Ерлан Дәулетұлы –жекпе-жек айтыс жеңімпазы!

«Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында «Ақмола – жырымның арқауы» атты жекпе-жек айтысы «Көкшетау» мәдениет сарайында өтті. Бұған дейін 8 жас ақын бір-бірімен өзара сөз жарыстырған. Атап айтқанда: Қуаныш Оспан, Мұхаммед Қоңқаев, Қожаберген Қоңқайұлы, Ерлан Дәулетұлы, Тоқтасын Семейханұлы, Нұрислам Әбділ, Құрмет Құралхан, Нұрболат Серікұлы. Солардың арасынан іріктеліп шыққан ерейментаулық Ерлан Дәулетұлы мен бұландылық Нұрислам Әбділ ақтық мәреде бақ сынасты. Сөз додасы үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде ақындар берілген төрт сурет бойынша тақырыпты ашуы керек болса, екінші кезеңде тапқырлық пен ынта сарапқа салынатын қайым айтыс, үшінші кезеңде еркін тақырыпта сөз жарыстыратын сүре айтыс болды. Осы үш кезеңде суырыпсалма ақындық мектебін жақсы меңгеріп, тапқырлық көрсеткені үшін ерейментаулық Ерлан Дәулетұлы көрермен мен қазылар алқасының шешіміне орай «Ақмола облысының үздік жас ақыны» атанды.

Айтыс десе делебесі қозатын кәрі-жас бұл күні «Көкшетау» мәдениет сарайына асықты. Жекпе-жекке шығатын қос ақын жайлы хабарландырулар бұдан бұрын барлық әлеуметтік желілерге шығып үлгерген. Содан болса керек, жас-тар қарасы көп. Суырыпсалма ақындықтың дәмін татып, ысылып келе жатқан қос ақынды салтанатты түрде сахнаға алып шықты. Бұл сонау сал-серілер заманында оларды еркелеткен халықтың құрметі мен қошеметін көз алдымызға әкелгендей. Ерейментаулық Ерлан Дәулетұлы 2016 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданында өткен Көкжал Бараққа арналған республикалық айтыс-та бірінші орын иеленген. Ерейментауда өткен «Тәуелсіздікке тағзым» айтысының бас жүлдегері. Бұландылық ақын Нұрислам Әбділ 2015 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Уәлихан ауданында өткен Тұңғыш Президент күніне орай «Елбасы – ел тірегі» атты аймақтық айтыста 1-ші орын иегері. 2016 жылы «Алғыс айтам халқыма» атты Ақмола облыстық айтысының бас жүлдесін жеңіп алған-ды.
Халықпен амандасып алған ақындарға бірінші кезеңде экранға төрт сурет берілді. Алдымен Алашорда арыстары тақырыбында сөз қозғау керек болды. Қос ақын да елінің азаттығы үшін басын бәйгеге тіккен қазақтың біртуар ұлдары жайлы толғанды, тебіренді. Ерлан бір сөзінде: «Қолы ұзын дегендердің тілі қысқа, тілі ұзындардың қолы қысқа» деп бүгінгі заманның шындығын жайып салды. Екінші кезеңде Көкше топырағында дүниеге келген балуандар Қажымұқан, Балуан Шолақ және Иманжүсіп жайлы жырлады. Әсіресе, Нұрисламның: «Көкшетау деген текті жерден бір Балуанның, бір Қажымұқанның, бір Иманжүсіптің тумауы мүмкін емес, дей келе, облыс орталығындағы Бурабай спорт сарайына Балуан Шолақтың аты берілсе, Қажымұқан екеуі иық тіресіп тұрар еді», – деген арман-тілегі көпшіліктің көңіліне жақты. Үшінші тақырып Тұмар патша жайында болды. Қос ақын да қазір шетел жігітіне тұрмысқа шығып жатқан қазақ қыздарын сынға алды. Кезінде батыр қыздарымыз жат елге кетпек түгіл, жаудың саусағын денесіне тигізбегенін тілге тиек етіп, бүгінгі Тұмары – Тамаралар Қытай асып кеткеніне қынжылыс білдірді. Науан хазірет атындағы жаңа мешітке арналған тақырып бойынша ақындардың: «Бесік бос болғаннан сақтасын, мешіт бос болғаннан сақтасын» деген сөздері көпшілік көңілінен шықты. Қос ақын төрт тақырып бойынша айтысқанда бір-бірін қағытып, қалжыңдасып, осал тұстарын түйреп өтуді де ұмытқан жоқ. Кілең ақын-жазушыдан құралған қазылар алқасының мүшелері бірінші кезеңде Ерланның шабысына қуанғандарын айтты. Нұрисламның кей тіркестерін қағазға түсіріп алғандығы жас ақынның жаңа ұйқастарға бара білгенін білдіреді.
Ал, қайым айтыста өлеңнің алғашқы екі жолын бір ақын, қалған үшінші, төртінші жолын екінші ақын айтуы тиіс. Қос ақын шама-шарқынша бұл кезеңді де еңсерді. Дегенмен, қазылар алқасының төрағасы Құдайберлі Мырзабек әлі де шыңдалу керектігін ескертті. Өйткені: «Мықты ақын бүкіл әлемді бір шумаққа сыйғызады». Ал, сүре айтыста Ерлан мен Нұрислам әр тақырыпты төгілте жырлап, көсілді. Олар Көкше топырағында ғұмыр кешкен ақындар, батырлар туралы емін-еркін жырлады. Ерлан: «Хан Кене қазақ үшін шашы түгіл, басын берген», – десе, Нұрислам: «Байланған Біржанды емес, ән салған Біржанды көргім келеді», – деп көпшілікке ой салды. Сондай-ақ, ерейментаулық ақынның: «Басқалар білсе екен рекордтардың тек Көкшетауда тұрғанын», – деп Бурабайдың табиғат тамашасын мадақтауы ұнамды болды.
Айтысқа үш жолмен баға берілді. Қазылар алқасының ортақ бағасы 1 ұпай, көрерменнің бағасы 1 ұпай және интернет арқылы дауыс беру 1 ұпай. Соның нәтижесінде көпшіліктің көңілінен шығып, әдемі айтыс көрсете алған ерейментаулық ақын Ерлан Дәулетұлы жеңімпаз деп танылып, бірінші орын иеленді. Оған бағалы сыйлық берілді. Әрі «Ақмола облысының ең үздік жас ақыны» атанды. Ал, екінші орын алған Нұрислам Әбділге айтыс ақыны Әлібек Серғалиев тағайындаған ақшалай сыйлық тарту етілді. Қазылар алқасының шешіміне көрермен риза болып тарқасты.

Гәкку Асылбекқызы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс