеттік органдар, банк мекемелері мен қоғамдық қызмет көрсету ұйымдары қызметкерлерінің облыстық салалық кәсіподақ ұйымы әлеуметтік сала қызметкерлерінің құрметіне кездесу өткізді. Оған кәсіподақ қозғалысының ардагерлері мен белсенділері, әлеуметтік сала қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері шақырылды.

Мекеме төрағасы Боранбай Бегалин аталған жиынды аша келе, адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, атқарушылық және қаржылай тәртіпті сақтауда кәсіподақтардың атқарып отырған жұмыстары жайлы айтып берді. Бүгінгі таңда облыстық салалық кәсіподақ ұйымының құрамында 3 мыңдай адам бар. Олар 129 бастауыш ұйымды құрап отыр. Тек ағымдағы жылы ғана 37 кәсіподақ ұйымы құрылыпты. Бұл бағытта Астрахан, Аршалы, Еңбекшілдер, Жарқайың, Шортанды аудандық бірлестіктерінің төрағалары О.Жаңбырбай, Т.Пристинская, А.Мұхамеджанов, Н.Подрезов, Т.Сытник белсенді жұмыс істеуде. Жыл басынан бері аудандар мен қалаларда 21 көшпелі кеңес ұйымдастырылды. Еңбек ұжымдарында Қазақстан Республикасының жаңа Еңбек кодексінің нормалары түсіндіріліп, әдістемелік көмек көрсетілуде. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының жетекшісі Д.Ахметжанованың көмегімен Шортанды ауданындағы Жолымбет және Дамса поселкелерінде, Астрахан ауданындағы Бірінші Май селосы мен Бұланды мемлекеттік әлеуметтік мекемесінде кәсіподақ ұйымы құрылды.
«Үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы», «Кәсібі бойынша үздік қызметкер», «Үздік мемлекеттік қызметші» конкурстары да жиі өтіп тұрады. Кәсіподақ белсенділерінің ел игілігі жолында атқарған жұмыстары да назардан тыс қалмаған. Өткен жылы 10 адам «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Мемлекеттік мекеме қызметкерлері Сандықтау аудандық кәсіподағының төрағасы Серік Құдабай «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін», Көкшетау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Марал Бексейітова Құрмет грамотасын алды. Боранбай Бегалин атап көрсеткеніндей, әлеуметтік еңбек қатынастарын дамытуға байланысты ұжымдық шарттардың орындалуына да жете көңіл бөлінуде. Жиналысқа қатысушыларды Ақмола облысы кәсіподақтарының аумақтық бірлестігінің төрағасы Кеңес Бекішев, еңбек, тұрғындарды әлеуметтік қорғау және көші-қон департаментінің бас маманы Ләззат Сұртаева құттықтады. Бұдан кейін кәсіподақ қозғалысын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін бір топ белсенділер алғыс хаттармен марапатталды. Олардың ішінде жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бөлім жетекшісі Людмила Бусс, Жолымбет поселкесіндегі арнайы әлеуметтік көмек көрсету орталығының директоры Өміржан Құрымбаев, Малотимофеевка қарттар мен мүгедектерге арналған арнайы әлеуметтік мекеменің аға мейірбикесі Валентина Самусенко, Дамса селосындағы арнайы қызмет көрсету орталығының маманы Жанар Нұрғалиева бар.
Халықаралық кәсіподақ федерациясының 25 жылдығына орай Мәскеудің мемлекеттік мекемелер және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері кәсіподағы арнайы шығарған мерекелік медалімен мемлекеттік органдар, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері салалық кәсіподағы төрағасының орынбасары Орынбасар Қапаров марапатталды. Халықаралық федерацияның құрмет грамотасы еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаментінің жетекшісі Қабдуали Құлышевқа, облыс кәсіподақтарының грамотасы Бақытжан Құсайынов, Наталья Поляковская, Сәбит Ыбыраев, Виталий Городецкий, Баян Ахметова, Саттар Есләмов, Татьяна Радченкоға табыс етілді. Марапатқа ие болған әлеуметтік қызметкер Светлана Новикова міне, 18 жыл бойы өзіне бекітіліп берілген қарттар мен мүгедектерге, барлығы 8 адамға мінсіз қамқорлық көмек көрсетуде. Ол жоғарыда аталған адамдарға азық-түлік жеткізіп береді, емханаға бірге барады, пәтерін жинастыруға көмектеседі. Мерекелік іс-шара қызықты концерттік бағдарламамен аяқталды. Бұдан кейін әлеуметтік сала қызметкерлері мен кәсіподақ белсенділері дастархан басында әңгіме өрбітті.

Аружан ҚАЖЫМҰРАТОВА.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий