Ерекше бір айтыс өтті

Ақан серінің туғанына 175 жыл толуына арналған жастар арасындағы айтысты Көкшетаудағы Ақан сері атындағы мәдениет колледжінің ұйымдастыруы заңды да. Өйткені, Сарыарқаны әсем әндерімен әлдилеген бабамыздың есімін иеленіп отырған білім ордасы үшін бұл үлкен мәртебе, әрі жауапкершілік. Қазақ өнері мен мәдениетін бағалай білетін, осы жолда өзі жетекшілік етіп отырған мекемені жоғары деңгейге көтерген Құралай Ғазизқызы осы сөз сайысын да жоғары деңгейде өткізді. Республикалық жас ақындар айтысын «Арқаның ақиығы Ақан сері» деп атап, оған еліміздің әр өңірінен жас айтыскер ақындарды шақырыпты. Ұзын-саны 20 адам. Олардың қатарында сөз саптауы шебер, ұйқасы мен мазмұны үйлесім тапқан, қара өлеңнен қара үзіп шығып, қарсыласын қапы қалдырғандар бар. Көрерменнің де дудасы қызып, өздеріне ұнаған ақын балаларының шашбауын көтеріп, дуылдасып, қошемет көрсетіп отырды. Бас жүлдені жамбылдық қара бала Рай Дөңбай иеленіп, 350 мың теңгені қанжығасына байлады. Жас ақындардың барлығына сый-сыяпат жасалды. Демеушілердің қолдауымен өткен сөз додасынан көпшілік риза болып тарқасты.

Ақан бабасының 175 жылдық мерейтойына орай Көкшетауға асыға жеткен жас ақындардың басым бөлігі біздің өңірдің сұлулығына бас иетіндіктерін айтып жатты. Бірі көгілдір Бурабайға тәнті, енді бірі бала жасынан оны көруге ынтық болған, ал енді бірін көргеннен көркем табиғат өзіне ғашық еткен. Бұл заңды құбылыс іспетті. Арқаның кербез сұлу Көкшетауы арқалы ақын Ақан серіні де өзіне хас сұлудай ынтықтырған, керемет әндер тудырып, әдемі жырларымен жалындатқан. Сондықтан болар Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрында жұптасып, сөз сайысына шыққан жас ақындардың да шабыттанбай қалуы мүмкін емес еді. Көкшенің таза ауасымен тыныстап, жасыл желек орманын, көк белдері мен қия жартастарын жырға қосты. Солтүстікқазақстандық Мақсат Серік, шымкенттік Дәурен Ысқақ, семейлік Манарбек Сатыбалдин, Іңкәрбек Әділхан, ақтөбелік Айболат Көшкінбай, айыртаулық Дәулет Құрмаш, атыраулық Баймұрат Кеңес, Бектас Нариманұлы, жамбылдық Рай Дөңбай, қарағандылық Мұхтар Тілегенұлы, Медет Жаманов, қызылордалық Совет Төрехан, астаналық Бек Шматов, керекулік Рауан Қайдаров, алматылық Ерзат Әділ, көкшетаулық Абзал Жұмабек, Таңнұр Әлбосын, Мұхамед Қоңқаев, Ақынбай Сәрсенби, Нұрислам Әбділдермен қатар қос бойжеткен алматылық Ақбота Көшкінбай мен қызылжарлық Ажар Қайырбектер айтысқа шөлдеп жүрген көкшелік көрерменнің сусынын бір қандырды. Айтыскер ақындарға табан астында сөз табу, қарсыласының осал тұсын дәл анықтау, оның қойған сұрағына бірден жауап беру, тақырыпты ашу, шиырлап, шартпа-шұрт айтыс көрсетуге ұмтылу сияқты талаптар қойылды. Оның үдесінен шыға білгендер де, бір тақырып аумағынан аса алмай, бір айтқанын бірнеше қайтара айтып, берілген 15 минутын босқа жіберіп алғандар да болды. Ондай кезде қазылар алқасы бірден айтысты тоқтатып, келесі жұпқа кезек беріп отырды. Тіпті, халықпен ұзақ амандасып, уақыт жоғалтпай, тоқетеріне бірден көшіңдер дегеннің өзінде бір-бірінің бойындағы мінін айтып, оны қайта-қайта көзге шұқып, тұқыртуға тырысып, бұл жай айтыс емес, Ақан бабаны еске алуға арналған айтыс екенін мүлдем естен шығарғандары да болды. Қарсыласына табан астында жауап айта алмай мүдіріп, сасқандары да, тақырыптан қашқандары да, жаттап алғандарын судыратып жатқандары да бар. Дегенмен, Ақан серінің «Балқадишасының», «Маңмаңгерінің» мақамымен өзге өңір ақындарының әнге салғандары көпшіліктің көңілін баурады. Олардың арасында 11-ші сынып оқушыларының (айыртаулық Дәулет Құрмаш, алматылық Ақбота Манарбекқызы) болғаны да қызықты еді. Әрине, өздерінен жасы үлкендермен са-йысу айтыстың дәмін енді татып жатқандар үшін үлкен тәжірибе. Сондықтан мектеп оқушыларының осы батылдығына риза болыстық. Сахнаның безендірілуі, келген меймандарды колледж жастарының асқан ілтипатпен қарсы алуы көңілге қонды. Үстеріне киген киімдеріне дейін жарасымды екен. Инабатты қыздар, тәрбиелі ұлдар үлкеннің жолын кеспей, әр қарияны орнына апарып отырғызып жаны қалмай жүрді. Айтысқа түскен ақындардың ыстық шайын демдеп, суытпай бойжеткендердің иіле әкеліп жүргенінің өзі қандай ғанибет десеңші! Мұндай құбылысты күнде көріп жүрсек деген қиялға берілгеніміз шындық. Хош, сонымен таңнан кешке дейін жалғасқан айтыс та мәресіне келіп жетті. Барлық ақындарға 20 мың теңге бірдей берілді. Атыраулық Кеңес Баймұрат – Ерік Асқаров атындағы жүлдеге,  семейлік Іңкәрбек Әділхан – Тыныштық Шаменов атындағы жүлдеге, көкшетаулық Мұхаммед Қоңқаев – Жақып Омаров атындағы жүлдеге, қызылордалық Совет Төрехан – Көкен Шәкеев атындағы жүлдеге, көкшетаулық Ақынбай Сәрсенби –  Шахмет Құсайынов атындағы жүлдеге, қарағандылық Медет Жаманов – Сәкен сері атындағы жүлдеге, қызылжарлық Ажар Қайырбек – Кәрім Ілиясов атындағы жүлдеге, көкшетаулық Абзал Жұмабек – Еркеш Ибраһим атындағы жүлдеге, семейлік Манарбек Сатыбалдин – Ілияс Есенберлин атындағы жүлдеге, астаналық Бек Шматов – Мұса Асайынов атындағы жүлдеге, айыртаулық Дәулет Құрмаш – Мағжан Жұмабаев атындағы жүлдеге, атыраулық Бектас Нариманұлы – Қалия Жұбандықов атындағы жүлдеге, алматылық Ерзат Әділ – Иманжүсіп атындағы жүлдеге, көкшетаулық Таңнұр Әлбосын – Естай Мырзахметов атындағы жүлде және 50 мың теңгеге, шымкенттік Дәурен Ысқақ – Балуан Шолақ атындағы жүлде мен теледидарға, солтүстікқазақстандық Мақсат Серік – Біржан сал атындағы жүлде мен теледидарға, қарағандылық Мұхтар Тілегенұлы – Үкілі Ыбырай атындағы жүлде мен теледидарға  ие болды. Үшінші екі орын мен 100 мың теңге алматылық Ақбота Манарбекқызы мен керекулік Рауан Қайдаровқа бұйырды. Екінші орын және 150 мың теңге көкшетаулық Нұрислам Әбділдің қанжығасына байланды. Ал, бірінші орын мен 200 мың теңге ақтөбелік Айболат Көшкінбайға берілді. Айтысқа демеушілік еткен Көкшетау қаласының, Біржан сал ауданының әкімдеріне, Халық банк филиалының басшысына, жеке кәсіпкер азаматтарға алғыс айтылды.

Әрине, қазылар алқасының кей шешімдеріне ақтық мәреде сөз жарыстырған жамбылдық Рай Дөңбай мен көкшетаулық Нұрисләм Әбділге екеуіне бірдей 10 балл беруі, өзін мықты көрсеткен ақындардың дұрыс бағаланбай қалуы сияқты көріністер көңілге кірбің ұялатты. Біздікі алдағы уақытта өнерге қиянат жасалмаса екен деген тілек қана…

Гәкку Асылбекқызы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий