Еріктілерден – елге көмек

Өңір басшысы Ермек Маржық-паевтың қатысуымен волонтерлердің облыстық слеті өтті.
Шара басталмас бұрын облыстық жастар ресурстық орталығының жанынан ашылған «Волонтерлерді қолдау орталығының» тұсаукесері өтті. Онда аймақ басшысына орталық жұмысы таныс-тырылды. Екі мыңнан астам ерікті фронт-кеңсеге келіп, ақыл-кеңеске жүгіне алады. – Бұл фронт-кеңседе түрлі брифингтер, семинар-тренингтер, оқу курстары өтеді. Сонымен қатар, таңғы 9-дан кешкі 6 жарымға дейін қоңыраулар қабылданады. WhatsApp чат жұмыс істейді. Оған жастарды ғана емес, қарияларды да тартамыз. Биыл Волонтерлер жылы. Сондықтан, мемлекет тарапынан оларға жан-жақты қолдау жасалады, – деп түсіндірді облыстық жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Гүлзат Бекбауова. Орталық жұмысымен танысқан аймақ басшысы Ермек Маржықпаев өңірде волонтерлердің қатысуымен көптеген игі істер жүзеге асырылып жатқанын және әкімдік тарапынан оларға қолдау көрсетілетінін атап өтті.
Бұдан әрі шара «Достар» мәдениет сарайында Волонтерлердің облыстық слетіне ұласты. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық «Birgemiz» волонтерлер фронт-кеңсесінің ашылуында «Волонтерлік – мемлекеттің дамуы мен жалпы қоғамның дамуының көрсеткіші. Мемлекеттің жетістігі мен жеңісі күн сайын маңызды және пайдалы іспен айналысатын азаматтардың белсенді ісі мен патриоттық көңіліне байланысты» деп атап өткен болатын. Бүгін біз «Ұлттық волонтерлер желісі» мен белсенді ақмолалықтардың пікірін естідік. Жақыныңа көмек көрсету ғасырлар бойы біздің мәдениетімізде қалыптасып келеді. Халқымызда мұны асар деп атайды. Слет жұмысы барысында Ақмола облысының волонтерлерді қолдау фронт-кеңсесі ашылып отыр. Осы арнайы фронт-кеңседе өте маңызды бастамалар жүзеге асатынына сенімдімін. Жалпы, биылғы волонтерлік қызметтің жеті бағытын дамытуға белсенді қатысасыздар деп сенемін. Ақмола облысының еріктілері әртүрлі волонтерлік қозғалыстарға тұрақты белсенді қатысатыны қуантады. Бүгінгі таңда сіздердің қатарыңыз 2 мыңнан асты. Олардың саны күннен-күнге өсуде. Сіздер 7 бағыт бойынша, оның ішінде ауруханалар мен әлеуметтік мекемелерде жұмыс жасап, жоғалған адамдарды табуға, табиғи апаттардан зардап шеккендерге көмек көрсетуге, табиғат пен мәдениет ескерткіштерін сақтауға, қаза тапқан сарбаздардың есімдерін қалпына келтіруге, ірі халықаралық іс-шараларды өткізуге зор үлес қосып жүрсіздер», – деді аймақ басшысы Е.Маржықпаев. Сонымен қатар, ол биыл Көкшетау қаласында Қазақстан мен Ресей арасында экология және жасылдандыру саласындағы XVII өңіраралық ынтымақтастық форумы өтетінін айтып, жергілікті волонтерлерді осы ауқымды іс-шараның ұйымдастырылуына үлес қосуға шақырды. Шара барысында Ақмола облысы әкімдігі мен «Ұлттық волонтерлер желісі» қоғамдық қоры, Ақмола облысы әкімдігі мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесі арасында әріптестік туралы меморандумға қол қойылды. Белсенді волонтерлік ұйымдар Ақмола облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий