Ел татулығы – басты құндылық

Облыс әкімі Сергей Кулагиннің қатысуымен кеше Көкшетаудағы «Қоғамдық келісім» үйінде Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының XIX сессиясының отырысы өтті. Оның жұмысына облыстың этномәдени және дiни бiрлестiк басшылары, мемлекеттiк орган өкiлдерi, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, саяси партиялар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдерi қатысты.

Алқалы жиынды кіріспе сөзбен ашқан облыс әкімі С.Кулагин Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIV сессиясында Елбасы айқындаған мiндеттердi iске асыру барысында облыстық ассамблея жалпымемлекеттік мәселелерді шешуге белсенділікпен қатысуы қажеттігін атап өтті. – «Тәуелсіздік», «Бірлік», «Келісім» ұғымдары бір-бірімен тығыз байланысты, біздің елдік армандарымыз тоғысатын құндылықтар. Ол армандарымыз – Тәуелсіз Қазақстанның тұғырын нықтау, кең-байтақ жерімізді көркейту, елдігімізді, бейбітшілігімізді сақтау, «Мәңгілік Ел» болу. Осы армандарды іске асыру жолында «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып», аянбай еңбек етсек, біз жетпейтін мұрат, біз аспайтын асу болмас!» – деді аймақ басшысы. Ақмола Ассамблеясы өз жұмысын күшейту бағытындағы шараларды жүйелі түрде іске асыруда. Қазіргі таңда облыс көлемінде 200-ге жуық қоғамдық келісім кеңестері қызмет атқаруда. Облыстық ассамблея жанында ғылыми-сарапшылық топ, қоғамдық келісім кеңестері, аналар кеңесі, журналистер клубы жұмыс істейді. Достық үйі облыстағы барлық этномәдени орталықтар мен ассамблеяның ортақ шаңырағына айналды. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында өңірде 300-ге тарта қайырымдылық шарасы өткізіліп, 200 миллион теңгенің көмегі көрсетілді. Медиация, ағылшын және қазақ тілдерін тегін үйрететін кабинеттер ашылып, жұмыс жасауда. Жиын барысында сөз сөйлеген гуманитарлық-техникалық лицей директоры Наталья Дементьева, «Өрлеу» педагогика кадрларының біліктілігін арттыру институтының Ақмола филиалының жетекшісі Еркін Исімбаев, Есіл ауданының Зареченск селолық округінің әкімі Наталья Милюк елімізде орын алып жатқан соңғы өзгерістер төңірегінде және бейбітшілік пен келісімді нығайту қажеттілігі жайлы ой-пікірлерімен бөлісті. Мемлекет басшысының сарабдал саясаты мен жүргізіліп жатқан реформаларды қолдап, болашағы біртұтас ұлт қалыптастыру жолында аянбай еңбек етуге шақырды. Сессия қорытындысы бойынша облыс басшысы С.Кулагин барлық деңгейдегі әкімдерге, мемлекеттік құрылымдар басшыларына, облыстық ассамблея хатшылығына тиісті тапсырмалар беріп, бірқатар міндеттер жүктеді. Ел бiрлiгiн нығайтуға, этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді қалыптастыруға қосқан елеулi үлесi үшiн Қорғалжын ауданы әкімінің орынбасары Сағадат Аққожина Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» Алтын медалімен марапатталды. Ақмола облысының «Чинсон» корей мәдени орталығы қоғамдық бірлестігінің төрайымы Людмила Лим, Атбасар аудандық мәдениет үйінің «Вайнах» халықтық би ансамблінің жетекшісі Юрий Вышегуров, Ақмола облыстық «Видергебурт» неміс орталығы қоғамдық бірлестігінің төрайымы Любовь Ленёва Қазақстан халқы Ассамблеясының Алғыс хатына ие болды. Сондай-ақ, облыста тұрып жатқан этностар арасындағы достықты, бейбітшілік пен этносаралық татулықты нығайтудағы жасампаз еңбегі үшін бірқатар азаматтарға Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясының Алғыс хаттары табыс етілді. Ал, облыстық «Акмолинская правда» және «Арқа ажары» газеттерінің бас редакторлары Валентина Косянюк пен Қайырбай Төреғожа Қазақстан халқы Ассамблеясының Құрмет грамотасымен марапатталды. Шара соңында Ақмола облысының тұрғындарына арналған Үндеуі қабылданды. Бұл күнi Ақмола тарихи-өлкетану мұражайының «Бiр шаңырақ астында» деп аталатын жаңа залына экскурсия ұйымдастырылды.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс