Есімі ұмытылмас Еркеш ақын

Көкшетаудағы қазақтың талантты ақыны Еркеш Ибраһим тұрған Ш.Құдайбердіұлы көшесі, 30 үйге ескерткіш-тақта орнатылды. Ескерткіш лентасын Көкшетау қаласының құрметті азаматы, белгілі жазушы Төлеген Қажыбай, ардагер журналист Рүстем Бермағамбетов, Көкшетау қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Досбол Сағындықовтар қиды. Ақан сері атындағы мәдениет колледжінде ақынды еске алу кеші өтіп, ақын рухына құран бағышталды. Шараға көкшелік ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері қатысты.

М.Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхана жанынан құрылған «Алтын Арқа» ақпараттық-ағартушылық  орталығы 2016 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Жетекшісі ақын Серік Жетпісқалиев. Бұл осы орталық өткізіп отырған оныншы шара екен.

– Еркеш Ибраһим Көкшетауды ең көп жырлаған, елімізге аты кеңінен мәлім ақын, журналист. Оның шығармашылығын насихаттау, қыры-сырын жеткізу бізге міндет. Ал, осы жолғы шараның өтуіне ел ағасы Мұрат қажы Ыдырысов ағамыз ұйытқы болды. Ол кісіге Төлеген Қажыбай айтқан екен. Ескерткіш-тақтаның орнатылуы, сол күні алпыс студентке қайырымдылық ас берілуіне облыс әкімінің орынбасары Асқарбек Үйсімбаев жәрдемдесті, – дейді Серік Сапарұлы.

Еркеш ақын тұрған екі қатарлы үйге қойылған ескерткіш-тақтаның лентасын жазушы Төлеген Қажыбай, журналистика ардагері Рүстем Бермағамбетов, Көкшетау қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Досбол Сағындықовтар қиды. Одан соң Ақан сері атындағы колледжде еске алу кеші өтті. Кешті Д.Сағындықов құттықтау сөз сөйлеп ашты. Қонақтарға ақынға арналған кітап көрмесі таныстырылып, журналист Гәкку Бәйішева дайындаған «Еркеш елдің еркесі еді» атты деректі фильм көрсетілді, кітапхана әзірлеген «Сенде дейді бір халықтың намысы» деп аталған электронды басылым ұсынылды. Кеш қонақтары Т.Қажыбай, Р.Бермағамбетов, А.Ыдырысов, Д.Сағындықов, М.Рахымжанова, М.Қопабаевтар Еркеш Ибраһим жөнінде естеліктер айтты. Ж.Мусин атындағы педагогикалық колледж, кеш өткен мәдениет колледжінің студенттері ақын өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Облыстық филармонияның әншілері Ғазиза Жұмекенова, Сәрсенбай Хасеновтер, оқу орнының  «Наз қоңыр» тобы ақын өлеңдеріне жазылған Шәмші Қалдаяқов, Бақытжан Сәуекенов әндерін орындады.

Шараның тағылымды, мазмұнды өтуіне облыстық кітапхананың Махаббат Ивахина басқаратын ақпараттық-библиографиялық бөлімі, оның Баршагүл Шәріпова, Аида Амангелдинова сияқты қызметкерлерінің көп еңбек сіңіргенін айта кету ләзім. Жиын соңында С.Жетпісқалиев белсенділік танытқан студент-жастарға «Алтын Арқа» орталығының Алғыс хаттарын табыс етті.

Асхат Шәріпбаев.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий