Ескерткіш тақтада – Дәуренбек

Жақында өзі ұзақ жылдар тұрып, ғұмыр кешкен Е.Әуелбеков көшесіндегі №149 үйдің қабырғасына марқұм журналист, Ақпарат саласының үздігі Дәуренбек Шөрентаевқа арналып ескерткіш тақта орнатылды.
Тақтаның ашылу салтанатында Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Уақыт Бейсембаев, «Ақмола-Тіршілік» ЖШС-нің директоры Жабал Ерғалиев, ардагер журналист Сайлау Көшкенұлы, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев, ауылдастары атынан Көшек Сәменов сөз сөйледі. Олар Дәуренбек Ақбекұлының 1973 жылы Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіріп келіп «Көкшетау правдасы» газетінен басталған еңбек жолы, қалалық «Көкшетау», облыстық «Арқа ажары» газетіндегі жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары сияқты атқарған қызметтері, еңбекқорлығы, адал жолдастығы жөнінде әңгімеледі.
Расында да, көзіміз көрген Дәуренбек ағамыз қашан болсын жұмысқа ерте келіп, кеш қайтатын. Газеттің ең ауыр бөлімдерінде, «қара жұмысына» білек сыбана кірісіп, ерінбей-жалықпай қызмет істейтін. Жұмыс қаншалық қиын болса да ол айналасына мейірімін төгіп, әзіл-қалжыңын айтып, жұртты жұмылдырып жүретін. Кімге болмасын жақсылық жасауға, қол ұшын беруге дайын тұратын. Тілшіге қажет материал үшін күн-түн демей, қайда болсын баруға даяр еді. Сол мінезінен бе небір спорттық жарыстар дүрмегінен қалмай, оқырманына жарыс күнделігінен шұғыл хабарлар беріп үлгеретін.
Арнайы маманы болған соң да газеттің жоспарлауы, макеті, безендіруінің де шебері болатын. Осындай іскерлігі, өз ісіне алаңсыз берілгендігі, ақкөңіл, ақпейілі үшін оны дүйім жұрт сыйлап тұратын, дос көретін. Бүгінгі қойылған тақта оның сол еңбегі мен жарқын өмірінің куәсіндей.
Тақта лентасын У.Бейсембаев, Ш.Әлиев, Ж.Ерғалиев, марқұмның жары Балжан Мырзахметқызы қиды. Енді әріптесіміз үй қабырғасынан қайнаған өмірге көз тігіп тұратын болды. Журналист әрдайым қайнаған өмірдің ортасынан табылуға тиіс емес пе…
Ескерткіш тақтаны ұйымдастырып, орнатушыларға шын жүректен ақ алғыс.

Серік САПАРҰЛЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий