Еңбегіне қарай ақы алмақ

Көкшетауға жұмыс сапарымен келген Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің мемлекеттік қызметшілердің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау бойынша жұртшылықпен байланыс департаментінің директоры Арман Бердалин биылдан бастап қолға алынған пилоттық жоба бойынша әр мемлекеттік қызметшіге жаңа талаптар қойылады деді. Яғни, жүктемесі түрлі бола тұра, жалақыны бірдей алатындар бұдан былай еңбегіне қарай ақы алмақ. Сапар барысында Агенттік өкілі Сандықтау, Зеренді аудандарында болып, Көкшетаудағы медиа орталығында, қалалық әкімшілікте, оқу орындарында кездесу өткізді.

Оған қатысқан мемлекеттік қызметшілер, қоғамдық ұйымдар, БАҚ өкілдері мен студенттер өздерін қызықтыратын сауалдарын жолдады. Арман Бердалин мемлекеттік қызметшілер үшін сынамалы тәртіппен еңбекақы төлеудің жаңа жүйесін енгізу, мемлекеттік қызметтерді электронды үлгіге
ауыстыру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және әдеп қағидаларын сақтау туралы айтты.
Агенттіктің басты ұстанымы – мемлекеттік қызметшінің жаңа моделін қалыптастыру. Оның халық алдындағы беделін көтеру, тіпті қорғау. Биыл «Б» корпусының 67 мың мемлекеттік қызметшісі аттестациядан өтіп, 4851 адамның лауазымы жоғарылаған. Оның 80-ге жуығы ақмолалықтар. Биылдан бастап еңбекақы төлеудің жаңа жүйесіне көшу қолға алынды. Бұрын орталық мемлекеттік аппарат мамандарының жергілікті әкімшілік қызметшілерінен жалақысы жоғары болатын. Енді жаңа жүйе бойынша құзірет деңгейіне, атқарып отырған жұмыс ауқымына, күрделілігіне қарай төлене бастайды. Яғни, «тиімді қызметшілер» ерекше бағаланбақ. Оларға, тіпті 4 лауазымды еңбекақыға дейін төленетін болады. Егер пилоттық жоба сынамадан өтсе, қабылданады. Биыл мемлекеттік қызметшілерді конкурс-тан тыс тағайындаулар 18 есеге азайған. Агенттік басқару жүйесін дамыту үшін «Үздік мемлекеттік қызметші» байқауын жариялады. Оған қатысып, өзін жақсы көрсете алғандар Елбасының қабылдауында болып, лайықты марапатталмақ. Сондықтан мүмкіндікті қолдан жібермеу керек.
2017 жылдан бастап сандық технологияға көшу жұмыстарына Агенттік те үн қосты. Қазір 746 мемлекеттік қызметтің 447-сін электронды түрде алуға болады. Агенттік 100 пайыз қағазбастылықтан арылуға көшіпті. Соның бір айғағы – мемлекеттік қызметшілердің copybook қойын кітапшасының қолданысқа енгізілуі. Онда әдеп, мінез-құлық ережелер жадынамасы қысқартылып берілген. Мұндай қойын кітапшалары Индонезия, Америка, Грузия елдерінде қолданылып жүр. Агенттік жеке қызмет куәліктерінен бас тартып, заманауи ID карталарға көшіп жатыр. Ол өте ыңғайлы, әрі арзан. Онда мемлекеттік қызметшінің фотосуреті, аты-жөні анық көрініп тұрады. Қарапайым халық та кіммен сөйлесіп тұрғанын біледі. Бұл магнитті карталармен ғимараттарға еркін кіре бересіз. Шетелден алынған үлгінің тиімділігін уақыттың өзі көрсетеді. Сыбайлас жемқорлықтың жолын кесу мақсатында «Атамекен», «Нұр Отанмен» тығыз байланыс орнатылған. Қоғамдық ұйымдармен бірлесе құрылған мобильдік топтар да өз көмегін тигізіп отыр. Сондай-ақ, адал еріктілерден құралған 6 мыңнан астам топқа 9 мыңға жуық жастар енген. 800 мыңнан астам адамға 10 мыңға жуық түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту мақсатында Агенттіктің ұйымдастыруымен барлық облыстардың тілдерді дамыту басқармаларының басшылары нау-рыз айында Астанада бас қосып, осы өзекті мәселені талқыламақ. Бір шешімге келіп, Үкіметке хат жолданбақ. Содан ары қарай қазақ тілін мемлекеттік қызметке етене енгізу шаралары қолданыла бастайды. Агенттік жұмысы ашықтыққа құрылған. Оның төрағасы Алик Шпекбаевтың Фейсбук, Телеграмм әлеуметтік желілерінде жеке парақшасы бар. Кез келген адам соған тіркеліп, өзінің сауалдарын жолдап, жауап ала алады. Сондай-ақ, «1424 жедел байланыс желісі» жұмыс істейді. Өз өңіріңізде сыбайлас жемқорлық әрекеттері немесе орын алған заңсыздықтар жайлы қоңырау шалуыңызға болады. Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік қызметке баю үшін емес, мемлекетті байыту үшін келу керек. Жастардың да санасына соны сіңіргені абзал. Мемлекет қазынасына қол сұққандардың өмірін темір тордың арғы жағында өткізіп жатқаны жайлы бейнефильм де көрсетілді. Өзінің болашағын мемлекеттік қызметпен байланыстырғысы келетін студент-жастар да көп мағлұмат алып тарасты.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий