Ерсананың мейірім шуағы

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – «Мерген» клубының бапкері, еркін күрес жаттықтырушысы Ерсана Қапаров. Ол құлағы нашар еститін балаларды да спортқа баулып жүр. Қазір «Бурабай» спорт сара-йында жаттығу жасап, спортшылардың жетістікке жетуіне ықпал етіп келеді. Бұл – біздің өңірде жұмыс істеп тұрған бірегей жоба. Идея авторы – «Шанс» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Василий Шиманский. Ерсананың айтуынша, осыдан екі жыл бұрын аталған спорт кешенінің секцияларымен танысуға құлағы нашар еститін балаларды әкеліпті. Олар өз тұстастарының жаттығуын көріп, қызығушылық танытса керек. Құлағында кінәраты болғанымен, дені сау, шымыр 13 пен 19 жас аралығындағы 15 жасөспірім аптасына 4 рет жаттығады. Биыл Ақтөбеде мүгедек балалар арасында еркін күрестен өткен чемпионатта Ерсананың шәкірттері 2 алтын, 4 күміс, 4 қола медаль еншілеп, екі спортшысы Иранда өткен әлем чемпионатына жолдама алып, халықаралық жарысқа қатысып қайтыпты. Төгілген тер зая кетпеді деген осы.

Ерсана біздің редакциямызға өзі келді. Қараторы, қарапайым жігіт төрге озып, сабырлы да салмақты қалыпта әңгімесін бастады. Спортшыларға тән сыпайылық сезіледі, бірақ жігер мен намыс оты көзінен байқалады. Мейірімділік лебі де есіп тұр. Мүгедек балалармен жұмыс істейтін жанға, әрине, алдымен үлкен жүрек қажет. Оларға басқаша қарауға тиіссің, күтпеген қылықтарына да дайын болуың керек. Дауысты есту қабілеті болмағандықтан, қиналатын тұстары бар. Өкпелегіш келеді. Бірақ ыммен, емеурінмен бәрін түсіндіруге болады. Олар адамның не айтып тұрғанын ерінінің қимылынан-ақ біледі. Тумысынан солай қалыптасқан. Сондықтан да Ерсана мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істеуге әбден машықтаныпты. Еркін күрес жаттықтырушысы өзінің 5 тәрбиеленушісін былтыр Шымкент қаласында құлағы нашар еститін балалар арасында өткен ел чемпионатына апарып келіпті. Онда 7 өңірден 60-қа жуық 15 жастан жоғары жасөспірімдер қатысыпты. Биыл ақпан айында Ақтөбеге дәл осындай сайысқа 10 бала апарып, көкшетаулық мүгедек спортшы балалар 2 алтын, 4 күміс, 4 қола медаль жеңіп алды. Ол жарысқа 100-ге жуық бала қатысқан екен. Бұл – үлкен жетістік. Іріктеу кезеңінен сәтті өткен Сағат Біләлов пен Николай Рублевский әлем чемпионатына жолдама алып, биыл мамыр айында Иранның астанасы Тегеранда өткен білектілердің сайысына қатысып қайтыпты. Келесі жылы мүгедек балалар арасында еркін күрес чемпионатының жалауы Көкшетауда желбіремек. Бұл – Ерсана шәкірттерінің Ақтөбеде көрсеткен жетістіктерінің жоғары бағаланғаны. Алдағы жаз айында сурдо-олимпиада Түркия елінде ұйымдастырылмақ. Ендігі меже – сол жерде өзін жақсы қырынан таныту. Ерсана Қапаров – бұрынғы Қызылту ауданына қарасты, Амангелді ауылының тумасы. Еркін күреспен 3-ші сыныптан айналыса бастапты. Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы Марат Жармағанбетовтен тәрбие алған. Щучьедегі қазақ педагогикалық колледжінің денешынықтыру факультетін тәмамдап, Бурабай ауданына қарасты Ұрымқай ауылдық мектебінде еркін күрес секциясын ашқан. Қазір өзі тәрбиелеген шәкірті Наиль Ковалев Көкшетаудағы «Қайрат» залында жаттықтырушы. Ерсананың секциясына мүгедек балалармен қатар 100-ге жуық көкшетаулық спорт сүйетін балалар мен жасөспірімдер келіп жүр. Ең басты арманы – Көкшетауда еркін күреске арналған кешеннің салынуы. Өйткені, қазіргі айналысып жүрген жаттығу залдары тарлық етуде. Әрине, егер биліктегілер осы өтінішті ескерсе, еркін күреске еркін қадам басқан еріктілер мен жігерлілердің қатары өсе түсері сөзсіз.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс