Ер есімі – ел есінде

Биыл мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері, біздің жерлесіміз Бәйкен Әшімовтың туғанына 100 жыл толды. Соған орай көкшетаулықтар ардақты перзентін еске алып, әдемі кеш өткізді. Жақсы лебіздер айтылды. Ардақты азаматының көзін көргендер, сыйлас болғандар естеліктерімен бөлісті. Елбасы көкшетаулық екі қартқа: бірі – данагөй, абыз, жеріміздің арғы-бергі тарихын жатқа білген Баян Жанғалов, екіншісі – қоғам қайраткері Бәйкен Әшімовке әрдайым ерекше сүйсініс білдірген. Екеуі де қарапайым халықтың ортасынан шығып, халықтың ұлына айналған жандар. Қанша құрмет көрсетілсе де артықтық етпейтін тұлғалар. Қашанда ауыл жақты аңсап, сағынып жүретін Бәйкен аға қоңырау шалған азаматтардан: «Ел аман ба?» – деп сұраудан жалықпайтын-ды. Қазақ балаларының болашағына алаңдап, қарапайым еңбек адамдарын құрметтейтін қасиеті өз алдына бөлек өнеге. Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев облыс орталығының бір көшесіне Бәйкен Әшімовтің есімі берілетінін хабарлап, көпшілікті қуантып тастады.

АшимовXX ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстан тарихындағы санаулы ірі тұлғалардың бірі Бәйкен Әшімов 1917 жылы бұрынғы Ақмола облысы, Көкшетау уезі, Айыртау болысының Шабанбай би ауылында дүниеге келген. Ол кісінің халық, мемлекет алдындағы қызметі сан-салалы, ұлан-ғайыр. Республика көлеміндегі айтулы қайраткер, парасатты ақыл иесі, кемеңгер ұйымдастырушы қалай қалыптасты, қалай Одаққа белгілі басшы ретінде танылды деген сауал әрбір көкірегі ояу, саналы азаматты толғандырары сөзсіз. Бәйкен Әшімов «феномені» алдымен ерекше қалыптасқан, заман тәрбиелеген адамгершілік болмысында, айналып келгенде ата қуалаған тектілігінде жатса керек. Оның айғағы: өткен ғасырдың 30-шы жылдары өмірге, білімге құштарлығын ФЗУ мектебінен бастап, өз талабымен, ынта-зердесімен шыңдалу сатыларынан өтуі. Республиканың шағын елді мекендері, аудан, облыс шаруашылықтарының әр саласында, партия-совет қызметінде тынымды еңбек етіп, тәжірибе жинап, оны бойына пайымды тірнектеп сіңіре білген Бәйкен Әшімұлы басшылық қызметтің үлкен мектебінен өтіп, қайраткер дәрежесіне көтерілген азамат ретінде танылғаны мәлім. Өзіне қатал талап қоя білуімен қатар, халықтың мұң-мұқтажын етене сезіне білгені, оны өзінің табиғи міндеті ретінде түсінгені айдай анық. Бәйкен Әшімұлы, әріптестерінің айтуынша, басқару жүйесінде халықты қандай да бір қысылтаяң жағдайда қыспаққа алмаған, ұраншылдыққа ұрынып, қуырып-шыжғырмаған басшы ретінде танылғаны да жиын барысында айтылды. Қандай шешім қабылдаса да, істің егжей-тегжейіне үңіліп, билік сойылының күнәсіз пендеге қаншалықты ауыр тиетінін терең түсіне білгендігін әр дәрежедегі азаматтар, қарапайым еңбеккерлер де растайды. Кеш барысында еңбек ардагері Болат Жанәділов, жазушы Жабал Ерғалиев, туысқан бауыры Оңғар Сүлейменов жүрек тебірентер естеліктерімен бөлісті. Бәйкен Әшімұлының өмірбаянын облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл баяндады. Ал, Анатолий Башмаков болса, қоғам қайраткері өзін екінші ұлындай жақсы көргенін ортаға салып, көпшіліктің көңілін толқытты. Бәйкен Әшімұлы Қазақ КСР Министрлер Кеңесін басқарған 14 жылдың ішінде елімізде үлкен өзгерістер орын алды. Өнеркәсіп, ауылшаруашылығы мен құрылыс саласы қарқынды дамыды. Ел аумағында жаңа ғимараттар бой көтерді. Халықты толғандырған мәселелер біртіндеп шешімін тапты. Ақмола облысының өзінде ауруханалар, бірқатар зауыттар залынды. Сол кезеңде өнеркәсіп өндірісінің көлемі жөнінен Қазақстан Кеңес Одағы бойынша үшінші орынға (Ресей мен Украинадан кейін) шықты. Бәйкен Әшімұлының қоғам, мемлекет дәрежесіндегі қызметі отбасы бақытымен астасып, үйлесімін толық тапқан. Өмір мектебінен бірге өткен аяулы қосағы, білімді де, парасатты, соңғы деміне дейін шаңырағының тірегі болған Бақыт апай табиғаты бөлек асыл жан еді ғой. Ол кісі ағамызға өмірінің қай кезеңінде болмасын, шын мәнінде, ақылман, сүйеніш, тірек болып, отбасының, қалың жора-жолдастарының қарым-қатынастарында қазақ әйелінің шын мәніндегі жоғары үлгісі мен өнегесін, мәдениетін паш етіп өтті. Бүгінде Алматыда Бәйкен ағаның атында мешіт пен көше бар. Биыл Солтүстік Қазақстан облысында ардақты азаматтың құрметіне ескерткіш ашылды. Ендігі міндет – көкшетаулықтарда. Еске алу кешінде аға ұрпақ өкілдері сүйіп тыңдаған әндер айтылды.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий