Есіл: бастау көзінен тармақтарына дейін

Дәл осындай атаумен Көкшетаудағы облыстық тарихи-өлкетану музейі Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында экология, биология және археология саласы ғалымдарының, табиғатты қорғау мен пайдалану мамандарының басын қосқан экодиалог өткізді.

Ондағы мақсат Есіл өзенін зерттеу мен оның қазіргі және тарихи аспектілеріне назар аудару, «Туған жер» бағдарламасы аясында өлкетану жұмысын жылжыту мақсатында осы тіршілік көзінің ландшафтағы рөлін зерттеу және негізгі мінездемесін анықтау, өзеннің экологиялық жағдайы мен қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне алаңдаушылық тудыру. Оның жұмысына қатысқан «Табиғат» Қазақстан Экологиялық одағы мен кәсіпорындары қауымдастығының президенті Мэлс Елеусізов бүгінгі таңда қоршаған ортаны халықтың өзі ластап жатқанын айтты. Әсіресе, көпжылдық ағаштардың бұталуы, тау жыныстарының бұзылуы, көлдердің тартылуы, теңіздердің лайлануы жайлы үнемі мәселе көтеріліп жүрсе де, оған көңіл аударылмай келеді.

Биология ғылымының докторы, профессор Әбілжан Құсайынов өңірде егістік және жайылым жерлер жайлы айта келе, топырақтың құрғауы, құнарлылығының төмендеуі, егін себу жұмыстарының талапқа сай жүргізілмеуі жайлы әңгіме қозғады. Осының бәрі аймақтың экологиялық жағдайының төмендеуіне әкеліп соғуда. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев ұзындығы 2500 шақырымға жететін Есіл өзенінің бастауын көзімен көріп қайтқанын және оған құйылып, молықтырып отыратын кішігірім өзендерге бөгет жасаудың салдарынан бұл тіршілік көзінің тартылып бара жатқанын айтты. Дәл осындай жайтты Бурабайдағы Шортан көлінен де байқапты. Оның суын толықтырып тұратын Сарыбұлақ өзенінің көзін жауып тастағандықтан, өздігінен тазарып отыратын көл лайлана бастаған. Ғалымның айтуынша, өзенге кесе-көлденең тосқауыл қоюға болмайды, оны тек арықтарға тоғандар салу арқылы ғана жасау қажет. Соңғы жылдары елді мекендерді судың басып кетуі өзендерге тосқауыл қоюдың салдарынан болып жатыр. Осы өрескел қателікті түземесе, қарапайым халық зардап шеге бермек.  Есіл мен Нұра өзендерінің арасында 92 көл бар екен. Алдағы уақытта экспедиция жасап, оларды зерттеу қажет. Қандай көне арықтар, су жиналатын шұңқырлар бар екеніне мән беріп, табиғаттың өзі жасаған   тамашаларына нұқсан келтірмеуге мейлінше тырысу керек. Шарада сөз алған жергілікті мамандар Есіл өзені алабындағы экологиялық жағдайды жақсарту бойынша ұсыныстарын айтып, Солтүстік Қазақстанның су артериясы ретіндегі тіршілік көзін сақтаудың маңызына тоқталып, экологиялық білім беруді жөнге келтірудің пайдасы туралы әңгімеледі. Есіл, Целиноград, Астрахан, Жақсы аудандарының табиғат жанашырлары экомарафонға тікелей желі арқылы қосылып, өз аймақтарында атқарылып жатқан жұмыстарына тоқталды. Шараның модераторы облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаева осындай маңызды экодиалогқа арнайы келген ғалымдарға алғысын жеткізді.

Г. БӘЙІШЕВА.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий