Естелік тақта – есімін ұмыттырмайды

Әннің әлдиі мен күйдің құндақ бесігінде тербеліп өскен әнші-композитор, қаламгер Кәрім аға Ілиястегінің жүрегі де ән салып тұрғандай көрінетін. Жүзінен нұр тамып, амандасқан жанның бәрінің арқасынан қағып, мейірлене хал-жағдай сұрасып жүретін жақсы аға қазір арамызда жоқ. Көзі тірі болса, биыл 90 жасқа толады екен. Көкшесін сүйіп өткен жанның туған жерін әнге қосып, қайда жүрсе де айтып жүретін әдеті еді. Міне, сол сүйікті Көкшетауында, өзінің тұрған үйіне естелік тақта ілініп, ардақты ағаның есімін ұмыттырмауға тағы бір қадам жасалды.

Айтулы шараны облыстық әдебиет және өнер музейінің ұжымы ұйымдастырды. Кезінде осы рухани ордада өзі қызмет етіп, қаншама құнды мұрағаттарды жинастырған еді. Қазір сол жәдігерлер халық игілігіне жұмыс істеп жатыр. Естелік тақтаның ашылу салтанатына қала әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова қатысып, атқарылып жатқан шаруаның маңызы зор деді. Кәрекеңді естен шығармау қажет. Бұл игі қадам сүйікті өлкесіне ән-жырын арнап, ол туралы толғана жазып, артына мол мұра қалдырған қаламгерге деген құрмет. Кәрім Есмағұлұлы Ілиястегі 1928 жылдың шілде айында Көкшетау облысы, Айыртау ауданы, Сырымбет жанабындағы Алшыбай-Суөткел деген ауылда дүниеге келген. Өлкенің әнші-жыршы, шайырларының өрісті өнері бала Кәрімді әнге әуес, күйге құмар етеді. Атақты Біржан салдың баласы Теміртастың тізесінде отырып, әңгімесін тыңдап өскен қағілез ұлдың домбыраға әуестігін байқап: – Кішкентай көбегенім ақын-әнші болсын, – деп ақ батасын берген екен. Әнге құмар Кәрім өсе келе Үкілі Ыбырайдың туған жиені Тырбидың Молдахметі, арқалы ақын Отызбайдың Шәкенін көріп, әндерін тыңдап, жүздеседі. Алматыда оқыған жылдары Мұхтар Омарханұлы Әуезовтен дәріс алады. Ұлы жазушы Кәрім ағаны «Кішкентай Қоңырым» деп еркелеткен екен. Кәрім Ілиясов Сырымбетте бірер жыл ұстаздық етіп, кейін Көкшетауға қоныс аударғасын жергілікті газет, облыстық радиода журналист болып қызмет атқарады. Кейін әдебиет және өнер музейінде жұмыс істеді. Естелік тақтаның ашылуына жиылған қауым естеліктер айтып, жүрекжарды лебіздерін жеткізді. Ал, әнші Қажыбай Жахин болса, Үкілі Ыбырайдың «Қалдырғанын» құйқылжытып, Кәрім ағаның көрікті Көкшесіне арнаған әндеріне салды. Арқаланған әншінің дауысы көшеде өтіп бара жатқандарды елең еткізді. Көкшенің белгілі тұлғасының екінші өмірі енді басталды делінді шара барысында.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий