Еңбегі елге ұсынылды

 

Мәлік Ғабдуллин мұраларының 11 томдық жинағы жарық көрді.Жинаққа ғалым, академиктің бұған дейін жарияланған ғылыми, этнопедагогикалық мақалалары, очерктері, сондай-ақ, Мәлік Ғабдуллин музейі қызметкерлерінің көпжылдық ғылыми-зерттеу еңбектері енгізілген. 11 томдық жинақтың тұсаукесер рәсімі Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында өтті. Салтанатты шараға облыс әкімі Мәлік Мырзалин арнайы қатысып, тұсаукесер рәсімін өткізді. Айта кету керек, жинақтардың жарыққа шығуына өңір басшысы тікелей мұрындық болды. Жинақ халықаралық Қазақ ПЕН-клубының президенті Бигелді Ғабдуллиннің жетекшілігімен Алматыдағы «Идан» баспасында 1 000 тиражбен басылып шықты.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде этнопедагогикалық және әдеби мұраларын насихаттау мақсатында жүзеге асырылып отырған жоба батырдың шығармашылығын дәріптеу арқылы жас-тар бойына отансүйгіштік рух, патриоттық сезім ұялату, сонымен қатар мәдениет саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға септігін тигізеді», – деді аймақ басшысы өз сөзінде. Іс-шараға батыр Мәліктің қызы Майдан Үсенова, немересі Мәдина Бәтпенова, өзге өңірлерде тұратын туған-туыстары және кіндік қаны тамған Қойсалған ауылынан ағайындас бауырлары келіп қатысты. Өзінің сөзінде Майдан Мәлікқызы халықтың ұлына айналған әкесі жайлы айтар әңгімесі таусылмайтынын жеткізді. «Мен қарапайым қазақтың қызымын, бірақ маған осындай ұлы тұлғаның отбасында дүниеге келу бақыты бұйырды. Әкемнің мейірімді жүзі көз алдымда. Түні бойы тапжылмай қалам мен қағаздан қол үзбей еңбектенгені міне, бүгін бірнеше жинақ болып халықтың қолына тиді. Мен сол үшін өзімді бақытты жан санаймын. Өзінің туған перзентін көкке көтеріп, есімін ұлықтап отырған көкшеліктерге айтар алғысым шексіз», – деп толқи сөйлеген Майдан Мәлікқызының сөзіне толқымаған жан қалмады.

Батыр Мәліктің шығармаларын жинастыру жұмыстарын алғаш қолға алған музейдің бұрынғы директоры Мәриям Кенжеахмет болатын. Алматыға арнайы әскери ұшақ жалдап, ғалымның жеке кітапханасын, қолжазбаларын осында алып келіп, әр құжатын көздің қарашығындай сақтап, музейінің экспозициясын ретке келтіріп, бәрін рәсімдегенше тыным таппағаны да осы шара барысында айтылды. Әдебиетші Сәбит Жәмбек осы істің басы-қасында болғанын айта келе, әр томға не енгізілгенін түсіндірді. 11 томдық жинақтың алғашқы 4 томына қазақтың ауыз әдебиетінің жауһарлары, фольклор жанрындағы шығармалар, айтыстар енгізілген. 5-ші том батырлар жырынан тұрады. 6-шы, 7-ші және 8-ші томдарға мектепке арналған әдебиет оқулығындағы шығармалар топтастырылған. Қалған томдарына ғалымның публицистикалық мақалалары, әңгімелері, азамат ретінде тұлғасы айқындалатын жазбалары жинақталған. Академиктің әдеби сын, әдеби зерттеу еңбектері де бар. Оларды алдағы уақытта тағы бір жинақ етіп құрастыру міндеті тұр делінді шара барысында.

Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры Құдайберлі Мырзабек осы кітаптардың жарқырап қолымызға тигенінің өзі біз үшін үлкен қуаныш деді. Жинаққа жетекшілік еткен Бигелді Ғабдуллин бұл келер ұрпаққа қажет аса құнды дүние дей келе, Қазақ ПЕН-клубының ұйытқы болуымен ақын Мұқағалидің кітабы ағылшын тіліне аударылғанын айтып, биыл жерлесіміз Сәкен Жүнісовтің «Аманай мен Заманай» романы да ағылшын тілінде оқырманына жол тартатынын жеткізіп, көпшілікті қуантты.

Жазушы Жабал Ерғалиев, ардагер-ұстаз Тельман Мұқышев, аудармашы Ғосман Төлеғұл, еңбек ардагері Мейрамбек Қиықовтар ғалым мұрасының көкшеліктермен қауышып жатқанына шүкіршілік етіп, кеуделерін қуаныш кернеп тұрғанын жасырмады. Бірі батыр Мәлікпен шахмат ойнап, әсерлі әңгімесін тыңдағанын айтса, енді бірі туған топырағы Қойсалғанды әдеби ордаға айналдыру туралы ұсыныстарын жеткізді.

Тұсаукесер шарасында облыс әкімі Мәлік Мырзалин ғалымның кітаптарын еліміздің кітапханаларына, өңірдің 386 кітапханасына, жоғары оқу орындарына, мектептеріне және тағы басқа мекемелерге салтанатты түрде сыйға тартты. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында «Мәлік Ғабдуллин – қазақтың Оқжетпесі» альбом-кітабын,  «Сал-серілер кітапханасы»  жобасын жүзеге асыру жоспарлануда.

                                                       «Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий