Емші қыздың әңгімесі

Дүниеде деніне саулық іздеген адам көп. Алайда, әркім әртүрлі жолмен жүреді. Мақсат та әр басқа. Біреу ұзақ жасағысы келеді, біреу сымдай тартылып, әдемі көрінуді қалайды. Тағы біреу қартайғанда өзгеге салмақ салмаудың қамын жейді. Жұмысты, қызметті алға шығарып, аяғында алқынып қалатындар кезігеді. Енді біреу күнкөріс қамы үшін бір жері ауырып, жаны көзінің ұшына көрініп жүрсе де ем алмай, тапсырылған ісін атқара береді. Бұл тақырыпқа ұзақ уақыт арнап, көп ой тарқатуға болатын сыңайлы. Біз бүгін сол көп ойдың бір саласына ғана аз-кем тоқталсақ. Мүмкін, іздеген біреуге ой салар…
…Шығыс ем-домын білетін уқалаушы («массажист» сөзі осылай аударылатын ба еді? Сәл келіңкіремейтін тәрізді) қыз білімді Қытай медицина институтынан алған көрінеді. Сонда туып, сонда өскен. Атажұртқа келгеніне екі-үш-ақ жыл. Сондықтан мұндағы жұрттың денсаулыққа деген көзқарасына әлі таңырқап болмаған, ана жақтағы халықтың ой-пікірін әлі ұмытпаған.
Ол, әсіресе, біздің қоймастан тәтті жеуімізге қайран. Маржандай тісті жегідей жейтін де, қанды қойылтып, тамырларды бітеп, талай ауруға тап қылатын да осы – қант емес пе? Оның айтуынша, біздің аузымыз таңертеңнен кешке дейін тәттіден бір босамайды. Талай адамды қинап жүрген қант диабеті өз алдына, алқымнан алып, тынысыңды тарылтар аллергияңыз да қанттың қырсығынан дейді. Ағзаға түскен артық заттарды сүзе-сүзе бүйректің сүзгісі бітеліп, итсілікпесі шығады-ау. Сосын тұншығып, қақалып-шашалып, жұмысынан жаңылмақ. Ойлап кетсең, өтірігі жоқ. Тәттіге құмармыз. Сонда қалай, мүлде тәтті жемеуіміз керек пе?.. Басқасын былай қойғанда онсыз қалай шәй ішеміз? Аузымыз су татып, тамағымыздан өтпес. Ағза да тәттіні іздеп алаң-жұлаң алақтап, байыз таппайтын сияқты. Ондайда кәдімгі балдан, тоспадан ептеп дәм татқан жөн екен. Дұрыс шығар, балдың шипасы туралы Құранда да айтылады емес пе?
Айтпақшы, теледидардан жақында бір танымдық хабар көргем. Археологтар табылған көне заманғы сүйектен оның ақсүйектер нәсілінен, бай тұқымнан екенін жазбай танып жатыр? «Қайдан білді?» дейсіз ғой. Тістеріне қарап. Дәлірек оның тістерінің шіріп кеткеніне қарап. Кедейге қант қайдан келсін? Мысырлықтардың сол кездегі дәулеттілерінің қантты көп жегеннен тістері шіріп, ауыздарынан жайсыз иіс шығатын болған деп әңгіме өрбітіп жатыр ғалымдар. Демек, тәттілігімен арбайтын қанттың зардабы бағзы замандардан келе жатқаны ғой. Емшінің біз туралы тағы бір таңданысы салқынға құмарлығымыз екен. Газдалған, қанты мол салқын сусындар, күрең қызыл сыраларды шімірікпей сіміруіміз денсаулығымызды жақсарта түспесі кәміл көрінеді. Керісінше зияны жетерлік. Рас, ағзаға су керек. Бірақ, оның таза су және мүмкіндік болса жылы су болғаны дұрыс дейді. Әрине, бұл әңгіме бұрыннан бар. Тек соны елең қылып, ұстанушылар көп емес. Көп адам судың салқынын қалайды. «Баланы былай қойып, үлкендеріңіз де балмұздақ жалау-дан жалықпайды» деп күйінеді емші. «Мысалы, менің балаларым өткен жазда екі түйір балмұздақ жеді». Бір жазда екі балмұздақ?! Бұған, әрине, мен аң-таңмын. Баламызды айтпағанда, өзіміздің балдай балмұздақтың алты ай жазда нешеуін жейтініміз есіме оралады ғой… Қорапты қойып, шелекпен алатын болғанбыз!
Емші қыз салқынның салдары туралы әңгімесін одан әрі тарқатты. Негізінен адам бойына тарайтын қуат бүйректен дейді ол. Ағзаға қабылданғанның бәрін, соның ішінде сұйықтықты сүзуші осы. Су ағзаға керек, алайда адам қабылдаған салқын суды пайдалану үшін ағза әуелі оны өзіне керек деңгейге дейін жылытады. Сосын барып сіңіреді. Демек, ағзаға жұмыс жүктемей, бірден жылы су ішкен абзал. Ал, әлгі тәтті сусын, тағы басқа қоспасы бар сулардың барлық артық ауысын сүзе-сүзе бүйрек байғұс әбден қалжырайды. Денеге әл-қуат беру дәрмені әлсірей береді. Бүгінгі жас жігіттердің босбелбеулігі, кейде бедеулігінің тамыры сонда жатыр дейді, емші. Тіпті, ыстық бу буған бөлмеге кіріп шабыттана шабынудың кей жігіттерден бала болмауына соқтыруы мүмкін. Қатты ыстық перзент боп ұйық сұйықты да жансыздандырып тастамақ. Оны естігенде жастардың бәсекелесіп, бәстесіп, қоймастан буға кіріп, шалқаларынан жатып, жапырақпен шаптарын шапалақтап, бұрқырата шабынатыны ойыма оралды. Олардың ішінде үйленіп алып, перзент сүйе алмай сенделіп жүргендер де бар шығар деп, бармақ тістедік.
Ем іздеп келушілердің дені арқасы, мойыны, белі құрысып, қан қақсап ұйқы бермейтіндер көрінеді. Бұл жерде де маңдайымызды тасқа ұрғандай болдық. Еліміздің солтүстік өңірінде моншаға жанымыз құмар екеніміз рас. Ыстық буға түсіп, қайың жапырақпен шабынып жайнаң қаққанды жақсы көретініміз өтірік пе? Құр атқа мінгендей құлпырып, қайқаңдап шығамыз ғой, моншадан. Біраз ауруымызды қуып шықтық, айықтық, сауықтық дейміз. Алайда, әлгі арқаның сіресуі, тұз қаптауы, остехондроз дегендерді дәл осы моншадан табамыз екен!.. Шындығы моншадан емес, моншадан соң дұрыс киініп, екі-үш күн (!) денені жылы ұстамағаннан!.. Мойнын бұра алмай, белін жаза алмай бүгжеңдеп, уқалаушыға кезекте тұрғандар көп. Емшінің сөзінің дәлелі солар. Сірә, бүгінгінің адамында шыдам мен төзім шамалы. Будан шыға бұлқынып киініп-шешінетін жерге, салқын сенекке жүгіреміз. Жел айдағышты қостырып, желдеткіш әйнекті ашқызып, су-суан алдыртып, әлекке түсеміз. Сол жерде әңгіме тиегін ағытып, тізе қалтырап тоңғанша тұрамыз. Моншадан шығып киінбестен, алқам-салқам күйі жігіттер шылым тартып, сыра жұтып, қауқылдасып далада тағы тұрады. Соның бәрі қайда кетсін?
Арқа құрсап, қан айналысы бұзылған соң бас ауруы, қан қысымының қалыптан таюы, тағы басқа аурулардың қаптайтыны белгілі. Әсіресе, ер адамдарға керек жағдайдың бірі ыстық құмда, жерде жалаң аяқ жүру, жер мен күннен қуат алу. Бойға қуат берер бүйрекке салқын тигізіп, салқын ішіп қинағанша жылы ұстап сақтаған дұрыс. Тым ащы тамақ жеудің де жөнсіз екені белгілі. «Ендеше, олар неге тамақтарын тұздықтауға, ащыға құмар?» деп дауымызды айттық. Қатаң тәрбиеге үйренген жан ойындағыны айтпай бөгеледі. «Біздің қойдың сорпасы, қазы-қарта, қымыз бен шұбат керемет қуат береді. Жалпы, біздің тағамдарымызды олар өте жоғары бағалайды. Сыйлық ретінде біздің ұлттық тағамдарды апарсаң, жерден жеті қоян тапқандай қуанады. Оған ештеңені теңгермейді» деп қысқа жауап қайырады қарындасымыз. Арқаға келген емші ару арқасы мен белін тұз құрсап қозғала алмаған, салқын сыраға, газдалған сусындарға, мұздай балмұздаққа әуес, жап-жас жігіттерді көріп қиналады. «Газдалған, энергетикалық сусындар адамның жілік майын бері шығарады. Келе-келе жілік майынан айырылған адам қауқарсыз жанға айналады» дегенді жастарға қарата айтты. Олардың отбасындағы жұбайлық өмірінің жарасымды болуын уайымдайды. «Жілік майсыз жігіт…». Көңіл құлазиды. Оның айтқандарына біздің дәрігерлер пәлендей қарсы бола қоймас. Не нәрсені де білгеннің артығы жоқ қой.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий