Ертегі әлемінің ізгі үні

Ш.Құсайынов атындағы қазақ драма театры Анастасия Красно-щенкованың «Ару қыз бен Құбыжық» атты ертегісін сахналауды Жаңа жыл мерекесі қарсаңында қолға алған-ды. Сән-салтанат, қуаныш пен шаттыққа лайық зәулім сарай, еркіндіктен айырып, қайғыға бөктірер суық зынданды елестер декорация, дуаның арқасында құбыжыққа айналған ханзада, әртүрлі мүлік, жиһазға айналған үй қызметшілері, тағы басқа ертегі кейіпкерлерінің тартысын көру балғын көрерменге ерекше бір оқиға болды. Қойылым режиссері Фархатбек Қанафин, киім үлгілерінің суретшісі Майра Топанбаева, қоюшы суретшісі Ирина Лунга, хормейстер Сәуле Мұстафина.Қол созым жердегі сахнада болып жатқан ертегі оқиғаны балалар беріле тамашалайды. Әр кейіпкердің қимыл-қозғалысы, дауыс ырғағы, салған әні, мінез-құлқы олар үшін қызық. Алғаусыз сенеді. Кішкене көрермендерінің осы сенімін ақтау барысында актерлер де аянып қалмайды-ақ.
Қыстың боранды күні адасқан болып, қожайын пейілін сынағалы келген кейуана. Сарайына келген жұпыны киімді, кір қожалақ кемпірден жиіркеніп, оған қол ұшын бермеген ханзада. Кемпірдің дуа-қарғысына ұшырап, құбыжыққа айналған ханзада, мүлікке айналып қиналған қызметшілер. Аң аулап жүріп адасып, осы сарайға тап болып, Құбыжықтың тұтқыны болған ару қыздың әкесі. Әкесін тұтқыннан босату үшін неден болса да тайынбаған сұлу қыз. Ақ жүректі, ақ ниетті ару қыз Белль барлық қара ниетті жеңіп, мейірімі мен махаббатының арқасында әкесін тұтқыннан, дуалан-ғандарды дуадан арылтады. Тіпті, қатыгез ханза-даның жүрегін жібітіп, мейірімді де бақытты адам етеді. Бұл – мейрімділіктің жеңісі. Ертегінің қысқаша мазмұны осындай. Ұтымды декорация, үйлесімді кос-тюмдер, ынталы ойын қосылып, балаларға ынтыға көретін әсем бір ертегіге айналған.
Күрделі жұмыстың қол жеткен табысы сол – балалар ізгілік пен мейірімді, жақсылық жолындағы табандылық пен қайсарлықты сезініп, түйсініп, ертегі кейіпкерлерімен сол жолдан бірге өтуі. Жас көрерменге театр ұжымы осындай қызықты дүние ұсына алды. Жас көрерменге осындай тарту жасауға үлкен құлшыныс, ынта болғаны көрініп тұр. Шын мәнісінде көркімен, көрінісімен, ойынымен көрерменін ертегі әлеміне жетелей кету, таңғалдырып, таңдай қақтырудың оңай емесі белгілі, әрине. Бұл бірлескен үлкен ұжымдық жұмыстың жемісі екені сөзсіз.
Ал, рөлдерге келсек, Белль бейнесін Гүлнұр Қожанова, ханзаданы Жомарт Сағындықов, қыз әкесі Мористі Қайрат Мырзаболатов, Гастонды Марат Шакар, Люмьерді Еркебұлан Төлеуов, Когс-фортты Бауыржан Жамшитов, Поттсті Ғалия Қорабаева, Фифиді Әсем Серіковалар сомдаған.

Серік Сапарұлы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий