Ел мүддесі бәрінен биік тұрады

Өмірдерек: Ғалымжан Сүйіндікұлы Копишев 1980 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Ақжар ауданының Талшық кентінде дүниеге келген. 2002 жылы С.Сәдуақасов атындағы Көкшетау ауылшаруашылығы институтын инженер-механик мамандығы бойынша бітірген. 2004 жылы солтүстік аймақтағы ірі құрылыс компанияларының бірі – «К.Г.С.СаудА» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің негізін қалады. 2007 жылдан бері «СаудА PLasT» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі бақылау кеңесінің мүшесі. «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы Ақмола облыстық филиалы саяси кеңесінің мүшесі. Үйленген, үш баласы бар.

Ғалымжан КОПИШЕВ,
«К.Г.С.СаудА» құрылыс компаниясы»
жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры,
Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты

Депутат – халықтың өкілі, олардың өкілетті биліктегі үні десе де болады. Біз халық қалаулысы деген құзырды иеленген күннен бастап, ең алдымен елдік мүддені бәрінен биік қоюға тырысамыз. Себебі, халық дегенің – мемлекет, бұл екі ұғымды бір-бірінен ажыратып қарауға болмайды. «Билік дегенің – айбалтаның басы, ал, халық оның сабы. Егер сабын мықтап ұстамасаң, оның жүзі абайсызда біреуді жаралап кетуі мүмкін», – деген екен дана бабамыз. Шынында, биліктің салиқалы саясат жүргізуі халықтың мүддесіне орайластырылуы керек дейтініміз де содан болса керек. Мәслихат – жергілікті жердегі өкілетті биліктің бір тармағы ретінде мемлекет пен халықтың арасындағы дәнекер қызметін атқарады. Мен алтыншы шақырылған Көкшетау қалалық мәслихатына депутат болып сайланғалы қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытындағы жұмыстарға атсалыса бастадым. Іске кіріскен бес ай ішінде үш сессия өткізілді. Тұрақты комиссиялардың он мәжілісінің басқосуы болды.
Алғашқы сессияда мен әлеуметтік-экономикалық даму, экология, коммуналдық сала және көркейту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияға мүше болып сайландым. Бұл бүгінгі ең маңызды мәселелерді қарайтын сала екенін де айтар едім. Тұрғындарды толғандыратын жайлар да осы салаларға байланысты туындайтыны анық. Мысалы, әлеуметтік жүйеде де шешімін таппаған мәселелер баршылық. Тіршілік қаракеті алға озған сайын қарапайым адамдардың толғағы көп толғаныстарының да қылаң беретіні еш жасырын емес. Атқарушы және өкілетті билік бұл көкейтесті мәселелерді бірлесе отырып шешкенде ғана істің нәтижесі болады. Облыс орталығының экологиялық және коммуналдық бағыттағы мәселелері өз шешімін тауып жатқан жайы бар. Әсіресе, туған қаламыздың бет-бейнесін жақсарту бағытында аз жұмыс істеліп жатқан жоқ. Күн санап бой түзеген биік үйлер мен ғимараттар осының айқын мысалы іспеттес. Өзім басқаратын құрылыс фирмасының қала сәулетіне үлес қосып жатқанын ауыз толтырып айта аламын.
Әрине, мәслихат сессияларында қаралатын негізгі мәселелерге келсек, негізінен қала бюджетіне өзгертулер мен толықтырулар енгізу басты назарда ұсталады. Мұның да өзіндік себептері бар. Қазіргі жаһандық қаржы дағдарысы біздің елімізге де әсерін тигізбей қалмады. Бірақ, біз қаржы дағдарысын желеу етіп, бюджеттің әлеуметтік сипатын кейінге ысырып қойған емеспіз. Сессияларда қаралатын бюджет мәселесінде тұрғындарды әлеуметтік қорғау, жұмыссыздықты жою және тағы басқа міндеттер күн тәртібіне жиі қойылады. Мысалы, Көкшетау қалалық мәслихатының 2015 жылдың 24 желтоқсанындағы «2016-2018 жылдарға арналған қала бюджеті туралы» №С-44/3 шешіміне өзгерту енгізу жөнінде мәселе екі рет депутаттар талқысына түсті. Одан кейін тұрғындардың жекелеген санатына әлеуметтік көмек көрсетудің мөлшерін анықтау жөнінде ережені бекіту, аз қамтылған отбасыларға тұрғын үй жәрдемақысын берудің көлемін белгілеу және тағы басқа келелі мәселелер кеңінен қаралды. Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаевтың алғашқы жартыжылдықта атқарған жұмысы да депутаттар тарапынан қолдау тапты. Қала әкімдігімен қолға алынған жақсы жұмыстар тілге тиек етілді. Бюджет қаражатының аздығына қарамастан қаншама игі істер жүзеге асып жатқанын да атап көрсетуге болады.
Депутаттың негізгі жұмысы сайлаушылар аманатын қанағаттандыру бағытындағы шаралар арқылы да көрініс табады. Қалалық мәслихаттың депутаттарына ағымдағы кезеңде келіп түскен сауалдар бойынша хаттар тиісті құзырлы органдарға жолданды. Сөйтіп, 62 депутаттық сауалдың басым бөлігі оңтайлы шешімін тапты. Ал, «Нұрлы көш» және «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша тұрғын үйді жалға алу келісім-шарттарын жасасу бойынша жүргізілетін жұмыстарды қадағалау мақсатында екі уақытша комиссия құрылды. Міне, осының бәрі мәслихат депутаттарының өз сайлаушылары алдындағы міндеттерін мінсіз орындауға деген талпыныстарын жақсы қырынан көрсететіні анық. Алдағы уақытта да біз осы арнадағы жұмыстарымызды жалғастыратын боламыз. Бұл ретте жергілікті атқарушы билікпен қоян-қолтық жұмыс істеп, ел мүддесі жолында бар күш-жігерімізді жұмсайтын боламыз. Биылғы жыл біздер үшін ерекше тағылымды жыл болғалы тұр. Азаттығымызды алып, Көк байрағымызды асқақтатқанымызға ширек ғасыр толғалы отыр. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы
Назарбаев тәуелсіздік жайлы бір сөзінде: «Қаз тұрып, қадам басқан Тәуелсіздік сәбилік тұсауын өміршең уақытқа кестірген кезден бастап, Қазақстанымыз айшылық жерді алты-ақ аттаған алып секілді, дәуір жалынан мығым ұстап, тізгінін бекем қаға біл-ді», – деген болатын. Ендеше, ұлы мұраттарға қол созған тәуелсіздігіміз баянды болу үшін оған басшымыз да, қосшымыз да белсене үлес қосуымыз керек. Бұл ретте депутаттар қауымы да өздеріне берілген міндеттерді адал атқарып, Қазақ елінің биік белестерден көрінуіне жан-тәнімен атсалысады деп айта аламын.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс