Еңбегінің нәтижесі

Қазіргі таңда нәзік жандылардың қоғам өміріне араласып, мін-деттелген жұмысты абыроймен атқарып жүргенін байқауға болады. Ал, ол егер бұқара халықпен байланысты болса, жауапкершілік жүгі арта түседі. Көкшетау қаласында бірнеше мемлекеттік қызметтерде бел шеше еңбек ететін нәзік жанды арулар бар. Солардың бірі – Дина Уақытқызы. Ол өзінің еңбек жолын ұстаз болудан бастаған. 2009 жылы Бережной атындағы Келлер орта мектебінде тарих пәнінің мұғалімі болып, шәкірттерге тәлім-тәрбие берген. Талай шәкірттердің жолын ашып, үлкен өмірге бағыттаған. Қазіргі таңда Ақмола облыстық мәдениет басқармасында қызмет етіп жүр.
Дина Бейсембаева еліміздегі іргелі оқу орындарының бірі М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің түлегі. Мәдениет саласына келгеннен бері ауыз толтырып айтарлықтай көптеген нәтижелерге қол жеткізген. Сан мәрте қала игілігіне жасалған жұмыстары мен мәдениет саласының дамуына қосқан үлесі үшін түрлі марапаттарға ие болған. Айта кетсек, «Қоғамдық және саяси тұрақтылықты нығайтуға қосқан үлесі үшін, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік мерекесі күніне орай, мемлекет игілігіне жасалған лайықты қызметі үшін» Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың алғыс хатымен марапатталған. Бұл Дина Уақытқызының Көкшетау қаласының мәдениет саласын дамыту мақсатында тынымсыз еткен еңбегінің жемісі деп білеміз. «Осы күнге дейін қаламыздың келбеті айшықталып, көркейе түсті. Одан әрі де облыс орталығын көркейте түсу жолында жұмыс істейтін боламын. Бұл менің туған қаламызға деген сүйіспеншілігімнің көрінісі», – дейді Дина. Қандай тапсырма болса да, тиянақты әрі жылдам атқаруға тырысатын ол осы күнге дейін көптеген шараларды ұйымдастырып халықтың ризашылығын алған. Атышулы індет елімізге келген уақытта көптеген мемлекеттік мекемелер қашықтан жұмыс атқарса, мәдениет бөлімінде жұмыс керісінше екі есеге ұлғайған. Оған өңірімізде бастау алған іс-шаралар және онлайн түрде өткен байқаулар дәлел болмақ. Айта кетсек, Дина Уақытқызы «Ұлттық ономастика – ел айнасы» республикалық байқауына командамен қатысып, жүлделі ІІ орынға ие болған. Сонымен қоса, өңірімізде Мемлекеттік Туымыздың мәртебесін көтеру мақсатында «Мен туымды мақтан етемін» атты шараны өз қолына алып, қала азаматтарының патриоттық сезімін оятуға бел буған. Нәтижесінде тұрғындар қолдан келгенше көмек көрсетіп, туды биікке көтеруге қадам жасады. Шын мәнінде мұнда талай еңбек жатқанын бірі білсе, бірі білмес. Ал, күнделікті өмірде Дина кітап оқып, ән тыңдап, бос уақытын тиімді өткізуге тырысатын жан. Өнерге жақын жандармен араласқан сайын әрі мәдени-көпшілік шаралардың бел ортасында жүргендіктен, өзі де сол саламен біте қайнасып кетті. Ендігі өмірін мәдениет пен өнерсіз көзге елестете алмайды.

Айғаным АСЫҒАТОВА.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий