Емдеудің жаңа әдісі қолға алынуда

Ақмола облыстық «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасында «Туберкулездің бизнеске ықпалы» тақырыбында баспасөз-конференциясы өтті. Ақмола облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің бас дәрігері Қасымжан Тәшметов наурыз айында елімізде туберкулездің бизнеске ықпалы жөнінде, бизнес құрылымдары өкілдеріне сауалнама жүргізу түріндегі жыл сайынғы дүниежүзілік экономикалық форум сауалнамасы өткізілетіндігін мәлімдеді.

Оның қорытындысы бойынша халықтың туберкулез жөніндегі сауаттылық деңгейі бағаланады. Бизнес басшыларының туберкулездің бизнеске ықпал ету қаупінің жоқ екендігін объективті түрде бағалауы еліміздің бәсекеге қабілеттілік рейтингінің өсуіне және инвестиция тартудағы өзіндік тартымдылығының артуына септігін тигізеді. Елімізде соңғы он жылда туберкулезге шалдығу жағдайы 2,4 есеге төмендеп, 2017 жылы 100 мың халыққа шаққанда 2007 жылғы 126,4-ке қарсы 52,2-ні құрады. Өлім-жітім жағдайы 100 мың халыққа шаққанда 6 есеге төмендеп, 3,0-ді құрады. – Дүниежүзілік экономикалық форумның 2017-2018 жылдарға арналған Жаһандық бәсекеге қабілеттілік туралы есебіне сәйкес, Қазақстан 2017 жылдың қорытындысына сәйкес «Туберкулездің таралуы» факторы бойынша өзінің жағдайын 2016 жылмен салыстырғанда 2 позицияға жақсартты және 138 елдің ішінен 90-орын алды, – деді Қ.Тәшметов. Оның айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстанда туберкулезді ерте анықтау үшін диагностиканың халықаралық стандарттарға сәйкес заманауи әдістері қолданылуда. Барлық облыстық, қалалық және өңірлік туберкулезге қарсы ұйымдардағы бактериологиялық зертханаларда туберкулезді және ауқымды дәрілерге көнбейтін туберкулезді екі сағат ішінде тез диагностикалау бойынша алдыңғы қатарлы инновациялық зертханалық технологиялар енгізілген. Осы ретте, облысымыздың алты ауданына жаңа заманғы аппараттар алынды. Сондай-ақ, Қазақстанда туберкулезді біріккен бақылау стратегиясы жүзеге асырылуда. Яғни, туберкулез микробактерияларын шығармайтын және айналасындағы адамдарға қауіп тудырмайтын пациенттер тұрғылықты мекенжайы бойынша емханаларда амбулаториялық ем қабылдайды.
2017 жыл қорытындысы бо-йынша амбулаториялық жағдайда ем қабылдауды бастаған туберкулезге шалдыққан науқастардың үлес салмағы 25,1 пайызға өсіп, 40,3 пайызды құрады. – Қазақстанда туберкулездің алдын алу, диагностикалау мен емдеу тегін және ол мемлекет есебінен жүргізіледі. Тез диагностикалау әдістері мен тиімділігі жоғары дәрі-дәрмектер арқасында туберкулезді толығымен емдеуге болады. Ауруды еңсеріп, айығып кеткен адамдар оқып, еңбек етіп, дүниеге дені сау сәбилер әкеліп, мәнді де мағыналы өмір сүре алады, – дейді Қ.Тәшметов.

Ә.ҰЛАНҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий