Есіл-Көкше – ән мен жырдың мекені

«Достар» мәдениет сарайында осындай атаумен аймақтық жас ақындар айтысы өтті. Онда Көкшетаудағы Көкен Шәкеев атындағы ақындар мектебі мен Қызылжардағы Ерік Асқаров атындағы ақындар орталығының шәкірттері өзара сайысты. Шара мүшәйра және айтыс аталымдарынан тұрды. Поэзия әлеміне жаңа қадам басып келе жатқан мектеп оқушыларынан бастап, қара сөздің қадірін ұғынып қалған жастар да төл туындыларын оқыды. «Көкшетау» өлеңімен көрермен көзайымына айналған Көкен Шәкеев атындағы ақындар мектебінің шәкірті Жансая Жұмабекова мүшәйра сайысында жүлделі бірінші орынды иеленсе, ақтық мәреде сөз саптауы мен суырып- салмалығымен оза шапқан қызылжарлық Дәулет Құрмаш бас жүлдені қанжығасына байлады.

Аймақтық жас ақындар айтысын Көкшетау қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Сайысқа шыққалы тұрған өрендерді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева мен «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсе басшысы Еркін Исімбаев құттықтап, сәт-сапар тіледі. Еркін Тұрашұлы осыдан 26 жыл бұрын Көкшетау қаласында өткен ақындар айтысын еске алды. Сол кезде қазылар алқасына Көкен Шәкеевтің өзі төрағалық еткені де ұмытылмапты. Көкшетау мен Қызылжар – егіз ұғым. Екеуін бірінен бірін бөліп қарауға болмайды. Ақын-жазушылары мен өнердегі тұлғаларының шығармашылық байланысы ертеден үзілмей келе жатыр. Көкшенің ақтаңгері, осы өңірдегі айтыс өнерінің негізін қалаушы, суырыпсалма өнердің нағыз майталманы Көкен аға Шәкеев өлеңнен өрнек түзген талай жасты қанаттандырды. Ол кісінің батасын алған Баянғали Әлімжанов, Ерік Асқаров, Құдайберлі Мырзабек, Арман Бердалиндер сөз додасының ауылына еркін енген айтыскер ақындарға айналды. Олардың өнеріне тәнті болған жерлестері талай сайыстарына айызы қана қошемет көрсетті. Кейінгі толқын Әлібек Серғалиев, Қуаныш Оспан, Нұрислам Әбділ сияқты жастармен толығып, бүгінде тағы бір буын айтыс әлемінде өзіндік үнін қалыптастырып келеді. Көкшетау мен Қызылжарда ашылған екі мектептің басты ұстанғаны – ғасырлардан өлмей жеткен асыл мұрамызды үнемі жаңғыртып отыру. Жаңа буынмен толықтыру, оларды халық алдына шығару арқылы тәрбиелеу, өзін еркін ұстауына ықпал ету, сөз саптауында қателікке ұрынбауын қадағалау. Осылайша жастар бірте-бірте төселіп, табан астында сөз табуға машықтанады. Бұл жолғы сайыста шикіліктер байқалды.  Жеке басқа тиісу, сынап-мінеу, тіпті шамданып, ашуланып, айтар сөзін ұмытып жатқандар да болды. Мұның бәрі, әрине, жастықтың әсері. Олармен ұстаздары әңгімелесіп, қате кеткен жерлерін айтып түсіндіреді деген сенімдеміз. Бұл жолғы айтысқа Көкен Шәкеев атындағы ақындар мектебінен Сая Тұрсынбекқызы, Думан Самат, Ерден Нұрахмет, Абзал Жұмабек қатысса, Ерік Асқаров атындағы ақындар орталығынан Диас Аяған, Дәулет Құрмаш, Сара Құлахмет және Ақан сері атындағы мәдениет колледжінен Бағзор Ерболқызы қатысты. Өрімдей жастардың өнері көпшілікке ұнады. Олардың арасында кәдімгідей төселіп қалғандары да бар. Дегенмен, сахна мәдениетін ұстану, жастарға тән бірбеткейлік, көңілге қарамау сияқты көзге ұрынып тұратын қателіктері көрініп жатты.

Көкен Шәкеев пен Ерік Асқаровтың жылы жүздесуіне құрылған шағын көрініс айтыстың шымылдығын түрді. Онда Жаңарқада өткен сөз додасынан жеңімпаз болып оралған жас ақынның өзінің ұстазына сәлем бере келген сәті суреттелген.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, мүшәйра және айтыс аталымдарына бөлінген сөз додасы бойынша сайысқа жас ақындар кезектесіп шығып отырды. Олардың арасында мектеп оқушылары да бар. Ермек Жүмин жүрекке арналған өлеңін оқыса, Жансая Жұмабекова сүйікті қаласы Көкшетауын жырға қосыпты.  Бала ақынның «Сарыарқа – жүзіктей, Көкшетау – гауһары» деген өлең жолдары әдемі өрілген екен. Өзінің жыр шумақтарын оқыған Көкен ата мектебінің оқушылары Қарашаш Ұғылан, Дамир Бақытжан және Ерік ақын орталығының шәкірттері Жарқанат Қинаухан, Абылайхан Әшімханұлының өлеңдері тәп-тәуір-ақ.

Айтыста қыз бен жігіт айтысының үлгісін көрсеткендердің қатарында Дәулет Құрмаш пен Бағзор Ерболқызы бар. Бағзордың: «Алдарыңа ақын қызың келіп қалды, Қыз Жібек пен Сараның сынығындай» деген сөзіне, Дәулеттің: «Жібектің сынығындай деп отыр ғой, Төлегендей бриллианттың бүтінімін» деген жауабы үйлесе кетті. Сол сияқты Диас Аяған мен Сая Тұрсынбекқызының айтысында жігіттің: «Өзіңмен 3-ші рет шыққанда, 3-ші жұртымды тапқандаймын» деуі де сөз тауып кетуі. Осы жұптың айтысы нағыз суырыпсалмалық өнердің көрінісі болды. Екеуі қағытпа, қалжың аралас табан астында бір-бір шумақпен қарсыласы сөзін аяқтамай жатып, бастырмалата сайысқаны көрерменге ұнады. Жігіттің сөз салуы, қыздың ұяңдықпен, бірақ нақты да кесімді жауаптары көңілге жақты. Абзал Жұмабек пен Сара Құлахметтің айтысы аздап үйлесіңкіремегендей болды. Жігіттің өзін қашық ұстауы, Сараның қазақтың қызына тән жұмсақ дауыспен емес, қатты үн қатуы да жарасымды шықпады. Абылайхан Әшімханұлы мен Бақытжан Дамирдің, Думан Самат пен Ерден Нұрахметтің айтыс-тары  заманауи үлгідегі сөз саптауларымен ерекшеленді.

Қазылар алқасы ақтық мәреге Абзал Жұмабек пен Дәулет Құрмашты лайық деп таныды. Қос ақынның да жастық албырттықпен жүлдеге таласуы қызықты шыққанымен, бо-йын ашуға алдырған көкшетаулық Абзалдың ұйқасын келтіре алмай, тұтығуы сахна мәдениетін әлі де меңгермегендігін байқатты. Қызылжарлық Дәулет жымиып отырып-ақ, байсалды да байыпты қалыппен қарсыласын қапы қалдырды.

Жергілікті ақын-жазушылар, әдебиет-шілерден құралған қазылар алқасы шешім шығарып, мүшәйра аталымы бойынша 3-ші орынды Ермек Жүминге, 2-ші орынды Жарқанат Қинауханға берді. Ал, айтыс аталымы бойынша 3-ші орынға Думан Самат, 2-ші орынға Абзал Жұмабек лайық деп танылды. Айтыс пен мүшәйрада бағын сынаған барлық жас ақындарға Алғыс хаттар мен «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігі атынан ұлттық нақыштағы сыйлықтар тарту етілді.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий