Ереже мұқияттылықты талап етеді

Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Иван Юрченконың төрағалығымен өңірдегі өрт қауіпсіздігі мекемелерінің мамандары кәсіпкерлермен жиналыс өткізді. Оның барысында қатысушыларға ғимараттарда, құрылыс, сауда, қызметтік және қоймалық мақсаттағы аумақтарда өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша кеңес берілді.

Жиында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бақылау-профилактикалық қызмет басқармасының басшысы Денис Шелкоплясов бірқатар кемшіліктерді жария етті. Оның айтуынша, облыста өрт қауіпсіздігіне толық сай емес сауда орындары бар. «Өңірде 60-тан аса ірі сауда орталығы тіркелген. Негізі кез келген құрылыс нысанын салу кезінде белгілі бір қағидалар сақталуы керек. Қазір өртке тез тұтанғыш материалдар құрылыста өте көп қолданылып кетті. Ғимараттарды салғанда өрт қауіпсіздігі ережелері сақтала бермейді. Мұның бәрі бүгінгі күні кез келген сауда нүктесінде кездесетін заңсыздықтар. Облыста 750 өрт сөндіру гидранттарының 344-і ғана жұмыс істейтіндігі анықталды. Қандай жағдай болмасын, ең бас-тысы, қарапайым халыққа өрттің құрбаны болмас үшін дұрыс әрекет ете білу керек, сонымен қатар, психологиялық жағынан дайын болғаны жөн», – деді ол.

Жиынды жүргізіп отырған И.Юрченко өрт қауіпсіздігі мәселесі басты назарда тұруы керектігін қадап айтты: – Сіздер өздеріңізге тиесілі нысандарда келушілердің қауіпсіздігін сақтауға міндеттісіздер. Өртке қарсы дайындықты күшейткен жөн. Егер әкімдік немесе төтенше жағдайлар департаменті тарапынан көмек қажет болса айтыңыздар. Дәл қазір ұсыныстарыңызды тындауға әзірміз.

Шара барысында ірі кешендерде өрт шыққан жағдайда не істеу керектігі жөнінде кеңес берілді. Сонымен қатар, өрт сөндіру мамандары ірі сауда және ойын-сауық орталықтарында кинотеатр мен балаларға арналған ойын-сауық орындарының жоғары қабатта орналастырылуы бойынша құзырлы органдар тарапынан талаптардың қатаңдатылуы қадағаланатынын айтты. Ағымдағы жылдың 2-8 сәуір аралығында  төтенше жағдайлар басқармасы ірі ойын-сауық кешендері мен сауда үйлеріндегі өрт қауіпсіздігінің алдын алу бойынша оқу-жаттығулар өткізеді.

Мамандардың айтуынша, тексеру кезінде қауіпсіздік техникалары ережесінің сақталуы, өрт сөндіру жүйесі мен хабарландыру, эвакуация схемасы мен апаттық шығу жолдарына баса мән беріледі. Айтып келмейтін апаттан қорғанудың жалғыз жолы – қауіпсіздік қағидаларын мұқият орындау. Теңге түгенделер, шығын өтелер, бірақ адам өмірінің орны толмайтынын ұмытпауымыз керек.

Ә.ҚҰЛЖАНОВА.

 

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий