Ерназарсыз өткен он жыл

Сатирик жазушыны еске алу кеші өтті

Сатира – әдебиетіміздегі ең күрделі жанрдың бірі. Оған қалам тербеп, сол тақырыпқа бара қоятын қаламгерлер өте аз. Тіпті, жоқтың қасы. Оқырманды оқыта отырып, күлдіре білу оңай емес. Қанша әзіл-қалжың, сын-сықаққа бой алдырсаң да, езуіне күлкі жидыра алмасаң, еңбегіңнің зая кеткені. Сондай сеңді бұзып, кезінде Сейіт Кенжеахметұлы, Ғаббас Қабышұлындай сықақшылардың қатарына еркін еніп қана қоймай, олардың үлкен бағасына ие болған Ерназар Ыбыраев еді. Күлкі керуеніне ілесіп кеткендігімен қоса, өмірдің өзінен алынған көріністерді әзілмен әдемі жеткізіп, қалжыңмен қоржынын толтырды. Мұндайда қазақ «ішек-сілесі қатып күлді» деген тіркесті жайдан-жай айта салған жоқ шығар. Ерназар Советұлының сатиралық шығармаларын оқысаң, ауылдағы қарапайым, аңғал жандар көз алдыңа келіп тұра қалады. Олардың әрбір қылығы, жүрген жүрісі, аузынан шыққан сөзі әр қазақтың жанына жақын. Өйткені, шынайы, боямасыз. Оқи отырып, еріксіз жымиясың, кейде қарқылдап күліп те аласың. Сатираның сардары Ерназар сегіз қырлы, бір сырлы болатын. Ол тек қаламгер ғана емес, қобызшы, термеші, концерт жүргізуші, сықақ оқушы да еді. Алайда, ғұмыры қысқа болды.

Ортасын думанға толтырып жүретін жанның өмірден озғанына биыл тура он жыл болыпты. Уақыт зымырап жатыр. Ерназардай тума таланттың жоқтаушысы – қарындасы Әсем Советқызы ағасының көзі тірісінде жарық көрген «Сүйіскің келе ме?» деген кітабы мен өмірден озғаннан кейін оқырман қолына тиген «Қисық кітабын» біріктіріп, «Көршіңмен татусың ба?» атты жинақты бастырып шығарды. Ондағы мақсаты – сатирик-жазушының шығармалары бір кітаптан табылсын дегені. Мағжан Жұмабаев атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасында осы жинақтың тұсаукесері мен Ерназар Ыбыраевты еске алу кеші өтті. Ұйымдастырушы – «Алтын Арқа» клубы. Жиналғандар Ерназардың отбасы, достары, тума-туысқандары, өнерпаздар. Кітапханашылар 8 бөлімнен тұратын «Сатира сардары» атты электрондық басылым шығарып, оған қаламгердің өмірбаянын, кітаптарын, мақалаларын, естеліктер мен фотосуреттерін енгізіпті. Ерназар туралы толғана сөйлегендер оны Аралағаштың арысы, жігіттің сұлтаны, асыл ер, жеті түрлі өнердің жампозы деді. Шындығында да солай еді.
«Алтын Арқа» клубының жетекшісі, ақын-жазушы Серік Жетпісқалиев бірге жұмыс істеген жылдарын еске алып, оны қашанда сағынып жүретінін жеткізді. Әнші-сазгер Иран Тасқара арнау-өлеңін оқыды. Ақын Құдайберлі Мырзабек өнерлі жанның артында іздеушісі болғанына шүкіршілік етіп, әнші Ғазиза Жұмекенова жарқын әзілдері, жарқын ойлары үнемі жадында жүретінін айтты. Ал, қарындасы Әсем болса, ағасының шығармаларын жинақ етіп бастырып, ғұмырын ұзарта түскен қуанышын жасырмады. Жұбайы Рысхана еске алу кешін ұйымдастырушыларға алғысын жеткізіп, Ерназардың қобызын әдебиет және өнер мұражайының қорына табыс етті. Бұған дейін өнер иесінің өзге де тұтынған заттарын кейінгі ұрпақ көріп, танысын деген ниетпен рухани ордаға тапсырғанын ортаға салды. Еске алу кешінде Ерназардың бауырлары, туысқан ағалары сөз сөйледі. Екінші анасы – қайын енесі де көзіне жас ала тұрып, жүрекжарды лебізін жеткізді. Жанында бірге жүрген достары қайталанбас тұлғаның жақсы қасиеттері жайлы әңгімеледі. Ерназардың артында қалған қос ұлы ізін жалғастырып келеді. Нартайы жақсы қызметте, Мараты ел алдына шығып жүрген диктор-журналист. Немерелері желкілдеп өсіп келеді. Атасының еске алу кешіне олар да қатысты. Бұл күні сатирик-жазушының рухына бағышталып ас берілді.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс