Ерлер есімдері – Көкшетау көшелеріне!

Көрікті Көкшетау Конституция күні қарсаңында осынау келісті жаңалығымен дүр сілкініп, рухтанғандай, арқасы кеңіп, ажарлана түскендей болды. Өйткені, орталық көшелерге есімдері берілген қоғам және мемлекет қайраткерлері Бәйкен Әшімұлы Әшімов те, Мақтай Рамазанұлы Сағдиев те шын мәнісінде бүтін елге, соның ішінде туған қаламыз бен өңірімізге еңбектері сіңген, өмір жолдары жас ұрпаққа өнеге, халық сыйлаған қаһарман ұлдар, мақтан тұтар асыл азаматтар еді. Жұртшылық қадір тұтып, есімдерін күнде атар арыс азаматтар атындағы көшелердің ашылу салтанатында Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин, Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев, қаламыздың құрметті азаматы Б.Жанәділов, Бәйкен Әшімовтың ұлы Оңдасын Әшімов, Мақтай Сағдиевтің қызы Гүлнар Сағдиевалар құттықтау сөз сөйледі.

– Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан ардақтыларымызға облыс орталығынан көше беріп, олардың есімдерін ұлықтап, жастарға олардың өмір және еңбек жолдарын үлгі етудің сәті түскеніне біз қуаныштымыз,– деген М.Мырзалин Б.Әшімов пен М.Сағдиевтің атқарған істеріне, қол жеткізген табыс-тарына тоқталды. Бәйкен Әшімұлының Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі, тіпті Кеңестер Одағының Батыры атағына ұсынылуы, бейбіт өмірдегі қайраткерлігі, абыз ақсақал қалпындағы көрегендігі, Мақтай Рамазанұлының Көкше өңірін электрлендіру, автомобиль жолдарын салу, қаланың еңселі ғимараттарын көтеруге қосқан үлесі жөніне тоқталды.

Б.Жанәділов олардың Көкшетау қаласы мен өңірінің дамуына ықпалын нақты мысалдарға сүйене отырып айтты. О.Әшімов әкесі атымен Қазақстанның басқа да қалалары көшелері, Қарағанды қаласында шағын аудан мен Петропавлда оқу орны аталып жатқанын, бүгін өзі қадір тұтқан Көкшетау қаласының көшесіне аты берілуіне орай облыс, қала әкімшіліктеріне, ардагерлердің есімін беру бастамасын қолдаған қала тұрғындарына, мәслихат депутаттарына отбасы атынан алғысын жеткізді. Г.Сағдиеваның:– Өмірде сыйласып, қатар қызмет істеген екі арыстың бүгін көшелерінің де қиылысуы жан тебірентерлік, қуанышты жағдай,–деген сөзі жиналған жұрттың көңілінен шықты.

Салтанатты шара әрі қарай мәжіліс залында ғылыми-тәжірибелік конференциямен жалғасын тапты. Онда ардақты азаматтар Бәйкен Әшімов пен  Мақтай Сағдиевтің тұстастары естеліктерімен бөлісті. Жазушы Жабал Ерғалиев, қоғам қайраткері Болат Жанәділов, еңбек ардагерлері Болат Көшімбаев, Мейрамбек Қиықов, Сансызбай Мұқитановтар осындай тарихи сәттің куәсі болып отырғандарына шүкіршілік ететіндерін айтып, қуаныштарымен бөлісті. Қалалық мәслихаттың хатшысы Еркін Исімбаев ел ағаларына көше есімдерін беру қала тұрғындарының қатысуымен өткен жиналыста қабылданған шешім екенін жеткізді. Конференцияда Бәйкен Әшімов жайлы деректі фильм көрсетіліп, қарапайым қазақ баласының жүріп өткен жолы баяндалды. Бұл күні қос тұлғаға арнап Көкшетаудың бір мейрамханасында ас берілді.

Серік САПАРҰЛЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий