Ер мінезді нәзік жан

Ол «ат үстінде» азаматтармен қатар ел тізгінін ұстап жүр. Оның жайдары жүзінен жан дүниесінің сұлулығын бірден байқайсыз. Өйткені, ол сонау жас кезінен бастап өнерге шексіз ғашық болды. Бүгіндері мерейлі 55 жасқа толып отырған Көкшетау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жетекшісі Айгүл Сәбитова іскерлігімен, ер мінезділігімен ерекшеленетін жандардың бірі.

Айгүл Баубекқызы мінезі ақжарқын, кіммен болса да тез тіл табысып кететін білікті басшы. Қаладағы бірде-бір мәдени шара Айгүл Баубекқызы мен оның әріптестерінің қатысуынсыз өтіп көрген емес. Ол үнемі ізденіс үстінде. Мәдени шаралардың жоғары деңгейге жетуі де іскер басшының тынымсыз еңбегінің арқасы. Ауқымды мәдени шараларды мінсіз өткізудегі өлшеусіз еңбегіне барша халық куә. Жұмысқа деген шынайы адалдық, өнерге деген сүйіспеншілік Айгүл Баубекқызының басты мұраты.
Бұрынғы Көкшетау облысы, Көкшетау ауданының Еленовка ауылында дүниеге келген ол 1982 жылы Көкшетау кiтапханашылар техникумын, 1994 жылы Алтай мемлекеттiк институтының Омбы қаласындағы филиалын клуб қызметкерi және хор ұжымының жетекшiсi, мәдениет және бос уақытты ұйымдастырушы мамандықтары бойынша тәмамдайды. Еңбек жолын 1982 жылы Көкшетау ауданының мәдениет бөлiмiнде әдiскер ретiнде бастаған Айгүл Сәбитова 1985-1994 жылдары аудандық мәдениет үйіне басшылық етті. 2003 жылы Красный Яр ауылы тұрғындарының қолдауымен Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты болып сайланып, әлеуметтiк мәселелермен айналысты. 2006 жылдан бері қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімін басқарып келеді.
Ұлт руханияты жаңғырған қазіргі шақта мәдениет саласы қызметкерлерінің қоғамдағы алатын орны ерекше. Олар ұлттың түп тамырын тануына, қазіргі жаһандану заманында өз болмыс-бітімін жоғалтпау жолында орасан еңбек атқаруда. Айгүл Баубекқызына әріптестерінің лебізі де айрықша. Қашан көрсең де жүзінен жылылық есіп тұратын, жаны жайсаң жанды өнер иелерінің бәрі жақсы көреді, тынымсыз еңбегін, өнерін құрметтейді. «Мен Айгүл Баубекқызын «Көкше» мәдениет үйінде бірге жұмыс атқарған жылдардан бері танимын. Ол білікті маман ғана емес, қарапайым, бауырмал, ақкөңіл, жанашыр жан. Оның ең асыл қасиеттерінің бірі – көзге еленбей жүрген өнерпаздарды жарыққа шығарып насихаттауға, өнерін түлетуге, қанатын қатайтып қияға ұшыруға бейімділігі дер едім. «Бұлақ көрсең көзін аш» демекші, таланттарды халыққа таныстыру мақсатында көптеген жұмыстар атқарды. Талай өнерпаздарды өнерге баулыды. Өнер атты қиын жолда талай көкшелік өрендердің мәртебесін көтеріп, атағын облыс, республикаға танытты. Депутат ретінде де халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру, ана мен бала денсаулығы, мәдениет саласының проблемасы жөнінде мәселелерді көтергені белгілі», – дейді «Достар» мәдениет сарайының директоры Тамара Малько. Айгүл Баубекқызының ұстазы Зоя Авилова да оқушысы жайлы жақсы естеліктерімен бөлісті: – Айгүл – нағыз шығармашылықтың адамы. Студент кезінің өзінде ол өнерге деген құлшынысымен өзгелерден дараланып тұратын. Айгүлдің жақсы маман боларына шүбәсіз сендік. Оны әділ, талапшыл басшы, шебер ұйымдастырушы ретінде мақтан тұтамын. Облыс орталығында ұйымдастырылатын мерекелік шаралардың жоғары деңгейде өтуіне іскер басшының қосқан еселі еңбегін айрықша атауға болады. Адал еңбектің абырой, атақ, бақыт әкелетіні сөзсіз. Әрдайым жауапкершілік жүгін терең сезінетін Айгүл Сәбитова әр жылдарда талай құрмет пен абыройға бөленді. «Қазақстан Республикасы Конституция-сына 10 жыл» (2005), «Астананың 10 жылдығы» (2008), «Қазақстан мәсли-хаттарына 20 жыл» (2014) медальдарымен, «Мәдениет саласының үздiгi» (2012), «Золотая звезда «Балалар үшiн» (2014) төсбелгiлерiмен марапатталуы – ұйқысыз түндер мен тынымсыз күндердің жемісі.
Ол бүгінгі жаңа толқын жас буынға бағыт-бағдар беріп, өнердегі өмірлік тәжірибесімен бөлісіп отырады. – Қазір қай салаға болмасын мемлекет тарапынан жақсы көңіл бөлінуде. Көптеген мәдени мекеме қалпына келтірілді. Өткізіліп жүрген түрлі өнер байқаулары жас таланттардың танылуына жол ашуда. Әрбір сала әрдайым жаңартуды талап етеді. Жаңа шығармашылық адамдар, көркемөнерпаз ұжымдарын, жаңа дарын иелерін тарту бұл саланы дамытудың тың деңгейі болып табылады, – дейді Айгүл Сәбитова. Өзімен әңгімелескен кезімізде де адам баласын бақытқа жеткізетін тек ғана біліктілік, өз жұмысына деген тиянақтылығы екендігін бірнеше рет қайталап айтты. «Ұжымымда тәжірибелі мамандармен қатар креативті,
талантты жастар да аз емес. Бүгінгі жас буын өте белсенді. Олардың білімділігі, жан-жақты, ізденімпаздығы қуантады. Егер жаның қалаған мамандықты таңдасаң, әр ісің жан рахатын сыйлайды. Қашанда қолдау көрсетіп отыратын отбасыма да алғысым шексіз. Хан болсын, қараша болсын, адамгершілік деген асыл ұғымды естен шығармауы керек. Адам адамдығымен биік. Сонымен қатар, әр басшы өз ісінің білгірі, өз саласының кәсіби маманы болуы тиіс. Әркімді ішкі «Мені» жігерлендіріп тұруы керек деп есептеймін. Ішкі түйсігі терең, өзін де, өзгені де бағалай білетін қасиетке ие болса, кім-кім де өз абыро-
йын түсірмейді, – дейді біздің кейіпкеріміз.
Әркім өз тағдырын өзі қалыптастырады. Сондықтан ретсіз сары уайымға салыну өмірге құлшынысты өлтіруі мүмкін. Әр адамның тыныш, бейбіт өмірде оянуы – оның ең бақытты сәті. Көп сөзден мағыналы іс артық. Бұл – Айгүл Баубекқызының өмірлік ұстанымы. Ел мәдениетінің абыройын асқақтатып, өнегесі өрісті өнерімен өрге жүзген, қашанда елге рух сыйлайтын ізгілікті істі жоғары қоятын осындай жанкешті жандар көп болса игі дейсің.
«Көкшетау» газетінің ұжымы атынан Айгүл Баубекқызын мерейлі 55 жасымен құттықтап, ел мәдениетінің одан әрі гүлденуіне, өнеріміздің асқақтауы жолында шығармашылық табыстарыңызбен қуанта беріңіз демекпіз!

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий