Еңбек пен демалысты ұштастырып…

«Балалар мен жасөспірімдерді еңбекке баулу, демалысын ұйымдастыру және сауықтыру» мақсатында №6 орта мектеп-лицей шәкірттері жазғы каникулдарын мәнді өткізуде. Мұнда мектеп пен отбасын, жұртшылық пен мәдениет және денсаулық сақтау мекемелерінің арасында тығыз ынтымақтастық байланысты нығайту, шәкірттердің қабілеттерін шыңдау жағы толығымен қарастырылған.

№6 орта мектеп-лицей директоры Айшолпан Самбаеваның айтуына қарағанда, «Жаз-2018» кешенді бағдарламасы шәкірттердің танымдық, спорттық-сауықтыру, еңбекке баулу қабілетін шыңдауға бағытталған. Сол себепті жазғы каникул кезінде атқарылар жұмыстар нақты айқындалыпты. Мәселен, «Солнышко» жазғы алаңында екі маусым бойынша 350 оқушы қамтылмақ. Ал, мектеп жанындағы учаскеге гүл отырғызып, жасыл желекті күтумен 59 шәкірт айналысуда.

«Туған жер» бағдарламасы аясында шәкірттерді отансүйгіштікке баулитын «Пленэр – оқушыларға арналған жазғы оқу» үйірмесі жұмыс істеуде. Ондағы мақсат – табиғаттың тылсым сырын балалық сезіммен түсінудегі шәкірттің шығармашылық қабілетін дамыту. Яғни, әр оқушының туған өлке табиғатына деген шынайы көзқарасын, мақтанышы мен сүйіспеншілігін емін-еркін білдіруге мүмкіндік жасалмақ. Дәлірек айтсақ, олар «Жұмбақтас» пен «Оқжетпес» және Көкшенің басқа да әсем жерлерін қылқалам арқылы мүсіндеп, мектеп ішін безендіретін болады. Шілде-тамыз айларына жоспарланған іс-шаралар шеңберінде тәуелсіз Қазақ елінің жаңа Елордасы – Астананың 20 жылдық мерейтойына арналған еңбектердің байқауы өткізілмек. Бұл байқаулардың біразы «Ұлттың алтын қоры» жобасы аясында жүзеге асырылмақ.

Туған өлкенің құпия сырына тереңірек қанығып, оның байлығын жанашырлықпен қорғауда «Палаталы лагерь» бағдарламасының тигізер пайдасы көп. Ол шәкірттердің туризммен жан-жақты айналысуына мүмкіндік жасап, туған өлкенің тарихымен жақынырақ танысуға, түптеп келгенде шеберлікті шыңдап, денсаулықты жақсартуға даңғыл жол ашпақ. Салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында тамыз айында спорт және дене тәрбиесін кеңінен насихаттауға арналған қызықты шара өткізу жоспарланған. Сонымен бірге осы айда оқушылардың сөз сөйлеу шеберліктерін шыңдауға, шетел тілін үйренуге бағытталған шара өткізіледі. Осы мақсаттар үшін ІТ клубы жұмыс істейтін болады. Ал, қала шетіндегі «Чайка» балалар-сауықтыру орталығында №6 орта мектеп-лицейден 25 оқушы демалатын болады.

Асхат ШӘРІПБАЕВ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий