Емханаларға тіркелу басталды

Көкшетау қалалық емханасында облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері «Емханаға тіркел де, міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру жүйесіндегі өз мәртебеңді анықта!» атты емханаларға тіркелу науқанын түсіндіру бойынша БАҚ өкілдерімен баспасөз конференциясын өткізді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы жетекшісінің орынбасары Сергей Киласьев емханаға тіркелу науқанының ерекше маңыздылығына тоқталып өтті. Оның айтуынша, бұл міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге дайындық шараларының бірі болып табылады.

Қазірден бастап өзіміздің азаматтар қай санатқа жататынын анықтап алулары керек. Жарнаны сіз үшін кім төлейді: мемлекет пе, жұмыс беруші ме, әлде өзіңіз бе? Осыны түсініп алу керек. Азаматтарды алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету ұйымдарына тіркеу тұрақты немесе уақытша тұратын жері, жұмыс, оқу орны бойынша жүзеге асырылады. Сондай-ақ, тұрғындар дәрігерді еркін таңдауға және бір әкімшілік-аумақтық бірлік құзыреті бо-йынша медициналық ұйымнан көмек сұрауға құқылы. Азаматтар дәрігер мен емхананы еркін таңдаған кезде, емханаға тіркелу бір рет қана жүзеге асырылады. МСАК ұйымдары азаматтарды жеке өтініші арқылы ғана тіркейді. Отбасы мүшелерін тіркеу отбасы мүшелерінің біреуі арқылы, өзге отбасы мүшелерінің жазбаша келісімі болған жағдайда және отбасының әрбір мүшесінің жеке басын куәландыратын құжаттарын көрсету арқылы жүзеге асырылады. МӘМС жүйесіне қатысу үшін азаматтарды емханаға тіркеу өте маңызды. Өйткені, емхана арқылы денсаулық сақтау жүйесіне жол ашылмақ және сақтандырылған азаматтар медициналық сақтандыру пакеті арқылы медициналық қызметтерге қол жеткізеді.
Еліміздің әр тұрғыны емханаға тіркелу науқаны аясында бастапқы медициналық ұйымға тіркелгенін тексерумен қатар, өзінің санаты туралы мәлімдеуі қажет. Сіз кімсіз – жалдамалы қызметкер, жеке кәсіпкер, өзін-өзі жұмыспен қамтушы азамат, әлде ресми кірісі жоқ немесе еш жерде жұмыссыз ретінде тіркелмеген жұмыссыз азаматсыз ба? Болашақта сақтандырылатын адамның санатын анықтау қажетті медициналық көмек алу кезінде қиындықтар туындатпау үшін маңызды болып табылады. МӘМС жүйесіне қатысу туралы барлық ақпаратты, жарналар мөлшері және төлеу схемаларын сіз өз емханаңыздағы тіркеу орныңыз немесе сіздің учаскелік дәрігеріңіз арқылы біле аласыз. Сонымен сіз емхананы таңдадыңыз, енді оған қалай тіркелу керек? Мұны жүзеге асыру өте оңай. Бұл үшін емханаға жеке басты куәландыратын құжатпен келіп, бас дәрігердің атына өтініш жазуыңыз керек. Ешқандай атаулы анықтама талап етілмейді. Сөйтіп, тіркеу өтініш түскен күні жүзеге асырылады.
«Емханаға тіркелудің екінші тәсілі ғаламторды пайдаланушылар үшін ыңғайлы. «Электронды үкімет» (еgov.kz) порталы арқылы электрондық құжат нысанында азаматтың мәліметтерін көрсете отырып, сұрау салу қажет. Емханадағы жауапты қызметкер электрондық сұрау салуды тиісті ақпараттық жүйелерден алады және сіздің тіркеу туралы электрондық түрде талоныңызды ресімдейді. Тіркелгеніңіз жөніндегі
ақпаратты «еgov» порталындағы «Емхананы таңда» бөлімінде анықтай аласыз», – деп атап өтті С.Киласьев. Сондай-ақ, азамат тек бір емханада ғана тіркеле алады. Оның бір уақытта бірнеше емханада тіркелуі мүмкін емес. Пациент өз өтінішімен МСАК ұйымына тіркелу кезінде осыған дейін тіркелген МСАК ұйымынан «Азаматтарды тіркеу регистрі» порталы арқылы автоматты түрде шығарылады. 2017 жылдың қаңтар айындағы есеп бо-йынша Ақмола облысында 745857 адам тіркелген.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс