«Ел» не дейді?

Әдебиетші ғалым, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының академигі Нұртас Ахаттың «Ел» деп аталатын жаңа кітабымен таныстық. Ұзақ жылдар педагогика саласында тер төгіп, Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжін басқарып отырған, бұған дейін әдебиет сүйер қауымға «Орынбай ақынның әдеби мұрасы», «Алаштың Алмас ақыны», «Қос арна», «Қазақтың ары — честь казаха», «Сөз және сурет» сияқты зерттеулер, көсемсөздер жинақтарын ұсынған автордың бұл шығармасында оның азаматтық ұстанымы, кесіп айтқан кесек пікірлері, қоғамға көлденең қойылған сұрақтары, төтесінен төндірген айшықты ұсыныстары алдыңнан шығып, ойға жетелейді. 

Кітапқа Абай Кенжалин, Асқарбек Құсайынов, Серік Негимов, Дихан Қамзабекұлы, Шолпан Карина, Ғосман Төлеғұл, Есімжан Әміров, Ақберен Елгезек сияқты елге аты танылған ірі ғалымдар, ақын-жазушылар пікір жазып, оң бағаларын беріпті. Сондықтан, кітап жоғары бағасын алып, қадірі танылған. Демек, бізге осы құнды дүниені құнттап оқып, ой-өрісімізді толықтыру ғана қалады. «Елдің» елең еткізер ерекшелігі автордың кемел жасқа келген, зиялы, зерделі қалпы қапысыз қалыптасқан тұста көрген-түйген, білгенін бүкпесіз, ашыла, кейде ашына айтуы. Осы шыншылдық, тіпті батылдық шығарма құнын артып тұр. Ширақтығы, етек-жеңінің жинақылығы тағы бір олжа.
Азаматтың алғаусыз көңіл-күйі, әсері, ақтарыла айтқан сыры ғылыми көсемсөзді нәзік те сыршыл эссе жанрына жақындата түскен. Сол адалдық пен жылылық оқырманын өзіне тартып, жетелей жөнеледі. Ұлтыңды, жерің мен еліңді шын сүйетін, ардақтайтын достыңмен кеңесіп, пікір алмасып, шеріңді бір тарқатқандай боласың. Автор «мен» деп сөйлеп, мойнына міндет алудан да қашпайды. Ел ертеңін ойлап, мазасыз күйге түскен ғалым бүгінгі күнгі даму барысымызды әлемдік ақыл-ой иелері, көрнекі ғалымдарының айтқан уәждерін алға тарта отырып баяндайды, көне тарихты қопарып, ұлтымыздың қалыптасу жолын сабақтайды. Үлкен-кішіге қаперге алар мәлімет көп. Алуан-алуан ой, ел аузында қалған аталы сөз, мақал-мәтел, жыр-толғаулар жолдарын ұтымды пайдаланады. «Құнан сөзді Төле бауыздап, Қазыбек іреп, Әйтеке мүшелеп береді», «Төле тауып айтады, Қазыбек қалып айтады, Әйтеке жарып айтады» деген сөздер үш бидің билік айтудағы ерен қабілеттерін дәріптеп көрсетуі, асқақтата айқындап ризалықты білдіруі еді» деген сияқты ұлтымыздың тапқырлығы, шешендігі, елдің жоғын жоқтауы жөніндегі көне сөздер көңіл толтырады. Қарапайым оқырман назарынан қалыс қалған, екінің бірі біле бермейтін әлемге аты шулы ғалымдар аты жөндері, олардың еңбектері аталып, ізденем деген жасқа жөн сілтенеді. Сөйтіп, тарих түгенделіп, сөз жүйеленіп келе бүгін өзіміз күн кешіп жүрген заманның, ел дамуының түйткілді мәселелері көтеріледі. Бұл тұста ел ертеңін ойлаған ғалым қоғам кемшіліктерін ойсырата сынып қана қоймайды, ол қателіктерді түзету жөніндегі өз ұсыныс-пікірлерін де ашық айтады. «Тарихты бұрмалау-ұлтымыздың болашағына қиянат жасау, тамырына балта шабу деген сөз», «Жиырмасыншы ғасырдағы қазақ халқына жасалған геноцидтің салдарынан бүгінгі барша қазақтың санасында қорқыныш үрей қалды. Бұл қорқыныш синдромы ретінде әлі де жойылмай отыр», «Аласапыран кезеңде ЕЛ қорғаны бола білген жыраулардың бүгінгі мұрагерлері 700 ақын-жазушы осы Рухты түсіріп алды», «Тәуелсіздік алған қазақ санасы таңдау жасай алмай, ал қазақ билігі саналы идеология бере алмағандықтан, көпшілігі дінге бет бұрды», « Тәуелсіз ЕЛ ретінде өз руханиятымызды, өз саяси идеологиямызды анықтап, салиқалы түрде жасай алмай отырмыз. Тәуелсіздікте дүниеге келген жас ұрпақты бағыт-бағдарсыз қалдырдық», «Қазақстандағы дін ұстанушылық өте жабайы әрі қырық құбылмалық жолға түскен. …Оны исі қазақ тұтынып, ақыл сарайына сақтап, ұрпағына аманат ретінде тапсыратын. Бүгінде соның уызы жоқ, уыты ғана қалған» деген сияқты сана сілкінтер ащы шындықтар жиі ұшырасады. Кітапта ел дамуына қатысы бар көптеген салалар қамтылып, сыни пікірлер айтылған. Сөйте отыра автор «ЕЛ болуда қазақ ұлтының өз басымдықтары бар. Соның бірі- қазақ нәсілінің жастығында, яғни генетикалық тұрғыдан айтсам, ұлттың қанының жастығында» деп алып, ЕЛ болашағына үміт артады. Оқыр-ман жоғарыда келтірілген азын-шоғын үзінділерден-ақ, кітаптың шыншылдығы мен өткірлігіне, сонылығына көз жеткізді деген ойдамыз. Елінің ертеңін ойлаған, қазағының қамын жеген кім-кімге болмасын «Елдің» айтары көп екені кәміл.

Серік Жетпісқалиев.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий